АТА ЗАҢЫМЫЗ – тұрақтылықтың негізі

Елдің бас заңына, міне, жиырма жыл толды. Бұл – тарих үшін өте қысқа мерзім. Осы қысқа да болса мазмұны бай мерзімде халқымыздың бүгінгісі мен болашағына байланысты көптеген саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа да өте маңызды мәселелер өзінің тиісті шешімін тапты.

 

Ата Заңымызда 9 тарау, 98 бап бар, оған үш рет – 1998, 2007 және 2011 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, Президенттің, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының сайлану мерзімдері мен өкілеттіктері өзгерді, пропорционалдық сайлау жүйесі енді, Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болды және ол өз өкілдерін Мәжіліске сайлау құқын иеленді.

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде бес рет Президент сайлауы, бірнеше рет Мәжіліс және Сенат, жергілікті мәслихаттар мен әкімдер сайлаулары, Президенттің өкілеттігін ұзарту және жаңа Конституция қабылдауға байланысты референдумдар өтті. Әр өткен сайлаудың, референдумның өз ерекшелігі мен сабақтары бар. Сондықтан, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына да көптеген өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Қазақстан Республикасында екі рет референдум өткізілді. Бірінші рет 1995 жылғы 29 сәуірде республикалық референдум өткені белгілі. Референдум нәтижесінде азаматтардың 95,4 пайызы «жақтап» дауыс беріп, ел Президентінің өкілеттігі 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартылған болатын.

Екінші рет 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлық қабылданды. Бүгінгі күні біздер осы 30 тамыз 1995 жылы өткен референдумда халық қолдаған Ата Заңымыздың 20 жылдығын тойлаудамыз.

Демократияның бір қыры – сайлау. Сондықтан әділ, жүйелі баламалы, таза сайлау – демократиялық елдерді демократиялық емес елдерден ажырататын өлшем. Көптеген мемлекеттер бүгінгі сайлау жүйесіне ұзақ тарихи эволюция жолын басынан өткізіп келді. Мысалы, Франция можаритарлық (дауыстың көпшілігімен) жүйе бойынша бірінші сайлауды 1302 жылы, ал Англия тіпті 1265 жылы өткізген. Ғасырлар бойы осы әдіс үстем болып, саяси партиялар пайда болған тұста ғана пропорционалдық жүйе еніп, үстемдік алды. Бірқатар елдерде ата – аналық құқығынан айырылғандар немесе сайлау заңын бұзып көзге түскендер, қос азаматтығы барлар да сайлау құқығынан айырылады. Сондықтан, сайлау жүйесінде белгілі бір үлгі тұтарлық модельдің немесе стандарттың жоқтығы бәрімізге анық.

Әр мемлекет өз ерекшеліктеріне байланысты, өз сайлау жүйесін қалыптастырады, сайлауды өздерінің заңдарының шеңберінде ұйымдастырады. Себебі, олардың дәстүрлері, тарихи даму өткелдері әртүрлі және даму барысында ол өзгереді, жетіледі. Шет ел тәжірибесінен керегін, ақылға қонымдысын алу орынды. Сайлау жүйесінің түпкі мүддесі – елді біріктіру, елдің тұрақтылығы мен бірлігін сақтау, сайлау процесіне қатысушылардың саяси, құқықтық мәдениетін, білім деңгейін арттыру.

 Қазақстан Республикасының Конституциялық заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңы елімізде болып жатқан демократиялық процесстердің дамуына байланысты бірнеше рет толықтырылды. Сарапшылар бүгінгі күні біздің заңымызды халықаралық стандарттарға сай деп танып отыр. Ол – бабалардың даналығы мен қазіргі заманның рухын бірлестіріп, үйлестірген, жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың теңдігін тегіне қарамастан бекіткен ұлы құжат болды. Өркениетті қоғам құруды алдына мақсат еткен елдің Ата Заңы, заңды қорғайтын әділ соты, заңды құрметтейтін адал азаматтары бар.

Біз Ата Заңға сүйене отырып, қазақ мемлекеттігінің іргесін бекіттік, дамудың даңғыл жолына түстік. Ата Заңымыз – Қазақ мемлекетінің дамылсыз дамуына, үздіксіз өсуіне кепіл болған барша заңдарымыздың қайнар көзі, бастау бұлағы. «Заңын құрметтей білген, заңына бағына білген ел ғана озады» деген дана сөз бар. Біз елдігіміздің тұғыры – Ата Заңымызды құрмет тұтып, оның әрбір бабын өмірлік заңымызға айналуын қадағалап келеміз. Соның нәтижесінде асқар асулар мен биік белестерді бағындырдық, еңселі елге айналдық. Өткен тарихтан тамыр алған, ертеңгі болашаққа тұғыр болған Ата Заңымыз салтанат құрып тұрғанда еліміз толағай табыстарға жете бермек.

Президентіміз Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында да, «Нұр Отан» партиясының съезінде сөйлеген сөзінде де елімізде демократиялық үрдістерді дамытуға айрықша назар аударып, саяси реформаларды жүзеге асырудың мезгілі жеткендігін, Қазақстан эволюциялық даму жолын ұстанған мемлекет екенін айқындап айтқан-ды. Демек, біздер экономиканы дамыту арқылы демократиялық қоғамға аяқ басып отырмыз. Бұл – бүкіл әлемдік тәжірибеде сан рет дәлелденген ұтымды әдіс.

Ал, Конституцияның тұрақтылығы – мемлекетіміздің, қоғамымыздың тұрақтылығының, дамуының кепілі. Сондықтан, біздер Отанымыздың нығаюына бар күшімізді жұмсап, туған еліміздің дамуына, гүлденуіне өз үлесімізді қосайық!

Тамара АМАН-ТУРЛИНА,

Атырау облыстық

мәслихатының

аппарат басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз