ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ ЖАҢҒЫРЫП

Өткен демалыс күндері облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев бір топ атыраулық соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, Президенттің құттықтау хатын, сыйлықтарын табыстады.

«Ер есімі ел есінде жаңғырып, ешқашан ұмытылмайды». Осыны айтқан Сәлімжан Жұмашұлы елге аман оралған ардагерлердің қатары бүгінде сиреп бара жатқаны жанымызға бататынын, ал, көзі тірі аңыз аталарымыздың қандай құрметке де лайық екенін жеткізді. Тоқсаннан асқан соғыс және мұнай өндірісінің ардагері Құрманбай Досымбетұлы Елбасының атына өз алғысын білдіріп, өмір жолынан қысқаша сыр шертті. «1942 жылы 15 мамырда мені жұмыс орнымнан әскер қатарына алып кетіп, Гурьев жаяу әскер училищесінде алты ай оқытты. 19 жасымда Сталинградта 35-гвардиялық дивизияның 101-гвардиялық атқыштар полкіне пулеметші боп орналастым. Сталинград қорғанысынан кейін ІІ Украина майданы, 884-артиллериялық полкке 120-миллиметрлі зеңбіректің нысанашысы болдым. Днепрді азат етуге қатысып, 1943 жылы жарақат алдым. Сөйтіп екінші топ мүгедегі боп балдақпен елге оралған болатынмын. Мұнай саласында тер төгіп, бес бала тәрбиелеп өсірдім. Бүгінде солардың қуанышына бөленіп отырмын. Біз көрген ауыртпалықты ұрпағымыз көрмесе екен», – деді ардагер.

«Фронтовичка» ардагерлер хорында ән салатын Александр Погадаев та жергілікті басшылықтың үздіксіз қамқорлығына ризашылығын білдірді.

– Үлкенін сыйлап, құрмет көрсету былай тұрсын, жас ұрпақтың ардагерлерге деген ыстық ілтипаты мен ерекше көзқарасы біздердің Отан алдындағы қасиетті борышымызды адал атқарғанымыз үшін берген бағасы, жаудырған алғыстары деп білемін. Соғыс қанша сұрапыл болғанымен, менің жарқын күндерге, Ұлы Жеңіске деген үмітімді еш сөндіре алған жоқ, қайта жігерлендіре түсті. Қанды шайқастан үйіме аман оралғаныма шүкіршілік етіп, қалған өмірімді адал еңбекке, ел алдындағы абыройлы қызметке арнадым. Төтенше жағдайлар департаментінде атқарған осынау көп жылғы жұмысым басшылық тарапынан жоғары бағаланып, «Құрметті ардагер» атандым. Бүгінде Елбасының құттықтау хатын қабыл алып, балаша шаттанып отырмын, – деді ол. Сонымен қатар, соғыс ардагерлері Иван Отрошко, Савелий Голота да осындай пікірде болып, Елбасына ең ізгі тілектерін арнады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз