ЖАБЫРҚАУ КӨҢІЛДЕРГЕ – ЖАН ЖЫЛУЫ

Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында облыстағы этномәдени бірлестіктер 113-тен астам қамқорлық шараларын ұйымдастырды. «Нәтижесінде көмекке зәру 820 адам қамтылды. Оларға барлығы 4 миллион 351  мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Нақтырақ айтқанда, мұқтаж жандарға азық-түлік себеті таратылып, материалдық көмек берілді, – дейді Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының өкілі Әлия Шағыраева. 

 

Білгеніміздей, «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен облыстық  қарттар үйінде мүгедек жандар мен зейнеткерлерді қолдауға арналған  қайырымдылық шара өтіп, 80 адамға азық-түлік себеті табысталған. Тағы осындай мүгедек жандар мен зейнеткерлерге киім-кешекпен көмек көрсетіліпті. «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында  «Былина» орыс, «Иверия» грузин этномәдени бірлестіктері аз қамтылған жиырма отбасының балаларына арнап қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігі қарттар мен  аз қамтылған алпыс жанұяны азық-түлікпен қамтамасыз етті.

 Жобаға қатысушылар да, жобаны ұйымдастырушылар аудиториясы да күн санап кеңейіп келеді. Мектеп балаларынан бастап, қарттарға дейін белсенді қатысушысы болған жоба бір реттік шара деңгейінде қалмай, жалпыхалықтық сипатқа ие болды.

Халықтар достығы мен ұлтаралық келісім – еліміздегі саяси тұрақтылықтың кепілі десек, бүгінгідей алмағайып заманда ел бірлігін арттырып, ұлттар достығын нығайта түсетін шараларды жүзеге асыру маңызды. Осы орайда, «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» жобасының еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды шараға айналғанын атап өткеніміз жөн.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз