Қайраткер

AYRATKER Қоғам

Саламат Мұқашев Гурьев облысына бірінші хатшы болып 1970 жылы 28 сәуір күні тағайындалды.

ҚАЙРАТКЕР

Бұл тарихи шешім Гурьев облыстық партия комитетінің Х пленумында қабылданады. Бұл кезеңде облыс құрамы екі қала – Гурьев, Шевченкодан тұратын еді. Және облысқа тоғыз аудан – Балықшы, Теңіз, Индер, Қызылқоға, Мақат, Маңғыстау, Махамбет, Өзен, Ембі тіркелген болатын.

Жаңа басшы 1970 жылғы 13 мамырда Гурьев облыстық бюро отырысына алғаш рет төрағалық етеді. Бюрода мемлекеттік жоспарды орындаудағы облыстық кәсіподақ ұйымдарының жауапкершілігін арттыру мәселелері, «Қазақстанмұнай» бастауыш партия ұйымы бірлестігі жұмысы, Ембі ауданының партия ұйымдарының КСРО Жоғарғы Кеңесі сайлауына дайындығы, ауыл шаруашылығының 1970 жылғы бірінші тоқсандағы қорытындысы қаралады.

Мұнайлы өлкенің төл перзенті ретінде бірінші хатшы мұнай құбырларын іске қосу және оның құрылысы мәселелеріне айрықша назар аударады. Өйткені, өз заманында стратегиялық маңызға ие болған Өзен – Гурьев – Куйбышев мұнай құбырына КСРО бойынша «Маңғышлақмұнайгазқұрылыс», «Союзгазпромстрой», «Татармұнайқұбырқұрылысы», «Оралмұнайгазқұрылысы», «Омскмұнайқұбырқұрылысы» және өзге де трестер тартылғанымен, жұмыс жоспары орындалмаған еді. 1969 жылы 26 қарашадағы шешім бойынша, Гурьевте салынған 70 пәтерлі үй іске қосылмады, Бейнеу, Карманов пен Опорныйда үй құрылыстары тіпті басталмады. Оның маңыздылығын ескерген С.Мұқашев мәселені шешудің жолдарын тереңінен қарастырады. Соның жолында кадр мәселесіне де көңіл бөледі. Осы бағытта облыстың Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетіне көмек қолын созады. Өйткені, бұл кезеңде факультетте мыңға жуық студент білім алатын. С.Мұқашев «Маңғышлақмұнайға» (С.Өтебаев), «Ембімұнайға» (Ж.Досмұхамбетов) және өзге трестерге маман кадрларды оқытуға, олардың ішінен талантты жастарды қолдауға шақырады.

Бұл кезеңде Қазақстан Республикасы өзінің 50 жылдығын атап өтуге дайындық жасап жатқан-ды. 1970 жылы 10 маусымда құрылған облыстық комиссияға төраға болып С.Мұқашев бекітіледі. Мерейтойды кеңірек насихаттау мақсатында облыстық жас әдебиетшілердің кеңесін өткізу қолға алынады.

Облыс басшылығы «Коммунистік еңбек», «Прикаспийская газета» басылымдарын қатаң бақылауда ұстауды жалғастырады. Соның ішінде жарияланған ақпараттардың шынайылылығы, партия қайраткерлерінің аты-жөні, есімдерінің дұрыс жазылуы, газет бетіндегі мақалалар бойынша тексерістер қорытындысына назар аударылады. Мәселен, «Прикаспийская газетаға» шыққан К.Кадыровтың «Это не забывается», Т.Аллояровтың «Сартугайский конфликт» мақалалары талқыға шығарылады. Қорытындысында К.Кадыровтың атақты Жалау Мыңбаевты мадақтап жазған мақаласына «Ж.Мыңбаев ақтармен қарым-қатынаста болды, генерал Деникинді қолдады» дей келе саяси қателіктерді жібермеуге шақырады. Ал, Т.Аллояровтың тұрғын үйді күшпен басып алған Мұханбетжановты қолдаған мақаласы бойынша №1 ОРС-та қызмет ететін Боранғалиева отбасына берілген үйдің заңдылығы дәлелденіп, мақаланы тексерместен баспаға жіберген газетке ескерту жарияланады. Осылайша, облыс басшылығы басылым арқылы түрлі жала жабушыларды тәртіпке салып, қарапайым еңбек адамдарының құқықтарын қорғайды.

1971 жылы облыстың халық шаруашылығында өртке қарсы қауіпсіздікті нығайту шаралары қолға алынады. Оған себеп Өзен, Маңғыстау, Теңіз, Балықшы аудандары, Гурьев қаласындағы өндіріс ошақтары мен мұнай және газ өнеркәсібіндегі ірі өрт жағдайлары еді. Тексеріс барысында көптеген кәсіпорындарда өрт-техникалық комиссиялары, ведомстволық өрт күзеті, ерікті өрт жасақшылары өз деңгейінде жұмыстар жүргізбегені, өртке қауіпті нысандарда автоматты дабыл қағу, өрт сөндіру құралдары өте баяу енгізілгені анықталады. Өрт Өзен-Гурьев-Куйбышев мұнай құбырында да орын алған. Оның соңы материалдық шығындармен қатар, кей жағдайда адам өліміне әкеп соқтырған.

Бұл кезеңде облыста мұнай өнеркәсібі дами түсті. Жоспардағы Өзен-Гурьев-Куйбышев мұнай құбыры іске қосылса, мұнай өңдеуді 2,7 есе өсіруге ықпал ететін Гурьев мұнай өңдеу зауытында ЭЛОУ-АВТ құрылғысының жұмысы жүзеге асырылды. Облыста химия өнеркәсібі де алға жылжыды. Маңғыстауда ауыл шаруашылығы үшін құнды тыңайтқыш нитрофос өндіру екінші кезекті зауыты салынып іске қосылды. 1970 жылы азот-туков зауытының бірінші кезегінің құрылысы аяқталып, аммиак пен азот қышқылының алғашқы мыңдаған тоннасы алынады. Оларға қоса Гурьев-Астрахан теміржол желісі тұрақты іске қосылады. Нәтижесінде облыста теміржол тартымдылығы бес жылдықта 1200 шақырымға өседі.

1972 жылы Гурьев қаласында «Қазмұнайгазбарлау» басқармасы ашылып, 1973 жылы терең бұрғылауда ел тапсырмасын орындайды. Барлаушылар Гран мекенін барлап, оны мұнай өндіруге тапсырса, Жаңаталап мекені тапсыруға дайындалады. 1973 жылы 28 ақпанда Жайық-Еділ аралығындағы мұнай көздерінің болашағы ескеріліп, Ембімұнай бірлестігі құрамында «Жайықмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасын құру қажеттігі дәлелденіп, КСРО мұнай өнеркәсібі министрі В.Шашинге ұсыныс жолданады. Осы жылдары балық шаруашылығында да өсім байқалады. Мәселен, 1970 жылмен салыстырғанда 1973 жылы балық өндіру 31 пайызға өседі.

1973 жылы Маңғыстауда ірі мұнай-газ өндіру ауданын құру жөніндегі тапсырмалар орындала бастады. Қорытындысында 19 наурызда Гурьев облысы партия комитеті мен облыстық атқару кеңесінің қаулысы жарияланады. Ол бойынша облыс құрамында Бейнеу, Ералиев аудандары құрылады. Бейнеу ауданына Маңғыстау ауданынан Бейнеу, Ақжігіт, Каменный ауылдық кеңестері, Ембі ауданынан Сарқамыс, Опорный, Ералиев ауданына Өзен ауданынан Ералиев, Жетібай, Ақсу және Шевченко қаласынан Маңғышлақ поселкесі беріледі. Қаулымен Өзен ауданы жойылып, Жаңа Өзен қаласы облысқа бағынысты қалалар санатына енгізіледі. Ал, 20 наурызда Гурьев облысынан бөлініп, Маңғыстау облысы құрылады.

ҚАЙРАТКЕР 1

Облыс басшылығы жастар біліміне, тәрбиесіне, олардың денсаулығын жақсарту мәселелеріне назар аударған. Мәселе 1973 жылы 27 қарашада өткен обкомның ХІІ пленумында арнайы тыңдалады. Осы жылы облыста 88442 оқушыны қамтитын 157 жалпы білім беретін мектеп, 4666 адамды оқытатын 11 кәсіби-техникалық училище, 6000 күндізгі және сырттай студенті бар 7 училище, техникум мен педагогикалық институт болатын. 157 мектептің 10-ы – үш, 123-і екі ауысымда оқыған. Оларға қоса 2241 бала 6 мектеп интернатында, 6900 бала орта және сегіз жылдық мектептер жанындағы интернаттарда тәрбиеленетін. Дегенмен облыста 460 оқушы жататын орын таба алмай, жеке үйлерге тұрақтаған. Мұның барлығы қатаң бақылауға алынады. Интернаттағы санитарлы-гигиеналық жағдай да талапқа сай емес-ті. Мәселеге назар аударған обком хатшысы М.Тәжин оқушыларда педикулез ауруының табылғанын, сондықтан жеке гигиеналық тәрбиеге, оларды тәрбиелеушілерді жоғары талап бойынша қабылдау қажеттігін мәселе етіп көтереді.

Пленумда сөз алған Гурьев қалалық пария комитетінің бірінші хатшысы Е.Тасқынбаев «1973 жылы темір жол техникумының 600 оқушысына арналған кешен құрылысының, мәдени-ағарту училищесі мен екі жаңа мектептің іске қосылғанын атап өтеді. Мәселені ескерген С.Мұқашев облыстағы дене шынықтыру мен спортқа, оны одан әрі дамытуға көңіл бөледі. Облыста дәстүрлі спартакиадалар өткізу, спорттық базаларды кеңейту қолға алынады. Осы мақсатта 400 төменгі дене шынықтыру ұжымдары құрылып, 90 мыңнан аса адам дене шынықтыру және спорт сабағына тартылады. 1973 жылы облыс республикалық жарыстарға қатысады. Нәтижесінде спорттың 30 түрінің 18-іне команда жіберіп, оның 6-уынан ғана жүлделі орын алады. Мұның өзі облыстағы спорттың жайын анықтап береді. Кейін анықталғандай, облыстағы 207 жалпы білім беру мектептерінің 81-інде спорт залдары болмаған. Соңында мәселе тағы да маман кадрларға келіп тіреледі.

1974 жылы социалистік жарыста табысқа жеткендері үшін облыс, екі аудан, жеті ұжым республиканың Ауыспалы Қызыл туын иемденсе, Гурьев қаласы және В.И.Ленин атындағы Гурьев балық консерві комбинаты КОКП Орталық Комитетінің Ауыспалы туымен марапатталады. Елдегі жаппай өзара жарыс арқасында облыста бақша-көкөніс өнімдері көбейеді. Ол Қазақстанның барлық облыстарына, тіпті одан тыс жерлерге тасымалдана бастады. 1975 жылы «Гурьев» совхозында қарбыздың өнімділігі гектарына 280 центнерге жетсе, «1 май» совхозы 160 гектарлы алқаптан 95 центнерден картоп жинайды. Ол Жайық өзені алқабындағы елді мекендерде жаппай қолға алынады. Сөйтіп ел бақша-көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етіледі. 1976 жылы «Гурьевмұнайхимияқұрылыс» тресі тұрғын үй салу жоспарын орындаса, жылына қуаттылығы 30 мың тонналық полипропилен өндіру, 220 орындық асхана, қалада бір жарым шаршы километр жылу желісі, Ішкі Істер басқармасының әкімшілік ғимараты, 1568 орынға мектеп құрылысы тапсырылады.

Саламат Мұқашұлы «Дана адам еді» атты естелік жазбасында: «КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің тұрақты өкілі Өтешқали Атамбаев: Ал, енді облысыңда проблемалар бар ма, әлде бәрін бұрынғы хатшылар Оңдасынов, Құбашев, Егізбаев, Есеновтер шешіп кетіп пе?» – деп жымиып күлді. «Әрине, тындырылған істер көп, әйтсе де әлі шешуін күтіп тұрған мәселелер баршылық. Облыстың экономикасы, әсіресе, мәдениеті, әлеуметтік жағдайы басқа өңірлермен салыстырғанда төменірек. Өзіңіз білесіз, біздің аталарымыз артына жөнді нәрсе қалдырмапты. Бұдан 300 жыл бұрын салынған азғантай ағаш үйлерді паналап, барды жамап-жасқап қалаға айналдырған ғой. Облыс орталығы жарты метр шұқысаң астынан тұзды су қабаты ашылады. Жол қатынасы да қиналтады, Алматыға кішкентай самолетпен шаршап жетеміз. Обком мен облатком баяғы, ірге тасы мүжіліп қалт-құлт етіп тұрған ескі үйлерде» дегенімде: «Жарайды, бәрін түсіндім. Мүмкіншіліктердің де мүшкіл болғаны белгілі. Енді  сен Мәскеуде шешілетін мәселелер жөнінен тиісті лауазым иелеріне бар, қорытындысын маған келіп қалдырмай айт, мен соларды шешуге жәрдемдесемін, бақылауға аламын,» – деді Өтеке. Кейіннен Өтекең  уәдесін орындап, аэропорт тұрғызуға, табиғат апатының зардабын жоюға үкімет тарапынан заттай және ақшалай көмек көрсетуге, Атырауға газ құбырын бұруға, тағы басқа маңызды мәселелерді шешуге жәрдемдесті» деп ел азаматын еске алған болатын.

1977 жылы 24 ақпанда өткен Гурьев облысы обкомының V пленумы ұйымдастыру мәселесін қарап, С.Мұқашевты қызметінен босатады. Көп ұзамай ол Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің төрағасы болып сайланады. Содан кейін 1980-1985 жылдары Маңғыстау облысы партия комитетінің бірінші хатшысы, 1985-1988 жылдың ақпан айына дейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төралқа төрағасы және КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқа төрағасының орынбасары қызметтерін сәтті атқарып, ел құрметіне бөленді. Біртуар азамат, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашев 2004 жылы 18 маусымда дүниеден озып, Жылыойдағы Құлсарыға жерленеді.

 

Әбілсейіт  МҰҚТАР,

тарих  ғылымдарының  докторы,профессор.

Баян ӘМІРЖАНОВА, 

мемлекеттік архиві басшының орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз