АБЫЗ ӨСІРГЕН АЛМА

Біз ол кезде ойын баласы едік. Ауылдың терістік шығыс бетінде аумағы атшаптырым алма бағы болатын. Балалықпен күзді күні жел терістік шығыстан соқса иісі мұрын жарып, бүкіл ауыл ішін алып кететін алма бағына құмартамыз да тұрамыз. Есіл-дертіміз – аралап жүріп, тойып тұрып бір алма жеп келу.

Әлі есімде, бір күні алты-жеті бала жинала қалдық та, бақтың елсіз жақ шетінен ішке еніп, енді ғана қолымызға іліккен алмаларды дорбаларымызға жинай берген кезімізде қарауыл Құрмет ағаның жуан қоңыр дауысы саңқ ете қалмасы бар ма. Сасып қалдық.

– Әй, балалар, бері келіңдер. Мен сендерге алманың піскендерін таңдап берейін. Келіңдер бері, – деген. Орта бойлы, палуан денелі, ақсары өңді қарт үлкен бір алма ағашына арқасын сүйеп отыр екен. Қасына қаумалап жинала қалдық.

– Сендер алма алыңдар, бірақ, асығып жүріп, бұтақтарын бекерге сындырмаңдар, – деп алма ағашының қадір-қасиеті жөнінде бұрын біз білмейтін әңгімелерін айта отырып, алдында бөлек-бөлек жинаулы тұрған алмаларды көрсетіп, мыналардан қалағандарыңды алып, жеп отырыңдар, – деді.

Сөйтсек, ол кісі жаны жомарт, адамгершілігі зор, кішіпейіл де қамқор жан екен ғой. Есіміз кіріп, есейе келе ол кісі жөнінде көптеген ұлағатты әңгімелер естідік.

Құрмет аға Ұлы Отан соғысының ардагері екен. Ол 1919 жылы Теңіз ауданы, Көкарна бойы, Ұштағанда дүниеге келген. Барлық балалар сияқты сол кездегі орта мектепті бітірген соң, Гурьевтегі екі жылдық мұғалімдер институтының үш айлық қысқа курсын аяқтаған. Ауыл балаларына сабақ беріп, әдеп пен мәдениетке, кішіпейілділік пен адамгершілікке, бауырмашылдыққа баурап, ауыл тұрғындарының үлкен құрметіне бөленген. Зерделі жас білімін жетілдіру мақсатында Гурьев мұғалімдер институтының бірінші курсында оқып жүргенде соғыс оты бұрқ ете түседі. Содан 1941 жылдың 12 желтоқсаны күні ел қорғауға аттанады.

Ол неміс басқыншыларына қарсы шайқаста Калинин майданында бөлек автоматшылар батальонының 101 жеке атқыштар бригадасының құрамында алдыңғы қатардағы жау шебінде болған.

Құрмет ағамыз соғыс барысында аспазшы қызметін атқарған. Батальондағы аспазшыларға басшылық ете жүріп, таңғы сағат 4-те шабуылға көтерілетін жауынгерлердің ауқаттарының уақытында дайын болуы үшін ерекше еңбектенген.

Соғыс саябыр тауып, кішкене демалған уақыттарында, уақыт тауып, өмірі ауылдан ұзап шыға алмаған, оқып та жарыта алмаған қазақ жігіттеріне күнделікті қажетті орыс тілі сөздерін үйретіп, жаттатады екен.

Қайда да жерлестер кездесіп жатады ғой. Құрмет аға өзіне тиісті аздаған солдаттың паегін, нан, консервілерін жерлестеріне деп, жылжымалы дала кухнялары тоқтайтын тұстарға қалдырып кетеді екен. «Жарты құртты жарып жеп жүрген» майдандастарымен орын ауыстырып, Құрмет аға алдыңғы шепке сұранып та барып жүрген. Жаумен бетпе-бет келіп, соғыста талай ерліктің үлгісін көрсеткен.

Сондай бір ұрыс жеңіспен аяқталады да, СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан 101 атқыштар бригадасының командирі В.Серебряковтың 17.10.1943 жылғы №0921/п бұйрығымен ефрейтор Дәулетов Құрмет «За боевые заслуги» медалімен марапатталады.

Ол соғыстағы осы сияқты ерліктері үшін бірнеше медальдармен марапатталған, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін» «Жапонияны жеңгені үшін», ал бейбіт заманда «Ерен еңбегі үшін» Лениннің 100 жылдық мерекелік медалін кеудесіне қадады.

Бір күні үлкен ұрыс жүріп жатқан кезде окопқа келіп дәл түскен снаряд жарқыншағынан жанындағы қаруластары көз алдарында ажал құшқан да, қасындағы Иван деген орыс жігіті екеуі ғана жараланып, тірі қалыпты. Содан екеуі Аллаға тәубе ете жүріп, «осыдан елге аман-есен жетіп, балалы-шағалы болып жатсақ, балаларымызға бір-біріміздің есімдерімізді қояйық» деп уәделескен екен. Алла тағала дегенге жеткізіп, елге есен оралып Рахима апайымызға үйленген. Өмірге келген тұңғышына Иван деген ат берген. Сол азамат Иван – бүгінде 11-ауылда әкесінің қара шаңырағын ұстап, бауырларына әке орнына қамқоршы болып отырған өнегелі отбасының алтын діңгегі. Жолдасы Бұлжетпес екеуі үбірлі-шүбірлі бала өргізіп, немере де сүйіп отыр. Әрі бауырларының ақылдасар асқар тұлғасы да.

Бұлжетпес ауыл дәрігері болған, зейнеткер. Құрмет аға мен Рахима апамыздан өрген 6 ұл, 2 қыз бар, бәрі де үйлі-баранды, балалы-шағалы, білікті мамандық иелері.

Ата-аналарын жиі-жиі еске алып, 11-ауылдағы Иванның үйінде бас қосып тұрады. Құрмет ағамыз сөзге сабырлы, шешен, көпті көрген көсем, ұлағаты мол ортаның азаматы болатын. Жан-жағына байыпты көз салып жүретін жан еді. Әсіресе, жоқ-жітіктерге үнемі қол ұшын беріп жүретін. Мектептен кештетіп келе жатқанымызда Иван ағамыздың көршісі Қазима апайдың үйіне бара жатқанын жиі кездестіретінбіз. «Папа: «әженің таңертең ерте малға салатын шөбін шығарып бер, дайын тұрсын. Бойларыңда күш-қуат бар, сенделіп босқа жүрмей, үлкен кісілерге көмектесіп жүріңдер. Сергек, сезімтал болсаңдаршы» деуші еді», – деп үнемі айтып отыратын Иван ағамыз. Оның бүгінгі ұрпақтарының да бойында сол асыл қасиет қалыптасқан.

Иә, Дәулетов Құрмет ағамыз Қызылқоға ауданы, Қарабау селосында тұрғанда үйге келген жолаушы, құдайы, арнаулы қонақтар түсетін қонақжай шаңырақ болған. Ол кезде бүгінгідей қонақ үйлер жоқ. Әр ауылда арнайы қонақ түсетін үйлер болған ғой. Олардың үйі таза, жандары қонақжай, кең пейілді, дастарханы мол болған. Қарабауда «Құрметтің үйі қайсы?» деп, талай қыста боранда, жазда аптап ыстықта, күзде лайсаңда көптеген жандар демалып, ат-көліктерін суытып, қадірлі қонақтар болған екен.

Ағайындар, балалар бір-бірлерімен жер шалғайлығын сылтау қылып, араласпай жүрмесін деп, Құрмет аға 1971 жылы Жайық бойындағы 11-ауылға біржолата көшіп келеді. Сол кездегі «Заурал» совхозының фермасында бухгалтер, алма бағының бағбаны болып жауапты жұмыстар атқарады.

Сол сабырлы да салмақты қалпы, жас, кәрі демей айналасын салиқалы әңгіме өнегесімен өзіне үйіріп алып отыратын абыз ақсақал болатын. 1988 жылы балаларының алдында дүниеден өтті.

Ұл-қыздары абзал әкелерінің өмір жолын, Отан қорғаудағы жанкештігін, ерен еңбегінің жемісін әрдайым мақтан тұтады.

Жақында Махамбеттегі ауылдас, құрдас, жерлес Дәулетов Ибатолланың үйіне көрісе барғанмын. «Серік, саған өзіңе бала күннен жеңсік ас болған бір тағам түрін алып келейінші», – деп, екінші қабатқа көтеріліп кеткен. Сәлден соң әрқайсысын бөлек-бөлек етіп газеттерге орап салған бір пакет алма алып келді.

– Мінекей, мыналардан ал. Әкем еккен ағаштың бір талын осында шарбаққа отырғызған едім. Мынау – соның жемісі, – деді. Сортының атын ұмытыппын. Қараңғы түнде ұрлыққа түскенде иісімен іздеп жүріп табатын сол баяғы көк алмамыз.

– Рахмет, саған, Ибатолла. Осы алмаларды әңгіме ету арқылы сен әке рухын алыстарға жеткізесің ғой. Жеткіз. Себебі, олардың рухтары мәңгілік қой! – дедім тебіреніп.

Серік ОРЫНБАСАРОВ,

Махамбет селосы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз