АРДАГЕРЛЕРДІҢ ҚАМҚОРШЫ АҒАСЫ

Ұлы Отан соғысы және еңбек  ардагері,  Атырау қаласының Құрметті азаматы, Балықшы аймақтық ардагерлер ұйымының төрағасы  Әлібек Түсібәліұлы торқалы 90 жасқа толды.

 

Ол 1942 жылдың қарашасында өз еркімен Отан қорғауға аттанды. 1942-1945 жылдары 80-гвардиялық атқыштар дивизиясында, ІІ Украина, ІІІ Беларусь армиясының қатарында, Украина, Беларусь, Польша, Румыния, Чехословакия елдерін фашист басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысты.

1949 жылы елге оралғаннан кейін Құрманғазы, Қызылқоға, Балықшы аудандарында тұтынушылар қоғамының басқарма бастығы, Атырау қалалық автокөлік базасының директоры, облыстық балық өнімдері базасының директоры болып, жауапты жұмыстарды абыройлы атқарды.  Әлібек Түсібәліұлы қандай қызметке де  үлкен жауапкершілікпен қарап, ұйымдастырушылық қабілетімен абырой-беделге ие болды. Еселі еңбегімен облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосты.

Әлібек аға жасы ұлғайғанына қарамастан қоғамдық жұмысқа белсене араласып келеді. Соңғы ширек ғасыр бойы Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері  кеңесі төрағасының орынбасары, осы кеңестің Балықшы аймақтық төрағасы  ретінде жастарға  патриоттық, адамгершілік тәрбие беруде орасан зор жұмыстар атқаруда.

Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі Әлібек Түсібәліұлын торқалы тоқсан жасымен шын жүректен құттықтап, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, таусылмас жақсылықтар тілейді.

Ә.БЕКЕШ,

Атырау қалалық соғыс және еңбек

ардагерлері кеңесінің төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз