ОРТАҚ МАҚСАТҚА ЖҰМЫЛҒАН ӘР ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ

Атырау мұнай өңдеу зауыты – еліміздің осы  саладағы ең байырғы кәсіпорны. Сонау сұрапыл соғыс жылдарының соңында қатарға қосылған өндіріс ошағы содан бері үздіксіз өнім беріп келеді. Бүгінде ұйымшыл ұжымда жиырмадан аса ұлт өкілдері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп еңбек етуде. Мұнда тұрғылықты тұрғындар қазақтардан басқа орыстар, немістер, корейлер, украиндар, татарлар, болгарлар, гректер, румындар, грузиндер, т.б. жұмыс жасайды. Олардан тұтас еңбек әулеті қалыптасқан.

Мәселен, алпыстың асқарынан асқан, жөндеу-механикалық цехының басшысы Юрий Николаевич Кустадинчев осында ұлдарымен бірге істейді. Кезінде сталиндік зұлматқа болгар халқы да іліккен-ді. Соның салдарынан оның әкесі сонау Ескі Қырымнан1944 жылы басқалармен бірге Гурьев қаласына жер аударылған. Рас, кеңпейіл қазақтар басына іс түскен өзге ұлт өкілдерін кеудеден итермеді. Керісінше, бауырына тартып, барынша қамқорлығын көрсетті. Содан шығар Николай Степанович Кустадинчев осында тұрақтап қалды. Туған жеріне оралмай, Жайық жағасында қоныстанды. Осында отбасын құрды, әйелі екеуі екі ұл мен бір қызын өсірді. Жүргізушілік мамандығын үйреніп, өмірінің соңына дейін соны серік етті. Кейін, яғни 1953 жылы ел алдында еш қылмысы жоқтығы дәлелденіп, толық ақталды.

Бүгінде бұдан жетпіс жыл бұрын жер аударылып келген жігіттің ұрпағы Атырауды өзінің отаны санайды. Осындағы жұртпен етене араласып, әбден бауыр басып кеткен. Юрий Кустадинчев Атырау мұнай өңдеу зауытында 1992 жылдан бері істейді. Оған дейін әр түрлі кәсіпорында шеберлігін шыңдаған маманды зауыттың бұрынғы директоры Владимир Гафнер арнайы шақырыпты. Жалпы, Юрий Николаевичтің өмірдегі тәлімгерлері Иван Нефериди, Павел Демяшев, Сағат Түгелбаев және басқалары да – әр ұлттың өкілдері. Кезінде бірі жас маманға бригадир ретінде бағыт-бағдар сілтеді, екіншісі лауазымды қызметке тағайындады, үшіншісі өндірісті қалай ұтымды ұйымдастыруды үйретті. Солай шыңдалған ол 2001 жылдан бері зауыттың жөндеу-механикалық цехын тұрақты басқарып келеді.

Екі жүздің үстінде адамы бар өндірістік буынға жетекшілік ете жүріп, басшылық қызметте Сағат Түгелбаевты үлгі тұтады. Оның адам жанын түсінгіштігін, кадрларды орналастыру шеберлігін, қызметтен тыс кездегі қарапайымдылығын әлі күнге жыр етіп айтады.

Жалпы, Юрий Кустадинчевтің бойында жетекшілік қасиет бала кезден қалыптасыпты. Мектепте бойының қысқалығынан саптың ең соңында тұратын. Бірақ, соған қарамастан, сыныптастары староста етіп осыны сайлады. Техникумда да көзге түсті. Сонау жылдары Гурьевте студенттердің құрылыс отрядтары жаңадан құрылып жатты. Олардың формалы киімдерінде эмблема да жоқ еді. Соған байланысты жарияланған конкурста Юраның салған суреті үздік деп танылып, бас бәйгені де алған. Сөйтіп, гурьевтік студенттердің киіміне осы эмблема салынған.

Оның ұлы Юрий Юрьевич Кустадинчевті қызмет бабымен жиі көремін. Зауытта бақылау-өлшеу жабдықтарының механигі болып істейді. Облыстық мәслихаттың депутаты, «Возрождение» болгар этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Қызметін де біледі, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ұлтаралық бірлікті бекітуге сіңірген еңбегі үшін ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Кішкене кезінен қазақ балаларымен бірге өскендіктен тұрғылықты халықтың тілін де, салт-дәстүрін де жақсы біледі. Олардың қуанышын да бөліседі, қайғысына да ортақтасады. Әкесінің өздерін қазақы қағидамен тәрбиелегенін айтады. Ол өмір бойы адал жұмыс жасап келеді, ұлдарын да ерте кезден еңбекке баулыды. Кемшілігіне қабағын шытты, жетістігіне арқасынан қақты. Ешқашан дауыс көтермесе де, шешесінінің «әкеңе айтам» деген бір ауыз сөзі бұлардың еркелігін су сепкендей басатын. Бүгінде ұлдары әке салған соқпақпен жүріп келеді, нағыз азамат атанды. Сонау соғыс жылдары Жайық жағасына жер аударылып келген болгар ұлтының өкілі Николай Степанович Кустадинчевтің ұрпақтары Атырауды бауыр басып, қарт арманын осылай жалғастырып келеді.

Юрий Константинович Шкодиннің зауытта жұмыс жасағанына 45 жыл толды. Ол – зауыттағы №5 цехтың басшысы. Еңбек жолын қатардағы жұмысшылықтан бастап, бүгінде өндіріс жетекшілігіне көтерілген. Кезінде зауыттағы ең ірі буын саналатын №3 цехты басқарды. Оған жетекшілік ету өз ісін жетік білетін, кәсіби тұрғыдан жақсы дайындалған маманның ғана қолынан келетін. Зауыт басшылығы Юрий Шкодинді таңдады. Ол қысқа уақытта цехты алдыңғы қатарға шығарды.

Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары зауыт қуатын күрт арттыру бағытында жұмыстар жүргізілді. Жаңа технологиялық жүйелер қатарға қосылды, өзгелері салынып жатты. Солардың бірі 1980 жылдың шілдесінде пайдалануға берілген №5 цех еді. Бастапқыда оның жұмысы жүрмеді, кідірістер көп болды, апатты оқиғалар орын алды. Қондырғыларды орналастыру барысында кемшіліктер кеткендігі анықталды. Енді цех қызметін қалай қалпына келтіру қажет? Демек, шебер ұйымдастырушы ізделді. Зауыт басшылығы бұл істі тағы да Юрий Шкодинге тапсырды. Ол керекті мамандарды мұқият іздестірді, оларға нақты міндет жүктеді. Бүгінде №5 цех – зауыттағы алдыңғы қатарлы өндірістік буын.

– Егер ұжымдағы көпұлтты мамандар күш біріктірмесе, – дейді Юрий Константинович,- біз мұндай жетістікке қол жеткізе алмас едік. Солардың ортақ мақсатқа жұмылуы, тіл табысып қызмет істеуі нәтижесінде озық цех атанып отырмыз.

Орыс ұлтының өкілі Юрий Шкодин көп жылғы еңбегіне орай мемлекеттік марапаттармен де аталып өтті. Ол кеңестік кезде «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне қадаса, тәуелсіздік жылдары «Құрмет» орденін иеленді. Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары – өз алдына бір төбе. Сайып келгенде, оның зауытта білмейтін тетігі жоқ. Оның үстіне, АҚШ-тың Техас және Хьюстон қалаларында білігін жетілдірген маман әлемдік технологияның тілін де меңгерген.

Зауытта Юрий Константиновичтің әйелі, бауыры, қос ұлы мен келіні және немересі де еңбек етеді. Сонда бір әулеттің осындағы еңбек өтілі 147 жылды құрайды екен. Ғасыр жарымға жуық уақыт тұтас тарих емес пе?

Бұдан басқа зауыттағы Шатиловтар отбасының еңбек өтілі 186 жылға жетіпті. Әулеттің үлкені Артур Михайлович осында 1971 жылдан бері жүргізуші. Бүгінде інілері, келіндері мен қыздары, немерелері мен жиендері бірге істейді.

Немесе Хасановтардың осында жұмыс жасағанына 169 жыл болыпты. Үлкен отбасының басшысы Айтқали Хасанов осындағы №7 цехта еңбек еткен. Бұлардан бөлек Гумеровтар, Белобородовтар, Зевакиндер, Ревковтар, Сапаровтар, Феклистовтар, Кабанкиндер, т.б. барлығы алпыс шақты отбасылық әулет бір ұжымда еңбек етеді.

Байқап отырсаңыздар, осылардың бәрі – әр ұлт өкілдері. Олар бір мақсат, бір мүдде жолында жұмылған. Біреулері – сонау сұрапыл жылдары Николай Кустадинчев тәрізді жер аударылғандардың ұрпағы, екіншілері – осы өңірді ертеректе келіп жерсініп кеткендер. Қайткенде де, бір-бірімен ұлтына қарап бөлінбейді. Тұрғылықты халықпен де етене араласып, тіпті құдандалы болып жатқандары бар. Ара-тұра жол түсіп, тарихи отандарына барғанымен, кейін қайтқанша асығады. Олар тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы қиындықтарды да осындағы жұртпен бірге бөлісті. Үйренген қонысын тастап, үдере көшкен жоқ. Енді, міне, тыныш аспан астында молшылықтың дәмін де бірге татып отыр.

Жалпы, ұлттар достығы, халықтар арасындағы ынтымақтық – мемлекеттің тірегі. Биыл 70 жылдығы тойланғалы отырған Ұлы Жеңіске де сан ұлт өкілдерінің ортақ күш-жігері нәтижесінде ие болғанбыз. Кейін әр республика өз алдына шаңырақ көтергенде, солардың кейбірінде оқ атылып жатса, бұл – сондағы халықтың бірлігі болмауының салдары. Осы орайда Елбасымыз бұдан тура 20 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, республикадағы барлық ұлт өкілдерін соның төңірегіне топтастырды. Мұндай тәжірибе ТМД елдерінде болған жоқ.

Бүгінде әр ұлт өкілдері Парламенттің Сенаты мен Мәжілісінде отыр. Мемлекет басшысының ұсынысымен тура сайланатын депутаттар бар. Еш ұлт өкілдеріне қысастық жасалмайды. Өз тілдерінде сөйлеуіне, білім алуына, мәдениеті мен өнерін дамытуға рұқсат етілген. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Конституциясында «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар» делінген. Міне, Ата Заңда жазылған осы талап мүлтіксіз сақталуда.

Ал, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы әр ұлт өкілдері ортақ мақсат жолында жұмыла жұмыс жасауда. Олардың алдына қойылған міндет те қомақты. Елбасы Жолдауында айтылғанындай, мұнда аса ірі қос жоба жүзеге асуда. Оның біріншісі, яғни хош иісті көмірсутегін алу жобасы мәреге жетті. Бірер айдан кейін оның өндірістік қуатына шығуы күтілуде. Алдымыздағы жылдың соңында шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасы да аяқталмақшы. Сонда еуропалық стандарттарға сәйкес келетін жоғары сапалы жанар маймен ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік тумақ. Атыраулық зауыттағы әр ұлт өкілдері Мемлекет басшысы қойған осы мерейлі міндетті жақсы түсінеді. Сондықтан, тілегі де, жүрегі де бір ұжым мүшелері бір үйдің ұл-қызындай тату-тәтті жұмыс жасап жатыр.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз