Ұшқыр ойлы, семсер сөзді Сүлеймен

 Облыстық газеттің соғыс жылдарындағы

бас редакторы С.САУЫРҒАЛИЕВ туралы тың деректер

8betttasfdОблыстық «Атырау» газетінің алғаш шыға бастағанына 90 жыл толуына орай жарық көрген мерекелік нөмірімізден кейін де үш айға жуық уақыт өтті. Сол тоқсан белестің сағаты соққаннан бергі қысқа мерзімде редакция поштасы небір тосын да  тың дерек-мәліметтерге толды, шежіреміз бұрынғыдан да байыды. 

 

 

8ytrfgСол соны дүниелерді саралап, салмақтап отырған сәтте сонау Жамбыл облысының  Сарысу  ауданынан келген бір хат  назарымызды  бөлекше  аудара берді.

«Амансыңдар ма, журналист балдарым!

Өздеріңе Жамбыл облысынан хат жолдаушы Зылиха апаларың. Түсінікті болу үшін бірден баяндайын: Мен қазіргі «Атырау» –  соғыс жылдарындағы «Социалистік  құрылыс» газетінің  редакторы  болған  Сүлеймен  Сауырғалиевтың жан дегендегі жалғыз қызымын. Бүгінде менің де жасым сексенге таяды. Ұлым Серік Сәдуақасов Атырауда тұратын еді. «Атырау» газетінің 90 жылдығына орай өздерің шығарған мерекелік нөмірлеріңді сол балам беріп жіберіпті, соны көріп, әсіресе, әкем туралы жазылған тұстарды оқығанда жанарым жасқа толды. Ұмытпаған екенсіңдер, айналайындарым менің! Көп рахмет сендерге!..

Жақында Атырауға бармақшымын. Менде әкем Сүлейменнің өз қолымен жазған біраз қағаздары, орден-медальдары, фотосуреттері, тіпті, атыраулық әріптестерінен кейінгі жылдары алған хаттары да бар. Соларды ала бармақпын. Әзірге сау-саламат болыңдар, көкелерім!

Сәлеммен, зейнеткер  Зылиха Сауырғалиева,

25 сәуір, 2013 жыл.»

Міне, осы қысқа ғана хатты оқығаннан кейін дереу Жамбылдың  Сарысуына телефон шалып, Зылиха апаймен тілдестік. Оның Атырауға келуін тағатсыздана тостық. Таяуда оған да мүмкіндік туып, редактордың қызымен жүзбе-жүз сұхбаттастық.

– Зылиха апа, сіздің сонау Жамбыл облысынан үн қатып жолдаған сағынышты хатыңызды оқығаннан бері газетіміздің алдыңғы ізашар толқыны туралы тағы да бір тың деректер қоры молаятындай көңіліміз ерекше алабұртты. Жалпы, әкеңіз қандай адам еді?

– 1972 жылы бар болғаны 58 жасында дүниеден өткен ол осы Атырау өңірінің тумасы, Ысық руынан болатын. Әуелі еңбек жолын баспаханадағы әріп терушіліктен бастаған ол кейіннен облыстық газеттің бас редакторлығына дейін көтерілді. Сол шақта бала болсам да, әкемнің күні-түні қағазға шұқшиятын тынымсыз қарекеті күні бүгінгідей көз алдымда. Анам Гүлсім де баспаханада әріп  теруші болып жасады. Сондай-ақ, туған інісі Нұрмұхан редакцияда корректор, оның келіншегі Тәрбие де әріп теруші болды. Біздің үйімізден баспахана қорғасынының иісі шығып тұратын десем, өтірік айтқандық болмас. Соғыс жылдары ғой, жұмыс қолы ерекше тапшы, оның үстіне майдан хабарларын соңғы сағаттарға дейін күтіп, оқырманға барынша оперативті жеткізуді көздейтіндіктен, газет түн ортасында, тіпті, таңда басылушы еді. Қазіргі баспахананың қандай екенін білмеймін, ол кездегі газет басу процесі тым қарадүрсін-тұғын. Әріп қолмен теріліп, гранкі жіппен байланатын. Терілген бет баспа станогіне әкелінер сәтте әлгі байлаулы гранкілер жібі үзіліп немесе шешіліп кетіп, әріп біткен шашылып қалатын жағдайлар жиі болатын. Ондай хабар тиісімен әкем үйдегілерді түгел жаяу-жалпылатып баспаханаға ертіп барып, өзі бас болып әріптерді қайта теруге кірісетін.  

– Пах, шіркін, әріп теруде қолым әлі сол күйі жорғалап тұр екен, – деп ондайда ерекше арқаланып кететінін көзім көрді.

Мұның бәрін баяндап отырғаным –  әкемнің өте қарапайым, соның ішінде қарамағындағыларға туысындай қамқор болғандығын айтқым келгені. Әрі өзі қиындыққа мойымайтын, жауапкершілік жүгін терең түсінетін. Үйде бір зәуімен әңгіме-дүкен құрғанда әріптестеріне:

–  Біздің жұмысымыз да – майданмен бірдей, әрбір сөзіміз басқыншы жауға қарсы атылған оқ болуға тиіс. Біз елдің рухын көтеріп, жеңіске жетуге жігерлендіру үшін күн-түн демей еңбек етеміз, – деп үнемі қайталап отырушы еді.

– Сіз жалғыз перзенті екенсіз, әкеңіз бала жүрегінде қалай ұялап қалды?

– Маңдайына біткен жалғыз қызы болғандықтан шығар, әкем Сүлеймен мені жанындай жақсы көрді. Бала күнімде редакцияға, баспаханаға күндіз де, түнде де қасына ертіп апарушы еді. Әлденеге жаны қиналғанда мені кәдімгідей қара тұтып, ішкі ойларын төгіп-төгіп тастайтын, жарықтық. Кішкентай кезімде оны түсініп, ақыл қоса алмасам да, кейін ондай сәттерде мен де өз пікірімді айтатын болдым. Оның бұл дағдысы өмірінің соңына дейін жалғасты. Олай дейтінім – жалғыз қызы болғандықтан, ғұмыр бойына менен екі елі ажыраған емес. Мен тұрмысқа шығып, өз алдыма отбасылы болғаннан кейін де осы үрдіс үзілмеді. Біз қай жерде тұрсақ, ата-анам сол жаққа қоныс аударып отырды. Айталық, Гурьевтен кеткеннен кейін – 1955 жылға дейін әкем Шымкентте, Шығыс Қазақстанда және Жамбыл облысында аудандық, облыстық газеттердің редакцияларында түрлі жауапты жұмыстар атқарды. Одан кейін Жамбыл облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, облыстық баспасөзде мемлекеттік құпияны сақтау бөлімінің бастығы болды. Соңғы он жыл ішінде Жамбыл облыстық байланыс басқармасында техникалық ақпарат бойынша инженер болып еңбек етті. Ел алдындағы еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Мақтанғаным емес, әкемнің барлық мемлекеттік наградалары мен Құрмет  грамоталарына дейін қолымда сақтаулы, сіздерге редакция мұрағатына көшірмелерін қалдыру үшін әкеліп отырмын.

– Жаңа осы сұхбатқа кіріспес бұрын сіздің қолыңызда сақталған құнды мұрағаттық құжаттармен танысып шықтық. Соның ішінде Сүлеймен Сауырғалиевтың өз қолымен жазылған мына бір «Об руководящих работниках казахской интеллигенции, не оценивающих родной язык» деген тізім назарымызды аудара берді. Бұл туралы нендей хабарыңыз бар?

– Сұрағың орынды. Бұл туралы өздеріңнің де хабарларың бар. Биылғы  мерекелік нөмірлеріңдегі («Елмен бірге есейген «Ерік» еді…» , 30 сәуір, 2013 жыл) өзіңнің мақалаңда да арнайы дерек келтіріліпті. Әкемнің «Ана тілін бағаламайтын, саясаттан кенже қалған бейшаралар туралы» деген көлемді сын мақаласы туралы белгілі драматург-жазушы Берік Қорқытов  еш  боямасыз,  өте  дұрыс жазған:

«…Облыстың бетке ұстаған бірталай басшыларының есімі аталды. Елдің іші ду ете түсті, құптағандары да, артын баққандар да болды. Көп кешікпей бұл мақала облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, редактор сөгіс алып шықты. Сүлеймен  сол  бойда  тәржімашы  Қыдырғали Сасықовқа мақаланы орысша аудартып, машинкеге бастырып, Москваға, Орталық партия Комитетіне, Г.М.Маленковтың атына жіберді. «Редакторды жұмыстан алады екен» деген сыбыс та ел ішіне тарай  бастады. Бір  күні  Сүлейменнің  атына сыртында «Центральный Комитет ВКП (б)» деген жазуы бар пакет келді. Сүлеймен өзі оқып болғаннан кейін бәрімізді шақырып алып таныстырды. Ол хатта: – газеттің мақаласы дұрыс, облыстық партия комитеті бюросының шешімі  теріс деп  табылды,  қаулы  облыстық партия комитетіне жіберілді, сонымен танысыңыз, – деп жазылыпты… Әлде қалай болады деп күдіктене жасып жүрген біздің де мерейіміз көтеріліп қалды. Ал, бұдан кейін редактормен сөйлесіп көр. Басшысымақтар да жым-жырт болды…».

Бұл жерде айтарым – аталмыш мақала Берік ағаның жазғанындай 1946 жылы емес, 1943 жылдың 10 желтоқсанында «Социалистік құрылыс» газетінде жарияланған. Жаңағы өзің көрген салақұлаш тізімде мақаланың газетте жарық көрген уақытын да әкемнің өзі жазып (суретте) қойыпты. Ал, тізімде «1. Имангалиев – второй секретарь горкома партии. 2. Казиев – председатель Ново-богатинского райсполкома. 3. Жумаханов – зам. председателя облисполкома по местной промышленности…» деп ұзын-саны он төрт лауазым иесінің аты-жөндері келтірілген. Мұның өзі оның сын мақаланы дайындарда нақты фактіге жүгінетіндігін, әр сөзін дәлелді түрде тайсалмай жазатындығын айқын дәлелдейді.

Сүлеймен Сауырғалиевтың өз қолымен жазған басқа да мақалаларының түпнұсқалары менде жинақтаулы тұр. Өзінің 1964 жылы 7 қаңтарда жазған өмірбаянынан үзінділер оқысақ, білім деңгейі хақында былай дейді: «Я, Саургалиев Сулеймен Саургалиевич с 1924 года по 1932 года учился в городах Гурьеве и Оренбурге, где окончил казахскую школу первой ступени,  Оренбургскую  школу  подростков и Оренбургский рабфак им. И.В.Сталина. Позднее окончил партийную школу при ЦК КП Казахстана в гор. Алма-Ате и первый курс ВПШ при КПСС зоочно…»

Ал, журналистік, қоғамдық қызметі туралы өз қолымен былай деп жазыпты: «…Основная специальность – журналист. Общий  трудовой  стаж – 37 лет. 40 лет состою  членом  профсоюза,  т.е.  с 1929 года будучи еще студентом в гор. Оренбурге. 9 лет (1929-1937 гг.) был членом Ленинского комсомола. В рядах Коммунистической партии с 1938 года, в том числе 30 лет членом КПСС. Партийное взыскание не имею…

…При этом подчеркиваю, что я никогда не отрывался от журналистической работы, систематически выступал и  выступаю на страницах печати с материалами на разнообразные темы. Не полный перечень опубликованных работ прилагаю…». Одан әрі жылдар бойғы жарияланымдарының тізбесін де мұқият жазып қалдырған. Яғни, «Атырау» газетінің шежіресіне қатысты нақты деректер ретінде мынадай мәліметтерді беруге болады: Сөзіміздің басында Сүлеймен Сауырғалиев баспахана әріп терушісінен облыстық газет редакциясына әдеби қызметкерлікке алынғанын айттық. Ал, 1934 жылы ол – өндіріс-транспорт бөлімінің меңгерушісі, 1938 жылы – жауапты хатшы, 1940 жылы – редактордың орынбасары, 1941 жылдың 1 тамызынан 1947 жылдың шілде айына дейін басқа облысқа қызметке ауысқанша редактор болған.

– Бәрімізге де  ерекше  ыстық, бертінге дейін ғибратты әңгімесін өз аузынан тыңдаған абыз ақсақалымыз Берік Ыбырашұлы Қорқытов өмірден өткенінше Сүлеймен Сауырғалиев туралы бөлекше бір ілтипатпен еске алушы еді. Ол әкеңізбен хат алысып тұратынын да айтқаны бар…

– Әкем туралы әділ сөзін айтып, ағынан ақтарылып жазып кеткен Берік ағаның рухына басымды иіп, тағзым етемін. Оның 1993 жылы жазған «Алғашқы редакторым» деген естелігін алғаш оқығанымда ағыл-тегіл жылағанымды қалай ғана ұмытайын? «…Бірталай редакторлармен жұмыстас болдым, бірақ Сүлеймендей алғыр, іскер, батыл, өткір де, шешімді редактор көргенім жоқ. Ол алдымда обком, облисполком бар ғой деп ешкімнен тайсалмайтын, жасқанбайтын. Ол күнде сын мақаласыз, жұмасына бір фельетонсыз газет шықпайды. Сын мақала түссе, мынау бір бастықтың жақыны, не туысы емес пе екен деп осы күнгідей қипақтамайды, фактілерін тиісті орындарға тексертіп алып, анығына жетіп, құдайдың жақыны болса да қорғалақтамай жариялап жібереді. Мені алғаш рет фельетон жазуға жетектеп үйреткен осы Сүлеймен. Және газетке шыққан сын мақалалардың аяқсыз қалмауын қадағалап, түбіне жетпей қоймайтын…» деп әкемнің адами, журналистік болмысын айна-қатесіз жазған.

Әрине, Берік аға кейін де әкеммен хат-хабар алысып тұрды. Міне, менің қолымда оның 1964 жылдың 20 ақпанында  жазған бір хаты бар. Онда:

«Сіздің хатыңызды алып, аурулық халіңізді естідік. Біз көптен бері көрмегенмен, мұндай күйге түспеген болар, денсаулығы жаман болмас деп ойлап жүруші едік, халім нашар дегенді естіп, ойланып қалдық. Жігіттердің сізге деген реніші жоқ, бәрі де жұмыс бабында айтылған артық-кем сөздерді кешіреді ғой, ондай пасық адамдар бізде жоқ қой…

Ауру адамға хатты көп жазып мазасын ала беруге болмас деп, қысқа және оқуға жеңіл болсын деп Ағибаға машинкамен  бастырып отырмын. Тезірек жазылып, аман-есен семьяңызға қосылуыңызға бүкіл коллектив болып тілектеспіз. Мүмкіндігі болса елге келіп, қыдырып қайтуыңызға немесе біржолата келуіңізге тілектеспіз, құшақ жая қарсы аламыз.

Алдымен өзіңізге, әжеме, жеңгеміз Гүлсімге, ініміз Жапар мен Бақытжанға, қарындасымыз Зылихаға, Күләшқа, Розаға көптен-көп сағынышты сәлем және бәріңіздің де сау-саламат, бақытты болуларыңызды тілеймін.

Сәлеммен, ініңіз Берік.

Гурьев қаласы, 20 февраль, 1964 ж.» деген екен қайран аға. Осы хат жолдарының өзінде әріптес ағасына деген қаншама інілік ілтипат пен сыйластық құрмет жатыр десеңізші. Елден келген осындай хаттарды оқып отырғанда әкемнің де жанары жасқа толып, өткен күндерді қимастықпен еске алатын сәттеріне талай куә болғанмын.

Берік ағадан басқа да көптеген әріптес інілері Сүлеймен Сауырғалиев сынды бұрынғы редакторды ұмытпай хат жолдап тұрды. Менде ондай уақыт табынан сарғайған үшбу хаттар сақтаулы. Айталық, «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің редакторы Түсіп Бисекеновтің мына бір хатын оқып көрелік:

«… Алдағы  көктемде – 1973  жылдың     1 сәуірінде Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» (бұрынғы «Социалистік құрылыс», ілкі аты – «Ерік») газетінің шыға бастағанына 50 жыл толады. Атырау  өңірінде қазақ тіліндегі  баспасөз  Совет өкіметі орнағаннан кейін ғана пайда болғанын еске алсақ, бұл газет – соның алғашқы қарылғашы.

Редакция газеттің юбилейіне әзірлік және оны өткізу жөнінде әдейі комиссия құрып, нақты  шаралар  белгіледі.  Мұндағы басты көңіл бөлініп отырған бір мәселе – газетіміздің жарты ғасырлық  тарихын жасау. Бір кездегі балаң шақтан бүгінгі кемел жасқа дейінгі өсу жолын көрсету. Осыған орай Сізден біздің редакцияда жұмыс істеген кезіңіз жайлы мына сұрақтарға жауап бере, қысқаша естелік жазып жіберуді өтінеміз…».

Өкінішке орай, қатты сырқат әкем бұл хатқа жауап та, естелік те жазып жібере алмады, тіпті, газеттің жарты ғасырлық мерейтойы атап өтілер күнге де жете алмады, 1972 жылдың қыркүйегінде бақилық болып кетті.

Мына бір хатты осы газет редакциясында кезінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып қызмет атқарған талантты ақын-журналист Қабижан Сағиев жолдаған екен. Бұдан да бір-бірінен жырақтау жүрсе де, берік қалыптасқан шынайы сыйластықтың қалтқысыз үлгісін көреміз. Оқып көрелік:

«Құрметті Сүлеке, ден сау, жақсы боларсыз. Үй іші, шешей, жаман жеңгем, балалар сау ма, бізден көп-көп сәлем!

Ал, жақсы үй алыпсыздар, қатты қуанып қалдым. Удобстваның өзі неге тұрады. Сол связь арқылы ма, горсовет арқылы ма? – деп жазады Қабижан хатында. – Үйлеріңнің іші құтты болсын, қызығын көріңдер, байғазысын барғанда берермін. Жамбылдағы бізді танитындар аман ба, Жапаш, Тәрбие, Бақыт, т. б. балалар бұрынғы орынша ма?

Біз  де  аманбыз, бөтен жаңалық жоқ, балдар  сау,  өзіміз  бұрынғы  жұмыстамыз. Сіз танитын жерлестер бәрі де аман.

Сүлеке, саулығыңыз қалай, ұйқы қалай? Сол ұйқы менде де нашар. Дәрі-дәрмекке әдеттенсе тағы жаман сияқты. Радикулит, т. б. ауру-сырқаулар тап бола береді.

Басқа айтар жаңалық жоқ, тек амандық білдіру. Хат жазғаныңызға көп-көп рахмет.

Сәлеммен, Қабижан.

17.III. 1972 ж.».

Міне, мұндай хат алмасулар әкемнің дүниеден өткенінше атыраулық жерлестерімен, соның ішінде облыстық газетте бірге қызмет істеген және кейінгі толқын әріптестерімен де тұрақты байланыста  болғанын көрсетеді.

– Иә, осынау игі үрдіс – ұрпақтар сабақтастығы газетіміздің тоқсан жылдық белесінің өн бойында жарқын жарасымдылықпен өріліп  жатыр. Сондықтан да,  «Атырау»  газетінің  шежіресіне  қатысты қандай да бір тың дерек біз үшін аса қымбат. Осы орайда өзіңіз сонау Жамбыл облысынан арнайы келіп, Сүлеймендей ұшқыр ойлы, семсер сөзді журналист, газетіміздің бұрынғы бас редакторларының ішінде есімі ерекше аталатын іскер тұлға хақында естеліктеріңізді ортаға салғаныңыз үшін үлкен рахмет айтамыз. Аман жүріңіз, ұрпағыңыздың қызығын көріңіз!

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз