АРДАГЕРЛЕР ӘРҚАШАН ДА БЕЛСЕНДІ

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Ардагерлер - ардағым» атты мерекелік шара өтті. Алғашқы сөз алған Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Садықов «жасы ұлғайған адамдар – мемлекетіміздің алтын қоры, дәстүр сақтаушысы, парасаттылық пен адалдықтың, шыдамдылық пен сенімділіктің жарқын үлгісі» деген ойын білдірді.

Үлкендерге өмірдегі барлық жақсылықты тілеген ол аудан әкімі Амангелді Барақатовтың атынан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын лайықты қарсы алуға белсене араласып жүрген Бірлік ауылдық округінің ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Рапих Қабиевті, жастар тәрбиесіне белсене араласып, ауылда ұлттық салт-дәстүрді қалыптастыруға ықпал жасап келе жатқан Нұржау округі ардагерлер ұйымының төрағасы Мәдениет Харесовті, ауданның және Орлы ауылының тарихын сомдауға үлесін қосып, алғаш қоғамдық негіздегі мұражай ашқан еңбек ардагері Сара Алпысқызын,  Шортанбай ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы Саясат Зұлхарнаевты, Мақаш ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы Өтеулі Хасановты, кәсіптік-техникалық лицейдің бастауыш ардагерлер ұйымы төрағасы Зайыр Хидуллинді, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің мәліметтерін жинауға белсене араласып жүрген Ганюшкин ауылдық округінің еңбек ардагері Мағрипа Шайхиеваны, шалғайдағы Асан ауылдық округі тұрғындары арасында ауыл еңбеккерлерін пайдалы еңбекке баулуға ақыл-кеңесін беріп, ұйымдастырушы, ауыл ақсақалдары кеңесі төрағасы Сағидолла Қабиевты, Ганюшкин округі еңбек ардагері Зәйіт Хабибуллинді Алғыс хатпен марапаттады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев қазіргі күнде ауданда әлеуметтік  қолдауды қажет ететін жалғызілікті 93 қария бар екенін, оларға 23 әлеуметтік қызметкер көмек көрсететінін айта келе, үлкендерді құрметтеу ұдайы жүргізілетінін жеткізді. Ардагерлер ұйымының Құрманғазы аудандық филиалында 5365 зейнеткер есепте тұрса, соның үшеуі – Ұлы Отан соғысы ардагері, біреуі – соғыс ардагерінің жесірі, сонымен бірге, жүздеген тыл еңбеккері есепке алынған.

Мерекелік шара алдында қариялар арасында спорт түрлерінен жарыстар өткен болатын. Айталық, шахматтан өткен сайыста үшінші орынды Байда селолық округінен Сұлтангерей Молдашев, екінші орынды Еңбекші селолық округінен Сұлташ Мәжитов, бірінші орынды Ганюшкин селолық округінен Айболат Әмірғалиев жеңіп алды.

Жүлдегерлердің бәрі де арнайы сый-сияпатпен марапатталды. Шара соңы «Ардагерлер әуендері» атты мерекелік концертке ұласты.

Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,

меншікті тілші.

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз