БАСТЫ МАҚСАТ – БІТІМГЕРШІЛІК

Адам құқығы және оның саулығы мемлекеттігіміздің басты кепілі болып табылатын ел Конституциясында айқын көрсетілген. Тәуелсіздік жылдарында бас құжаттың осы талаптарын жүзеге асыруға нақты қадамдардың жасалғаны қуантады. Ал, медиация тәжірибесінің қолданысқа енгізілуі өз алдына үлкен жаңалық болды. Себебі, сан алуан дау-жанжалдарды (тіпті орта дәрежелі қылмыстық істерді де) сотқа жеткізбей, бейбіт жолмен шешу – әлемде кеңінен тараған үрдіс. Осы орайда «Медиаторлар ұлттық палатасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің тренер-медиаторы Қадірғали ТАҢҚИЕВпен жүргізілген сұхбатта бұл мәселе туралы кеңінен тарқататын боламыз.

 

– Қадірғали Қоңырұлы, аталмыш заңның қабылданғанына төрт жылдай уақыт болды. Десек те, бұқараға медиация туралы түсінік әлі де жетпей жатқандай ма, қалай өзі? 

– Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар ішінде Елбасының тапсырмасымен адам мүддесін қорғау жөнінде қыруар шаралар атқарылды. Нақты нәтижелер де бар. Соның ішінде Елбасының Қазақстан Республикасы судьялары мен соттарының V съезінде берген тапсырмаларын іске асыру жоспарына сәйкес әзірленген «Медиация туралы» заңның қабылдануы – қоғам дамуын білдіретін маңызды шара.

Елімізде бітімгершілікке келу мен дау-жанжал мәселелерін шешудің альтернативті формасы – 2011 жылдың 5 тамызында ҚР «Медиация туралы» заңы күшіне енді. Заңның қабылданып, республика аймағында қолданысқа ие болғанына өзіңіз айтқандай төрт жыл өтті.

Медиация – екі жақты татуластыру, бітімгершілікті сақтау рәсімі. Ол қазақ халқы үшін жаңалық емес екені де анық. Жер дауы мен жесір дауын билер алқасы шешіп отырғанын ескерсек, мұның да қоғамның демократиялық жаңару қағидатына астарлас екені көрініп тұр.

– Ал, медиацияның артықшылығы неде?

– Медиацияның артықшылығы – жоғарыда айтып өткен қағидаларда. Осы қағидалар медиация қызметінің соттан айырмашылығын және қолданылуының қарапайымдылығын білдіреді. Медиация қандай қызмет көрсететініне, оның ерекшелігіне тоқталатын болсақ: Біріншіден, медиация бейресми, процедуралары икемді. Екіншіден, дауласушылар арасында қарым-қатынасты сақтайды. Үшіншіден, уақыт, ақша ресурстарын үнемдейді. Төртіншіден, тараптар мүдделерінің қанағаттандырылуына ықпал етеді. Бесіншіден, даудың жария болу тәуекелін азайтады.

Медиатор араздасушы екі жақпен де жеке-жеке әңгімелесіп, ушыққан жағдайды реттеудің, сауықтырудың барынша әділетті, ұтымды амалдарын қолданады. Қандай да бір тарап ымыраға келуден бас тартса, медиатор бұл күрделі жағдайды өзінің парасат-пайымы мен біліктілігі арқасында шебер шешуге тырысады.

– Бүгінде Қазақстанда қанша медиатор бар? Жалпы, кімдер медиатор бола алады?

– Медиаторлар екігебөлінеді. Олардың бірі медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби медиаторлар, ал екіншісі – кәсіби емес медиаторлар. Медиаторлардың екінші тобы, көбінесе, жергілікті әкімшіліктердің тарапынан құрылады және олар негізінен әкімшіліктің мүддесін қорғауға бейім тұрады.

Кәсіби медиатордың мемлекет қызметкерлерінен айырмашылықтары бар. Ол – сыртқа жария етпеу. Медиатор екі тараппен де бөлек басқа бөлмеде отырып, шағымданушы тараптан даудың мән-жайын толығымен анықтап тыңдау рәсімі бар.

 Кім медиатор бола алады? Медиация ісімен кәсіби түрде шұғылдануға кез келген орта немесе жоғары білімі бар азаматтың мүмкіндігі бар. Ол үшін «Медиаторлардың ұлттық палатасы» республикалық қоғамдық бірлестігінде арнайы курстан өтіп, сертификат алып, реестрден өту керек. ҚР-ның «Медиация туралы» заңына (9-шы бап) сәйкес, медиатор қызметі кәсіби және кәсіби емес негізде жүзеге асырылады.

– Медиация жолымен істерді сотқа жеткізбей шешу өзге өркениетті елдердің  тәжірибесінде бар ғой…

– Егер медиацияны өркениеттің даму тарапынан қарайтын болсақ, адамның келісімге келуге тырысуы бұрыннан келе жатыр. Медиацияның бүгінгі күнгі сипаттамасы Еуропалық парламенттің және Еуропалық Кеңестің директиваларында берілген. Бұл директива 2008 жылдың мамыр айында күшіне енді. Мұны Еуропалық Одақ құрамына енген 27 ел қолдап отыр. Бұл – Батыс елдерінің басым бөлігі медиацияны басты бағдар етіп отырғанының кепілі. Әр елде медиацияны интеграциялау, дамыту ұқсастығы мен айырмашылықтары да жеткілікті. Мәселен, құқықтық базаны қалыптастыру аспектісі. Шетелдік тәжірибені зерттей келе, медиация туралы заң болғанымен, ол заң медиацияның дамуын нақты көрсете алмайтынына көз жеткізілді.

 – «Медиация туралы» заңның жүзеге асырылуы барысында қиындық туғызып отырған мәселелер бар ма?

– Бастапқы жылдары Атырау облысы медиаторлары елу шамалы іс қарады. Бұл азаматтық, экономикалық жанжал мен келіспеушіліктер, орта қылмыстық істер болды. Оның 97%-ына қайырымдылық ретінде ақысыз қызмет көрсетілді. Оған себеп медиаторларға жүгінушілердің басым бөлігінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы орта деңгейлі азаматтар екендігін ескерсек, олардың медиация қызметі жөнінде бекітілген прейскурант бағасын көтере алмайтындығы анық. Сондықтан, көпшіліктің қандай мәселе болмасын сот билігіне жүгінуіне тура келеді. Сотқа шағымдану тым арзан, ол кез келген азаматқа қолжетімді. Осы тұста «сот билігі көрсететін қызмет бағасы көтерілуі жөн» деген заңды ұсыныс туындайды.

 – «Медиация туралы» заң баяу болса да жүзеге асып келе жатқан секілді. Осы орайда, бұл саланы дамыту үшін нені қолға алған дұрыс? Медиация туралы заңның «Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің кәсіпқой емес медиаторлар тізілімін жүргізуі» деп көрсетілген 16-бабының мүмкіндігі тек қағаз жүзінде қалып отырған жоқ па? Өйткені, медиаторлар негізінен қалалық жерлерде қызмет көрсететіндіктен, ауыл тұрғындарының оған жүгінуге мүмкіндігі  шектеулі емес пе?

– Медиация қызметін кеңінен жарнамалау мүмкіндігі кеңейсе деген тілек бар. Мұнда түрлі түсті қағаздармен безендірілген брошюралар, ақпараттық қағаздарды басып шығару да артық болмас еді.

«Медиация туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керектігін тәжірибе көрсетуде. Жоғарыда айтылғандарды нақтылай кетейін: Мәселен, сот қызметінің ақысы көтерілсе, медиация жөнінде ақпаратты таратуды қаржыландыру көзі «Медиация туралы» заңда белгіленсе екен және медиаторлар үнемі ақысыз қызмет көрсетуге мүдделі емес. Ал, тұрмысы нашар азаматтардың не сотқа, не медиаторларға жүгінуіне жағдайы жетпесе, бұл мәселенің де шешілу жолдары көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар, атқарушы билік органдарының мемлекеттік тапсырыс беру шығындарының ішінде осы мақсат шығындары қарастырылса, тіпті 1-3 пайыз болса да жаман болмас еді.

Тағы бір айтарым, Біріккен Ұлттар Ұйымының Дамыту бағдарламасы (ПРООН) пилоттық жобаларды қаржыландырумен, оларға көмек беруімен танымал. Еліміздегі медиация қызметіне осындай ұйымдар тарапынан қаржылық қолдау болуы қажет. Оған қоса, медиацияның елімізде қолданысқа енгізілгеніне аз ғана мерзім болғанын ескерсек, шетел тәжірибесіне де сүйенуге болады. Бұл орайда жоғарыда аталған ұйымның ықпалы, әрі көмегі орасан зор болатыны анық.

Кәсіби медиатор – жасы 25-тен асқан, ҚР Үкіметінің қаулысымен (2011 жылдың 3-ші шілдесі, №770) бекітілген ережеге сәйкес медиаторларды даярлау бойынша Бағдарламасынан өткен азамат бола алады. Кәсіби медиатордың марапаттау алуға және шығындарды жабуға құқығы бар.

Кәсіби емес медиатор – жасы қырықтан асқан кәсіби емес медиаторлардың реестрінде тіркеуде тұрған тұлға бола алады. Кәсіби емес медиаторлар жұмысы төленбейді, олардың медиация жүргізуге кеткен шығындары ғана төленеді.

Медиаторлар реестрі жүргізілетіндер:

   – Кәсіби медиаторлар реестрі – кәсіби медиаторлар ұйымы;

   – Кәсіби емес медиаторлар реестрі – қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық  округтер әкімдері.

    Реестрлер қазақ және орыс тілдерінде бұқаралық  ақпарат құралдарының сайттарында жариялануы міндет.

Сұхбаттасқан

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз