АРДАҚТАП АТА ЗАҢЫМДЫ…

«Конституцияны жатқа білемін!» байқауы мәресіне жетті

Бұдан бұрын газетімізде хабарланғанындай, облыс әкімдігі мен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті бірлесіп, мемлекетіміздің бас құжаты — Ата Заңымыздың мерейлі 20 жылдығына орай «Конституцияны жатқа білемін!» атты конкурс жариялаған еді.  Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалық етуімен 11 адамнан құралған арнайы комиссия жүзден жүйріктерді анықтап, сый-сыяпат ұсынды.

Мемлекетіміздің темірқазығы

Байқауды қорытындылау шарасының шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы мемлекетіміздің темірқазығы саналатын Ата Заңымызды ардақтап, белсенді қатысқандарға өз алғысын жаудырды. «1995 жылы 30 тамызда болған республикалық референдумда бірауыздан Ата Заңымыз қабылданғаны баршаға мәлім. Биыл құрылғанына 550 жыл толып отырған Қазақ хандығы – біздің мемлекеттігіміздің бастауы. Міне, Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Сырымның халық кеңесі сынды халықтық заңдар кейін өз жалғасын тауып, бүгінгі Конституциямыз өмірге келді. Ендеше, сол құрмет тұтар Ата Заңымызды неге жатқа білмеске? Байқау өткізудегі ой осыдан туды» деді облыс әкімінің орынбасары.

Комиссия құрамында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, ардагерлер, саясаткерлер болды.

Конкурсқа қатысуға Ата Заңымызды барынша жатқа білетін барлығы 64 адам ниет білдіріп, соның 26-сы қазылар алқасы алдында мықтылығын дәлелдеді. Олардың қатарында Махамбет, Қызылқоға, Исатай, Жылыой, Индер аудандарынан және облыс орталығынан келген мектеп оқушылары мен түлектері, оқуға түскелі жүрген талапкерлер мен қарапайым тұрғындар да болды.

Үй шаруасындағы қала тұрғыны Гүлсезім Жұмабаева байқауға жеңу үшін емес, Ата Заң баптарын біліп жүруге құмартып келгенін айтады. Ал, жергілікті «Қазнефтестройсервис» мекемесінің қызметкері Жасұлан Қабдырахманов Атырауда алғаш өтіп жатқан айрықша шараға куә болғысы келгенін жасырмады.

– Өкінішке орай, тіркелген 64 адамның тек 26-сы ғана байқауға атсалысып отыр. Қалғандары түрлі себептерге байланысты қатыса алмады. Байқауда жас ерекшелігіне шектеу қойылмады, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Санжар Кенжебаев. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар сайыскерлердің жеке дара қабылданбайтынын қатаң ескертті. Яғни, бәрі де бір мезетте бірдей сыннан өтеді.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылар компьютерлік залға өтіп, Конституция мазмұны бойынша тест сынағын тапсырды. Онда үш жауап нұсқасымен барлығы 20 сұрақ қойылды. Әр сұраққа бір балдан есептелді.

Ал, екінші бөлімде қатысушыларға Ата Заңның 98-бабына қатысты сұрақтар жазылған билеттер ұсынылды. Қалаған билетті суырған қатысушылар әр бапты мәнерлеп, бүге-шүгесіне дейін қазақ, орыс тілдерінде жатқа айтып берді. Көп сөйлемнен тұратын 77-бапты суырған Тоғжан Қанат әр сөйлемге жекелей тоқталып, бәрін де жаңылмастан айтып шықты. Әсіресе, орыс тілді қатысушылардың белсенділігі байқалды. Бұл жолы да қазылар қатысушылардың жоғары дайындығын бірден беске дейінгі балдық жүйемен бағалады. Сыннан сүрінбей өткен қатысушыларға ең жоғары 55 балл қойылды.

Индер ауданынан келген Нәслизат Төленбай Ш.Уәлиханов атындағы мектепте енді 10-сынып оқиды. «Мен болашақта заңгер мамандығын игергім келеді. Өйткені, еліміздің әр азаматы өз құқықтарын білуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан, осы байқауға қатысып, бағымды сынап көргім келді. Мені сайысқа тарих пәнінің мұғалімі Алтынгүл Көшек дайындады. Ата Заңда барлығы 98 бап болса, соның жетпістен астамын жаттап алдым», – дейді ол.

Осы ауданнан қатысқан тағы бір оқушы Айсана Қуанышкереева байқаудың өтетіндігі жөнінде аз уақыт қалғанда газетімізден оқып білгенін айтады:

– Есбол селосындағы Кулагин орта мектебінде оқимын. Ал, Атырау мемлекеттік университетінде тарихшы мамандығына ағам оқып жатыр. Мен де ағам секілді ел тарихына көз жүгіртіп, маңызды құжатты әр сөзіне дейін ұмытпастай етіп ұғып алуды ұйғардым. Ұстазым Айсұлу Боранғалиеваға алғысымды айтамын.

Ал, сонау Қызылқоғадан ат терлетіп келген Қаракөл орта мектебінің биылғы түлегі Ақтілек Бейсенбай ресейлік жоғары оқу орнына құжатын тапсырып қойғанын айтады. «Өзім көп балалы отбасынан, яғни, үйдегі он баланың кенжесімін. Ұйымдастырушылар байқауда жоғары нәтиже көрсетсем, болашақ оқуымның ақшасын «Аджип» компаниясы көтеріп алатынын айтты. Алдымда үш таңдау тұр – экономист, қаржыгер немесе заңгер болу. Егер заң тетіктерін жатқа білсең, сен өзіңнің ғана емес, өзгенің де құқықтарын бұзуға жол бермейсің. Сондықтан, заңгер болуды армандаймын» деп ағынан жарылды Ақтілек.

 

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар…

Нәтижесінде Атырау мемлекеттік университетінің заң факультеті бойынша білім грантын Тоғжан Қанат, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің білім грантын Гүлнұр Ғалиева, «Мұнайшы» бассейніне бір жылдық тегін абонементін Ақнұр Нұртаева иеленсе,  Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық және Атырау бизнес және құқық колледждерінің білім гранттарын Нәслизат Төлентай мен Әсемгүл Қолғанатовалар өзара бөлісті. Ал, «Бейбарыс» хоккей командасының бір маусымдық тегін билетін Ақтілек Бисенбай,  Махамбет атындағы қазақ драма театрының бір маусымдық қойылымдарына жолдаманы Гүлдана Елемесова ұтып алды.

Комиссия төрағасының орынбасары, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры  Бейбіт Мамраев жеңімпаздарға сәттілік тілеп, алғашқы оқу жылын жақсы бағамен аяқтаған студенттердің келесі жылы да сол грантпен оқи беретінін ескертті. Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры Нұрлы Әйтиева байқауда топ жарған қай сайыскерді болмасын, оқуға тегін негізде қабылдай алатынын айтты. «Шәкіртақы төленбегенімен, жүзден жүйріктер үш жыл бойына оқу ақысынан босатылады. Бастысы, жеңімпаздар анықталды, енді жүлденің қай түрін таңдайтынын олар өздері біледі» дейді колледж басшысы.

 

Одан әрі жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Конституцияның жиырма жылдық мерейтойына арналған салтанатты

кеш барысында

жалғасын тапты.

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз