
Өмір сапасын арттыру жолы
Денсаулық – елдің ең басты байлығы, ал медицина – сол байлықты сақтап қалудың тірегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға айрықша тоқталып, бұл бағытта нақты әрі жүйелі міндеттер жүктеді. Расында да, қоғамның өркендеуі мен мемлекеттің тұрақтылығы халықтың саулығына тікелей байланысты. Сондықтан медицинаның сапасын арттыру, дәрігер мәртебесін көтеру, ауыл мен қала арасындағы медициналық қызметтің теңдігін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті талабы.
Президент атап өткендей, елімізде медициналық инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңарып келеді. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап, облыстық және республикалық деңгейдегі мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңғыртылып жатыр. Бұл – ауыл халқының денсаулық сақтау қызметіне қолжетімділігін арттырып, аймақтардағы медициналық көмектің сапасын көтеретін маңызды қадам.
Бұдан бөлек, Президент Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мен тиімді мониторингі мәселесіне де назар аударылды. Қазір Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бюджеттік процестегі маңызды тетікке айналып отыр. Қордың шығындарды бақылау, өнім жеткізушілердің жұмысына қадағалау орнату тәжірибесі қаржының тиімді жұмсалуына мүмкіндік береді. Алайда, бұл жүйені одан әрі жетілдіру қажет. Ол үшін Үкімет жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне автоматты мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс. Бұл ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етіп, медицина саласындағы бюрократияны азайтады.
Дәрігердің мәртебесі мен әлеуметтік жағдайы – денсаулық сақтау жүйесінің жүрегі. Президент осы мәселені де назардан тыс қалдырған жоқ. Соңғы жылдары медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп, еңбек жағдайы жақсаруда. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса береді. Дәрігерге құрмет – қоғамға құрмет. Сондықтан дәрігердің еңбегін бағалау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Гүлмайда ЖЕҢІСҚЫЗЫ,
Атырау қалалық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының статисі


