ӘКЕМДЕЙ БОЛҒАН НАР ТҰЛҒА

Елге белгілі қоғам қайраткері, Атырау облысына танымал азамат, өлкеміздің экономикалық және әлеуметтік өсуіне зор үлес қосқан саяси тұлға Жайықов Уәли туралы пікір айту біздің пешенемізге жазылмаған болса да, көргенім бар, естігенім де аз емес. Ол кісі туралы маған пікір айтуға қолқа салғанда көп ойланбай келісім бердім.

 

1970 жылы Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп, Махамбет ауданына мамандығым бойынша жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолымды бастағанмын.

Бір күні «аудандық Кеңес атқару Комитетінің төрағасы Жайықов Уәли шақырады» деген соң бардым. Кабинетке кірсем, менің әкем шамалас жастағы, ол кезде маған солай көрінді, жылы жүзді, ұзын бойлы, денесін тік ұстаған 50-60 жастар шамасындағы кісі қарсы жүріп келіп, қолын беріп амандасты да, отыруымды сұрады. Ауданға қашан келгенімді, жұмыс жағдайымды сұрап біліп алды. Сосын әдемі бір әңгіме бастап кетті. Менің әкеммен құрдас екенін, Новобогат ауданында жұмыстас болғанын айтып, әкемді біраз мақтап алды. «Биағаң әділ, ары таза, принципті коммунист, қазір ондайлар аз ғой», – деп тұнжырап қалды. Содан кейін әңгімесін әрі қарай жалғастырып, жанұя жағдайымды сұрады. Пәтер жалдап тұратындығымды естігенде: «Маған неге келмегенсің», – деп жылы лебізбен ескерту жасады. Осы күзде бірнеше пәтердің тапсырылатындығын айтып, содан міндетті түрде алатындығымды есіме салды. Әкемдей қамқорлық жасап, тең адамдай сөйлескеніне көңілім шалқып, марқайып-ақ қалдым. Кейін ол кісі жұмыстан босап, яғни зейнеткерлікке шығып, басқа жеңілдеу жұмысқа ауысып кетті. Пәтер алмасам да, Уәли ағаның жылы жүзі мен әдемі әңгімесі қаншама жылдар өтсе де ойымнан кетпейді. 

Біздің әкелеріміз өмірден ерте кетті, Уәкең де көп ұзамай бақилық болды. Қазір ойласам, ол кісілер өмір тауқыметін көп көрген екен. Ұлы Отан соғысының отты жылдары, елдегі ауыртпалықтар, бәрі-бәрі өз таңбасын қалдырса керек. Болашақ үшін, бүгінгі біздің жарқын өміріміз үшін аянбай еңбек етті, денсаулықтарына қарамай жанқиярлық жасаған әкелерімізге мың да бір алғыс демекпіз. Бұл күндері Уәли Жайықовтың Ғалымжан ағамыз бастаған ұл-қыздары облысымыздың әр түкпірінде өмір сүріп, еңбек етуде. Махамбет селосында анамыздың қолынан талай дәм татып, өзіміз қарайлас балаларымен аралас-құралас болдық. Уәли ағаның есімін мәңгілікке қалдыру үшін селоның өзі тұрған көшесіне есімі берілді. Әр кезеңде ол кісі туралы газет беттерінде көлемді мақалалар да жарық көрді. Уәли аға облысымыздың Қызылқоға, Новобогат, Махамбет аудандарында көп жылдар басшылық қызметтер атқарған.

Ал, енді, биылғы жыл Жайықов Уәли ағаны елге таныту, дәріптеу жылы болуға тиіс. Сонымен қатар, биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Уәли ағаның 100 жасқа толған торқалы тойы қатар келіп тұр.

Ғасырға толған толағай да, дара тұлға Жайықов Уәли елінің есінде мәңгі сақталып, ұрпаққа өнеге, қажырлы еңбектің эталоны болып, еліміздің тарихында қалатындығына кәміл сенемін.

Ұзаққали ЕЛЕУБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің ІІ-ІІІ-ІV шақырылымдарының депутаты, Махамбет ауданының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз