БІР ЖАНҰЯДАН – БЕС ОФИЦЕР

Ұлы Отан соғысына күллі кеңес халқымен бірге қазақстандықтар, оның ішінде атыраулықтар да қатысып, өз борыштарын абыроймен атқарды. Біздің әңгімемізге арқау болып отырған мақала өзегі – қарапайым қазақтың бір жанұясынан шыққан бес офицердің тағдыры. Ақиқатына келгенде, қазіргі жас ұрпақтың санасына бабаларымыздың Отан қорғаудағы жанқиярлық ерліктерін баяндау, оны үлгі тұту, отансүйгіштікке тәрбиелеу және тағзым ету.

ХХ ғасырдың басында қазақ халқы өзінің дәстүрлі күнкөріс, қам-қарекетімен тіршілік жасап, ұрпақ өсіріп, олардың тәрбиесіне көп көңіл бөліп отырған еді. Міне, осындай ұйыған шаңырақ отағасы Мырзағали Қаржауов пен Бәдиғұл анамыз бес ұлы мен қызын тәрбиелеп, олардан үміт күтіп, ұрпақ сүйеміз, өрісіміз кеңейеді деп тіршіліктерін көріп жатты. Баршаға аян, ХХ ғасырдың бірінші жартысы дүрбелең оқиғаларға толы болды. Бірінші орыс революциясы, бірінші дүниежүзілік соғыс, елдегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы революциялар, азамат соғысы, айта берсек, сол кезеңде өмір сүрген ұрпақ қаншама қиын-қыстау сұрапыл оқиғаларды бастан кешірді десеңші…
Иә, сонымен, Мырзағали қарттың үлкен ұлы Халел 1911 жылы дүниеге келіп, үлкен атасы Үдербайдың тегін алып, өз заманында бастауыш, орта, жоғары білім алды. Мәскеу қаласындағы шет тілдер институтын бітірген жас маманды Мәскеудегі КСРО халық комиссариатында «Аз ұлттар» бөлімінде нұсқаушылық қызметке қалдырады. Кейіннен Қазақ КСР халық комиссариатында нұсқаушы болып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, СОКП мүшесі Халел өз еркімен майданға сұранып, кіші лейтенант атағымен соғысқа аттанады. Артилерия командирі Халел Үдербаев 3-ші Украина майданында 1944 жылы 9 сәуірде Одесса маңы Глуторовка ауданы Михайлов деревнясында ерлікпен қаза табады. Бауырластар зиратында жерленген.
Халелден Шамиль атты жалғыз ұл қалған, одан тараған ұл-қыздары Рашид, Ғабит, Ғазиза, Гүлмирадан өсіп-өнген ұрпақтар өз тіршілігін көруде.
Мырзағалидың екінші ұлы облыс жұртшылығына танымал, қоғам қайраткері Шоқан Қаржауов 1913 жылы дүниеге келген. Орта білімді алғаннан кейін, 1929-1933 жылдары Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген.
1933 жылы Гурьев педагогикалық училищесінің директоры болып қызмет атқарды. Ол 1940 жылы әскерге шақырылып, Кеңес елінің көптеген қалаларын, Еуропа мемлекеттерін неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатынасты. Үш рет жараланып, контузия алған. Соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», Ұлы Отан соғысы I, II дәрежелі ордендері мен медальдарымен марапатталған. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтында аға оқытушы және тарих факультетінің деканы, Батыс Қазақстан өлкелік атқару комитетінің оқу-ағарту және мәдени бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етеді. Кейін Атырау қаласында тұрақтап, қала және облыстық білім басқармасында, әкімшілікте лауазымды қызметтер атқарды. Шоқан Қаржауов соғыстағы және еңбектегі ерен еңбегі үшін он бес орден және бірнеше медальдармен марапатталған.
Облыс әкімшілігі де Шоқан Мырзағалиұлының ел алдындағы еңбектерін лайықты бағалап, «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын берді. Қалада оның атында көше бар.
Мырзағали қарттың үшінші ұлы Қайыр 1916 жылы 10 қаңтарда Бақсай ауданы Сарайшық ауылында дүниеге келді. Балалық, балдәурен шағын Ақ Жайық жағасында өткізді. Гурьев педагогикалық училищесін аяқтаған ағамыз 1933-1939 жылдары Бақсай ауданында мектептерде сабақ берген. 1939 жылдың 15 желтоқсанында Кеңестік Қызыл армияға шақырылды.
Алғашқыда қызыл әскер, 1940 жылдың 7 маусымында Харьков әскери-саяси училищесіне жіберіліп, оны 1941 жылы лейтенант әскери шенімен аяқтады. Сұрапыл соғыс жылдарында Қайыр Москва түбіндегі шайқасқа, Оңтүстік-Батыс, Солтүстік Кавказ майданында, атақты Курск доғасындағы танктер шайқасында, Т-34 танк взводының командирі болып ұрысқа қатынасты. Украина, Беларус жерлерін неміс басқыншыларынан қорғап, Еуропаның Австрия-Венгрия, Польша, Германия, Чехословакияны азат етіп, соғысты 1945 жылы 11 мамырда аға лейтенант шенінде Чехияда аяқтады.
1947 жылға дейін Германияда әскери қызметін жалғастырып, елге аман-есен оралады. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін Ұлы Отан соғысы I, II дәрежелі ордені, оннан аса медальдармен, көптеген грамоталармен марапатталған. Соғыстан кейін Орал облысы, Тайпақ ауданында оқу бөлімінде нұсқаушы, Редут, Бейбарыс ауылындағы мектептерде мұғалім болып қызмет атқарды. 1978 жылы қайтыс болды. Соғысқа бастан-аяқ қатысқан ағамыздың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі болу үшін оның есімі Бейбарыс ауылында бір көшеге берілсе, құба-құп болар еді.
Ал, Ғинаят Мырзағалиұлы 1922 жылы дүниеге келген, он сегіз жасқа толғанда 1940 жылы Кеңес Армиясының қатарына шақырылады. Әскери қызметте үздік қызыл әскер Ғинаят Қаржауов Иркутск қаласындағы саяси училищеде оқып, оны бітіргеннен кейін лейтенант шенінде 644 атқыштар полкінде, 7-ротада әскери қызметін жалғастырды. 1944 жылы аға лейтенант Ғинаят Мырзағалиұлы Батыс Украинаның Вышня Пжана деревнясын азат етуде ерлікпен қаза табады. Ұлы Отан соғысының I дәрежелі орденімен, көптеген медальмен ұлығыланған. Өкініштісі, ағамыздың артынан ұрпағы қалмаған.
Мырзағали бабамыздың бесінші ұлы Нығмет Қаржауов 1924 жылы дүниеге келген. Шаңырақтың кенжесі де 1942 жылы әскерге шақырылып, Гурьев (Атырау қ.) жаяу әскер училищесінде оқып, лейтенант шенінде майданға аттанып, рота командирі Нығмет ағамыз соғыста ауыр жараланып, 1945 жылы елге оралады.
Соғыстан кейін Бақсай ауданында Сарайшық ауылында мұғалім, Таңдай ауылындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі, Бақсай ауданының комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. 1952 жылы ауыр науқастан қайтыс болды.
Ұлы Отан соғысындағы қазақ ұлдарының ерліктеріне бас иіп, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Сарайшық ауылынан ағамыздың атына бір көше берілсе дұрыс болар еді. Міне, қарап отырсақ, бір жанұядан бес ұл сұрапыл соғысқа қатысып, ерліктің, Отанға деген сүйіспеншіліктің ерекше қайталанбас үлгісін паш етті. Жоғарыда айтқан Қайыр ағамыздың ұлы Серік замандасымыз әкесінің аманатын орындап, артынан ұлы Рамиль келіні Гүлнұр, қыздары Жанат, Айдананы тәрбиелеп, немере сүйіп отыр. Серік Қайырұлы осы мақаланың жазылуына мұрындық болды. Қан майданға қатысып, өздерінің батырлығымен, жанкештілігімен ерен ерлікке толы бабаларымыздың рухына тағзым етіп, олардың өнегесімен жас ұрпақты тәрбиелеп, Отанымыздың гүлденуіне атсалысу – барша ағайынның міндеті.

Болат НЫҒМЕТОВ,
Атырау мұнай және газ институтының доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Didar

    Саламатсыз ба! анық, нақты деректермен жазылған екен! Сізден сұрарым, Ержанұлы Мырзағали деген кісі туралы мағұлмат білесіз бе екен? Сарайшық ауылында тұрып, соғыс ардагері болған кісі, соғыстан бір аяғынан айрылып оралған.