АСПАНДАҒЫ АЙҚАСТАР

«Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс»... деп Қасым ақын жырлағандай Отан үшін от кешіп, жалынды жастық шағын сұрапыл соғыстың өртінде өткізген ұшқыш, авиацияның гвардия кіші лейтенанты Азат Жанасов  еді.

 

Орал педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетінің екінші курсында оқып жүргенінде 1940 жылдың қазан айында Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Өткен күндер елесін әуе тарланы былай деп жазып қалдырыпты.

«Алғашқы әскери міндетімді батыс шекарадағы Брест қаласының түбінде қатардағы жауынгер ретінде 229-шы атқыштар полкінде пулеметчик болып атқардым. 1940 жылы желтоқсанда Ташкенттегі ұшқыштар даярлайтын мектепке жіберіліп, оны бітіріп шыққаннан кейін Қазан қаласында ПЕ-2 самолетімен ұшуға үйрендік. 1943 жылы Батыс майданына келіп түстік. Бұл неміс фашистерінің кейін шегініп Смоленск, Витебск, Орша қалаларының түбінде бекіністе жатқан кезі еді. Біздерді майдандағы жауынгерлер жылы жүзбен қарсы алып, неміс ұшқыштарының айла-тәсілдерін, олардың самолеттерінің кейбір ерекшеліктерін айтып, ақыл-кеңестерін беріп жатты.

Әлі есімде, үшінші Беларусь майданындамыз. Полк Смоленск қаласының түбіндегі жау шебін бомбалауға ұшатын болды. Біздің полк бас командованиенің резерві деп аталатын. Полк командирі, гвардия полковнигі Кеңес Одағының Батыры Жевалук деген кісі еді. Бүкіл полктің адамдарын жинап алып, міндетті түсіндіріп, картадан маршрутты белгіледі, қай уақытта ұшып, қалай жиналатынымызды айтып, таратты.

Белгіленген мезгілде, белгі бойынша аспанға көтеріліп, жинала бастадық. Полк командирінің өзі бастап келеді. Бұл менің жауға қарсы операцияға сегізінші мәрте ұшуым еді. Шепке жақындағанда айналамыз истребительдерден толып кетті. Бұл жау истребительдерінен қорғауға шыққан біздің самолеттер екен. Кешікпей жау самолеттері де кездесті. Бастапқыда фашист құзғындары жібергісі келмей, кедергі жасап бақты. Бірақ, біздің қырандар оларды жақындатпады, әуе шабуылы қызып жатты. Осы кездерде біздер де жау шебіне өтіп, бекіністеріне бомбаларды тастап, аман-есен кейін қайтып жаттық. Осы сапарда жаудың негізгі ату ұяларын талқандап, жаяу әскердің Смоленск қаласын азат етуіне жол салып, үлкен көмек көрсеттік. Кешке жиналғаннан кейін бас қолбасшы Сталиннің алғыс жариялаған бұйрығы оқылды.

1944 жылдың жазы еді, бірінші және екінші Балтық маңы майданының құрамындамыз. Шығыс Пруссияның қақпасы – Кенигсберг (қазіргі Калининград) деп аталатын портты қалаға ұшатын болдық. Бұл жаудың мықтап орналасқан бекінісі екен. Құрлықтан да, судан да жақындау қиын. Сондықтан, жаудың бекінісін әуеден талқандау керек болды. Бұл сапарға дивизия түгел ұшатын болды.

Белгі бойынша аспанға көтерілген самолеттер звено, эскадрилия болып, тіркесіп ұшып келе жаттық. Біздер жаудың теңізде тұрған үлкен кемелерін бомбаладық. Бес мың метр биіктікте жағадағы кемеден атылған оқтарға қарсы ұшып, бомбаларды тастап, жаудың ату ұяларына оқ жаудырып кейін қайттық. Жау көп шығынға ұшыраған, бірнеше кемелер қару-жарағымен суға кетті. Сөйтіп, бұл сапарда жаяу әскерлер Кенигсберг қаласын алып, бас қолбасшы біздерге тағы да алғыс жариялады. Біздер «За взятие Кенигсберга» медалімен наградталдық.

Жау барлық майданда шегініп, қашып жатқанда Ленинград майданында, Курляндия түбегіндегі фашистер жанталасып, қарсыласып бақты. Бұл 1945 жылдың сәуір айы еді. Жаудың ең соңғы тірегі болып тұрған Балтық теңізіне шығатын порт – бекіністі қала Пиллауды бомбалау, оған келіп тұрған жау кемелерін жойып жіберу, сөйтіп, неміс фашистерінің кейін қашып шығуына жол бермеу керек деген бұйрық болды. Бұл бұйрықты орындау міндеті 127 гвардиялық авиаполкке жүктелді. Жаудың бекінісі өте күшті, жерде жүздеген артиллерия аспанға оқ атса, сонша артиллерия кемелерден атып, самолеттерді жақындатпайды, әуеде күтіп жүретін истребительдері және бар. Сондықтан, жауға тым биіктен келу керек болды. Оттегі приборларымызды қарап, ауа жетпеген уақытта пайдалануға әзірлеп, мұқият дайындалдық.

6 мың метр биіктікке көтерілгенде, алдымыз қап-қара бұлт болды. Бақсам, бұл артиллерия атқан снарядтардың жарылып жатқаны екен. Тағы да жоғары көтерілуге тура келді. 7 мың метр биіктікке шығып звеномен төмен қарай құлдилап келе жатқан үш самолеттің тұмсығынан шыққан оқ  жерге жаңбырша жауып жатты. Жерге 700-800 метрдей қалғанда бомбаларды тастап, самолетті жоғары шығара бергенде жау истребительдері қамады. Қасымдағы жолдасымның самолеті жанып бара жатты. Енді кезек маған да жақындаған сияқты. Бірақ, ойланып жатпай жау самолетіне екі-үш рет қатарынан оқты жаудырып жібердім. Жау самолеті өртеніп, жерге құлап түсті. Тапсырманың ойдағыдай орындалғаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталдым. Бұл менің есімнен кетпейтін қуанышты күнім еді».

Авиацияның гвардия кіші лейтенанты Азат Жанасов Отан қорғаудағы ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы ордені, «Майдандағы ерлігі үшін» медальдарымен марапатталып, жоғары Бас қолбасшы – Сталиннен жеті мәрте Алғыс хат алды. Бейбіт жылдары саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнады. Әр жылдары Доссор орта мектебінде оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, Мақаттағы жұмысшы-жастар орта мектебінде директор болып жұмыс жасай жүріп, «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. «Қазақ ССР-ның үздік мұғалімі» Құрметті атағына ие болды. Зайыбы Сәния Ибрашевамен алты бала тәрбиелеп өсірді.

 Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайының қорында Азат Сәлімұлының өмірбаяны, естелігі, соғыс  кезінде пайдаланған картасы, фотосуреттері көненің баға жетпес жәдігеріндей сақтаулы тұр. Өмір, еңбек жолдары жас ұрпаққа үлгі-өнеге болар Азат Жанасов сияқты майдангер ағалардың есімдері мәңгілік сақталады.

Айтуған БАТЫРАШЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану мұражайының сектор жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз