НАҚТЫ ІСТІҢ УАҚЫТЫ КЕЛДІ

Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының күн тәртібіне шығарылуы заман талабы және ондағы көрсетілген әрбір мәселе барша қазақстандықтар үшін маңызды. Және оның ел экономикасының дамуына, әлеуметтік, мәдени-рухани саланың ілгерілеуіне ықпалы зор. Ұлт жоспарында айтылған кәсіби мемлекеттік аппарат, оның бизнес пен халыққа көрсетуі тиіс сапалы қызметі кәсіпкерліктің қарқынды дамуына берік іргетас болатыны анық. «Ақ жол» ХДП Атырау облыстық филиалы төрағасы Ермекқали ЮСУПОВПЕН жүргізілген сұхбат осы бағытта өрбіді.

 

– Ермекқали Төлепқалиұлы,  Елбасы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам: баршаға арналған қазiргi заманғы мемлекет» атты бес институционалдық реформасын жариялап, алдағы бағыт-бағдарымызды айқындап бердi. Құжаттың құндылығы неде деп ойлайсыз?

– Мен өмір бойы қарапайым адамдармен жұмыс істеп келемін. Мамандығыма сай басқармаларда, қалалық, облыстық әкімдіктерде қызмет атқардым. Ауылдың жайын да, қала тірлігін де бір кісідей білемін. 100 нақты қадамға көз жүгірткенде ойға оралатыны – мемлекеттік қызметкер халық қызметшісі екенін ұғыну. Білімі мықты адам халықпен жақсы жұмыс істей алады. Егер халықпен тіл табыса алсаң, сөзің жерде қалмайды.

«100 нақты қадам» баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарының қай тарауын, қай тармағын алсаң да өркен жаяр елдің өрісті ісі, оған әр азаматтың қосар үлесі тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұл жерде қай-қайсымыз да сөзбен емес, еңбегімізбен үлес қоссақ, Отанымыздың абыройы асып, экономикасы өрістеп, халықтың әл-ауқаты артатыны сөзсіз.

Бұл жолда Елбасының көрегендігі еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен татулығына қол жеткізуі болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы мақсатты істерімен көрініп келеді. Биылғы жыл Ассамблея жылы болып жарияланып, оның 20 жылдығы да ел көлемінде жоғары деңгейде аталып өтуде. Ұлт келешегі, ел болашағы үшін басты мұрат – береке, бірлік, татулық пен ынтымақтастық бола бермек.

– Шағын және орта кәсiпкерлiк туралы тiлге тиек етейiк. Себебi, бұл сала тiкелей экономикаға қатысты. Ал, экономика дамымай,  әлеуметтiк мәселенің оң шешiмiн таппасы анық.  Ұлт жоспарын Елбасы әлемдегі озық елдер қатарынан табылуға ұмтылған қазақ елінің дамуына, өркендеуіне серпін беретін маңызды бастама ретінде түсіндірді. Осы орайда, «Ақ жол» ХДП кәсіпкерлер партиясы, аталмыш партияның облыстық филиал төрағасы ретінде маңызы зор бастамада көрсетілген кәсіпкерлік мүдделерін қорғау үшін бизнес–омбудсмен институтын нығайту, жалпы кәсіпкерлік мәселесіне қатысты қадамдарға тереңірек тоқталсаңыз?

– Орынды сауал. Елбасы жариялаған бес институционалдық реформалық бағдарламасы Қазақстанды жаңа белеске шығаратын бағдарлама деп айтуға болады. Бес бағдарламаның барлығы да маңызды. «Әсiресе, бiздегi кәсiпкерлiктiң қарқынды дамуы, алдымыздағы стратегиялық мақсатымыз, 2050 жылға қарай iшкi өнiмнiң елу пайызы шағын және орта бизнестiң үлесiнде болуы – ең маңызды стратегиялық бағыт. Сондықтан, осы бағытқа жету үшiн бiзге екi іргелі жағдай керек. Бiрiншiсi – елiмiзде мемлекеттiк кәсiби аппарат құру. Бұл өте қажет. Себебi, кәсiпкерлерге қатысты барлық құжаттар мен бағдарламаларды мемлекеттiк органдар қабылдайды және олардың жұмысымен тығыз байланысты. Сондықтан, мемлекеттiк органдардың еш кедергiсiз кәсiби жұмыс жасауы, тек кәсiпкерлерге ғана емес, қоғамға осындай қызмет көрсетуi – бiрiншi талап. Екiншiсi – заңның үстемдiгi. Әр елдегi бизнес ахуал – ол жекеменшiктiң, нарықтағы кәсiпкерлердiң заңмен қорғалғанын көрсететін маңызды мәселе.

Экономикаға байланысты қадамдар – жаңа жұмыс орындарын құру, ол үшін индустриялық бағдарламаны жүзеге асырып, бизнесті дамыту болып табылады. Әркез Елбасымыз шағын және орта бизнесті дамытуды алға тартып келеді. Еліміздің экономикасын өркендетуде мұның үлесі зор. Бүгінгі стратегиялық дамуымызда кәсіпкерлікті қолдау мен оның мүдделерін қорғауға аса көңіл бөлініп отыр.

Біздің партияның алғашқы тұжырымдамасында да, сайлауалды тұғырнамасында да елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударылды. Әлі күнге дейін осы бағытта жұмыс істеп, шағын және орта бизнесті дамытуға, олардың мүддесін қорғауға күш салып келеміз. Оны Парламенттегі біздің партиялық фракциямыздағы депутаттардың іс-қимылынан аңғарып, көріп отырған шығарсыздар. Олар бизнес және кәсіпкерлік мәселелерін жиі қозғап, мүдделерін қорғауға ұмтылып келеді.

Бүгінгі құжатта да кәсіпкерлікті дамытуға баса көңіл бөлінген 54-ші қадамда кәсіпкерлердің мүддесін қорғау үшін бизнес Омбудсмен институтын нығайту деп атап көрсетілген. Оның құрамына бизнестің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Бұны еліміздегі кәсіпкерлікті заңды түрде қолдауға, адам құқығын жан-жақты қорғауға қол жеткізу қадамы деп бағалаған жөн. Реформадағы 35 қадам мен 84 қадамдар аралығы тек қана кәсіпкерлік, шағын және орта бизнесті қолдауға, оны өрістетуге, отандық өнімдерді молайту мен инвестиция тартуға, кәсіпкерлік саласын өркендетуге бағытталған. Мұнда бүгінгі кәсіпкерлік саласының өзекті мәселелері егжей-тегжейлі қамтылған. Әр қадамның тигізер пайдасы мол, тек оның орындалуына қол жеткізу парыз.

– Аталмыш реформаны жүзеге асыруда сіздіңше нендей тетіктерді іске қосу керек? Өзіндік ұсыныстарыңызды білсек?

Жоғарыда айтып кеттім, бұл әлемдік және ішкі сын-қатерлерге дер кезінде берілген жауап. Аталмыш құжат мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негізделген. Мемлекет басшысы бес институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамын» жариялап, іске асыру тетігін айқындады. Президент кәсіби мемлекеттік аппарат құруды міндеттеп, ашықтыққа басымдық беруді жүктеді. Бұл ретте сала мамандарының жалақысы қызмет сапасы мен оң нәтижесіне қарай жоғары болуы керектігі ескеріледі. Жаңа заңнамаларды әзірлеу барысында жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, құқық бұзушылықтың алдын алатын арнайы бөлім құру қажеттілігі де айтылды. Бұл нақты қадам – елдің ертеңін ойлау ғана емес, сара жолды дұрыс таңдау.

Дегенмен, мынаны ескерген жөн. Бізде сөз көп те, істелер нақты міндет бөлінбеген. Бұл жерде бәрі жоғарыдан бастау алып, стратегиялық шаралар жоспары сақталуы тиіс. Елбасы тапсырмасы талқылауға жатпайды, оны орындауға күш салынса, тұрақты бақылауда болса деймін. Реформаны жүзеге асырудың басты тетігі осында.

– Қалалық мәслихат депутаты ретінде Сізді қандай мәселе толғандырады?

– Атырау қалалық мәслихатының депутаты ретінде толғандыратын мәселелер жетерлік.

Қазіргі таңда әлемдегі өзгерістер мен күрделі кезеңдер ешбір мемлекетті бейтарап қалдыра алмайды. Бұл бізді де алаңдатады. Осындай үлкен мүдделермен қатар мені қаламыздың экологиясы мен қоқыс өңдеу полигонын салу көптен толғандырып жүр. Бұларға қаржы керек, қалалық бюджеттің қорында ондай қаражат жоқ.

Өлкеміздің табиғаты өте қатал. Жазы аптап ыстық, экологиялық жағдай да күннен-күнге өзгерістерге ұшырауда. Іргемізде алып Қашаған кеніші игерілуде, Теңіз кенішінің де зардабы тимей отырған жоқ. Күкірт таулары енді ғана жойылуда. Жайық өзенінің проблемасы да шешілмей отыр.

Қоқыс полигонының да жыры жетті. Оны бүгінгі заманауи дәрежедегі жаңа полигон тұрғызу арқылы шешу көтерілгеніне де біраз болды. Бірақ, қаражат шешілмегеннен, кейінге ысырылып келеді.

Сол жақтан жел шықса, қаланы тұншықтыруда. Кейде өртеніп жатады. Онда қала көк түтіннің құшағында қалады. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Бұған шетелдік немесе өзіміздің инвесторларымызды тартып, еуропалық стандартқа сай қоқыс полигонын тұрғызу аса қажет-ақ.

Сұхбаттасқан

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз