БОРАН БАТЫР СОҚПАҚТАРЫМЕН…

Ұлы Жеңіске – 70 Жыл

Міне, бүгін Жеңістің 70 жылдық мерейтойына тура төрт күн қалғанда өмір бойы көкірегінде арман боп ұялаған мақсатты сапарына шығудың сәті түсті. Бұл оның сонау майдан даласында, Ресейдің Орлов облысы, Покров ауданы, Лески деревнясында ерлікпен қаза тапқан атасының басына барып, құлпытасы мен қаза болған орнын көрсем деген жүрекжарды арманы болатын. Осы сапардың тек Кенжебай ғана емес, бір Аллаға сыйынып осы жолға шыққан қай-қайсысымыз үшін де маңызы зор екені сөзсіз. Өйткені, бұл батыр бабамыз – жау дзотының күлін көкке ұшырып, Отан алдындағы парызын жанымен өтеген асыл боздақ Боран Нысанбаев еді. Ал, Кенжебай Боран батырдың Ибат атты інісінің ұлы болатын.

… Жеті кісілік жеңіл көлікте төрт адамбыз. Рөлде Кенжебай, қасында оның немере ағасы, біздің жол бастаушымыз, осы сапардың ұйытқысы Оңдасын Нысанбаев, артқы орындықта олардың құдасы Болат аға екеуміз.

Екі тәуліктей жол жүріп, Қазақстанның жалпақ даласын артқа тастап, ойлы-қыратты, орманды келген орыс жеріне де жеттік. Нағыз қан майданның ізі қалған Орлов облысына табан тіредік. Осы облысқа қарасты Покров ауданының Дросково деревнясына жақындағанда жол үстінде түрлі қызықты әңгіме өрбітіп келген Кенжебай мен Оңдасын ағамыз үн-түнсіз қалды. Оларды үнсіз қалдырған іштегі сартап сағыныш пен толқу екенін сездім. Кенет осы тыныштықты жолымызға бұрыш шамын жағып келіп тоқтаған машина бұзды. Оңдасын аға: «Бұл бізді күтіп алуға келген дросковтықтар», – деді.

Бізді Покров аудандық әкімшілігінің басшысы Андрей  Решетников, аудандық әкімшілік іс басқармасының бастығы Алексей Кустов, кезінде Боран батыр жөнінде көп зерттеу жұмыстарын жүргізген тарихшы Александр Матвеевич Акулининжәне жазушы, өлкетанушы Александр Полынкин қарсы алып, Дросково мектебіне бастап жүрді. Ол жерде бізді қарақұрым халық қошеметпен күтіп алды. Мектеп директоры МихаилВалентинович Ретинский бастаған бүкіл мұғалімдер мен оқушылардың кездесуге алдын ала дайындалғандары көрініп тұр. Бұлардың ішінде Покров аудандық «Сельская правда» газетінің тілшісі Николай Шалимов та бар екен. Ол бізді қайта-қайта фотоға түсіріп, сұрақтарын қойып, зыр жүгіріп жүр. Біз келердің алдында бір апта бұрын бұл жаққа Индерден делегация келіп кеткен екен. Олар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев, Көктоғай ауылындағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлайым Шабдырова мен оқушы Перизат Әбдірахманова және журналист Сүйеу Халықов болатын. Олар да бабамыздың басына барып, гүл шоқтарын қойып, батырға тағзым етіпті. Мұны Николай Шалимов өз газетіне шығарып та үлгерген.

Мектеп ауласындағы Боран бабамыздың ескерткішіне келдік. Жан-жағына гүл егіліп, азагүлдер мен гүл шоқтары қойылыпты. Дәл осы кезде Оңдасын аға көңілі толқып, әңгімеге араласпады. Үнсіз терең ойға шомды. Ескерткіштен көзін алмай қарап, Боранның өткір көзіне, тік кеудесі мен сұсты келбетіне тамсанып, «Қайран бабам, болмысың жай солдат емес, нағыз батырға тән-ау», – деді даусы дірілдеп.

Осыдан соң Лески деревнясындағы батырдың жерленген жеріне бардық. Ол жерде мәрмәр тастан қашалған батыр құлпытасы тұр. Боран атамыз тап осы жерде немісті жарып жіберіп, өшпес ерлікпен қаза тапқан. Тарихшы А.Акулининнің айтуынша, осы төбеге жайғасқан фашистер сайдың ішіндегі біздің әскерлерге бас көтертпей оқ жаудырған. Сол сәтте Боран батыр беліне бірнеше граната байлап, етбеттеп жүріп, сай қырқасындағы жау дзотына кіріп, гранатаны іске қосады. Осылайша өз жанын қия отырып, дзотты жойған Боранның ерлік әрекетінен соң қалған жауынгерлерге жол ашылып, олар «уралап» алға жүгіреді. Ал, бүгінде бұл жерде алапат қанды майдан болды дегенге көз сенбейді. Лескидің тұрған жері тамылжыған табиғаттың нақ өзі. Құстардың әсем шырылы мен мамыражай тіршілік. Төбеден күн шуағы төгіліп, сайдан қоңыр салқын майда самал еседі. Ал, қырат беткейдегі атамыз Боранның құлпытасы осынау мамыражай тірліктің кімнің арқасында келгенін, кімдерге бас иіп өтуіміз керектігін еске түсіріп тұрғандай.

Құран оқылғаннан кейін құлпытас тұрған қабір үстіне Ондасын аға мен Кенжебай Боран батырдың туған жері Қаңбақты құмынан (Индер ауданы) арнайы әкелген топырақты септі. Бұл өзі жанарға жас алдырған ғажап сәт болды. Бабамыз жан қиған жерді басып тұруымыз біздің де жанымызды қатты толқытып, сөзбен жеткізгісіз тебіреністі сезімге бөледі. 

Одан соң бізді ауданның арнайы өкілдері осы арадан бес шақырымдай жердегі Верхний Жерновец деревнясындағы Боран Нысанбаев атындағы мектепке алып барды. Бұл жерде мектеп директоры мен мұғалімдер бізді асыға күтіп отыр екен. Осыдан елу жыл бұрын Покровтан Индерге барған делегация құрамында болған жас пионер Надежда Удодты да осы жерден кездестірдік. Қазір зейнетке шығып, мектепте жұмыс жасап жүрген көрінеді. Мектептің ішінде шағын жиын болды. Қабырғаларға батырдың суреттері мен  жергілікті ақындардың оған арнап шығарған өлеңдері ілініпті. Жиында сөз сөйлеген тарихшы Александр Акулинин Боранның әрқашан ел есінен өшпейтінін, бұл жердің жұрты оны әрдайым құрмет тұтатынын айтып өтті.  

Ертесі күні Орел қаласына жол тарттық. Орелдың музейі соғыстың көне жәдігерлеріне бай екен. Музей директоры Сергей Широков Орел қаласының тарихы мен орелдықтардың Отан соғысындағы ғажайып ерліктерін айтып берді.

Қалада шейіт болған боздақтарға арналып жасақталған үлкен ескерткіш тақта ерекше назар аударады. Мұнда  Орел облысында қан кешкен бүкіл боздақтардың есімдері жазылған. Араларында Боран батырдың да есімі мен тегі жазылыпты. Осы сәтте тағы да кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді.

Музейден шығып, Орелдың тағы да басқа тарихи орындарына бардық. Әуелі қаланың орталығындағы танк алаңына келдік. Осы жерге Оңдасын аға жеңістің 40 жылдығында келген екен. Ол кезде бұл маңда алып стелла болыпты. Қазір бұл маңға танк қойылған. Жанындағы тас тақтаға Жоғарғы Бас қолбасшы И.Сталиннің қаланы азат еткен күні шығарған бұйрығы ойып тұрып жазылыпты. Жазбада Бас Қолбасшы қаланы азат еткен жауынгерлерге алғысын білдіреді. Содан соң дәл сол күні Мәскеуде соғыс басталғалы алғаш рет отшашу атылды. Осылайша, 1943 жылдың 19 қыркүйегі күні Орелда Отан соғысының тарихындағы тұңғыш әскери парад болады. Оған Орлов облысының аумағында құрылған партизан құрамалары қатысады. Осының бәрінде бізді жазушы Александр Полынкин ертіп жүрді. Ол да бізді Орлов майданының тарихына біраз қанық қылды. Үлкен әсер алған біз Дросковоға көтеріңкі көңілмен оралдық…

Сөйтіп, көптен күткен мерекеміз 9 мамырға да жеттік. Бұл күні Дросковоның Жеңіс саябағында үлкен жиын болды. Бүкіл ауыл ардагерлері сол жиынға қатысты. Осы сәтте бізге атыраулық суретші Әділқайыр Жантасовтың Боран бейнесін сомдаған картинасын Дросково мектебіне табыс етудің реті келді. Оңдасын аға мен Кенжебай жиында тебіреніске толы сөз сөйледі.

– Құрметті ардагерлер, покровтық бауырлар! Боран батыр ұрпақтары мен жерлестеріне деген ыстық ілтипаттарыңыз үшін зор алғыс сезімімізді білдіреміз. Отан үшін қан майданда от кешкен ардагерлерімізге әркез тағзым етеміз. Батыр ағамыздың даңқын асырып, оның ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі қылып отырғандарыңыз үшін сіздерге бек ризамыз. Біз де сіздерге өз тарапымыздан бір бағалы рухани сыйлық ала келдік. Ол – атыраулық талантты суретші Әділқайыр Жантасовтың қаламынан туған Боран батырдың суреті, – деп толқи сөйлеген Оңдасын аға мектеп директорына аталған суретті салтанатты түрде табыс етті.

Бізді сапардан қайтарда тағы бір жайт қатты толқытты. Қаладан шыға берер тұстағы Орелдың үлкен әріппен жазылған атауының қасына суретке түспекші болдық. Сөйткенше, қасымызға елпеңдеп жүгіріп, орыстың егде тартқан жігіті келе қалды. Көзінен мөлдіреген жас байқалды. «Сіздер қазақстандық екенсіздер ғой» деген ол бәрімізді құшағына қысып амандасты. Бір анадан туған бауырын тапқандай сонша қуанған бұл адамға біз әлі таңырқай қараймыз. Сөйтсек, оның туған жері Қазақстан екен. Кейін жұмыс барысымен Ресейге қоныс аударыпты. Мұны естігенде біздің жүрегіміз тағы да елжіреп сала берді. Өзінің ұлты орыс бола тұра, туған мекені болған қазақ жерін сағынады екен-ау…

… Міне, ұшы-қиыры жоқ, жап-жалпақ қазақ даласына да ендік. Ну ормандар азайып, көз алдымыздан жазық дала көлбеңдей бастағанда көңілде туған жерге деген ғаламат сағыныш сезімі оянды. Небәрі алты күннің ішінде туған елімізді қатты сағынып қалыппыз. Сұрапылда от кешкен батыр бабаларымызды да ер қылып, намысшыл еткен осы Отанға деген шексіз махаббат емес пе?!

Диас НАУРЫЗӘЛІ.

Атырау-Орел-Покров-Дросково-Атырау.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған