
Нұржанат – жауынгер журналист
Бүгін Әскери журналист күні. Бұл күн қаламын қаруымен қатар ұстап, әскердегі ер мен ел арасындағы алтын көпір бола білген әріптестерімізге деген құрмет күні. Әскери тақырыпта қалам тербейтін тілші ретінде мен де Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметтерімен, оның ішінде өңірлік филиалдармен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Солардың ішінде кәсіби білімімен де, адами болмысымен де ерекшеленетін мамандар бар. Сондай таңдаулы тұлғаның бірі – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Ақпарат және коммуникациялар департаменті Атырау филиалы баспасөз қызметінің бастығы, лейтенант Нұржанат Мұхамет.
Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын жүзеге асыруды Ақпарат және коммуникациялар департаменті үйлестіреді. Иә, қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнатып, әскери өмірдің тынысын елге жеткізіп жүрген осы баспасөз қызметі. Әріптесім Нұржанат жас болса да бас болып Атырау өңіріндегі әскердің бейнесін қоғам алдында айшықтап, патриотизм рухын дәріптеуге үлес қосып келеді.

Нұржанат Мұхамет Ақмола облысы, Бұланды ауданының тумасы. 2020 жылы Мәскеу қаласындағы Әскери университетте «Әскери журналистика» мамандығы бойынша білім алады. Бұған дейін Астана қаласындағы «Жас ұлан» әскери мектебін тәмамдап (2017-2019), Алматы қаласындағы әскери оқу орнында оқуын жалғастырған (2020-2021). Жауынгер журналист бүгінде ел қорғаны саласында қызмет етіп, ақпараттық кеңістікте өз қолтаңбасын қалыптастырып келеді.
Жас кезінен-ақ сөз өнеріне бейім болған Нұржанаттың суырып салма ақындық қабілеті бар. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ түрлі әдеби байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Сол кезден бастап оның өмірінде сөз өнері мен шығармашылық шабыт қатар өрілді. Бұл қасиет кейін журналистика саласындағы шеберлігін айқындай түсті.
– Жасымнан журналистикаға ерекше қызығушылығым болды. Қолым қалт етсе, ойға түскен дүниелерді қағазға түртіп, қойын дәптеріме жазып жүретінмін. Сол кезде-ақ сөздің құдіретін сезіне бастадым. Кейіннен әскери өмірге қадам басқанда бұл саланың да өз философиясы, өз рухы бар екенін ұқтым. Уақыт өте журналистика мен әскери өмір менің ішкі болмысымда тоғысып, бір арнаға айналды. Алғашында дәптер бетінде қалған ойларым іс-шаралардағы сөзіме, әлеуметтік желідегі жазбаларыма ұласты. Сол сәттерде өзімнің бойымнан тілшіге тән қырларды таптым.

Қабілет бар жерде дұрыс бағыт пен шынайы ықылас керек. Адам істі жүрекпен атқарса, нәтижесі де соған сай болады. Мен үшін журналистика жай мамандық емес, өмірдің өзі. Ол қоғаммен бірге тыныстайды, қоғам барда журналистика да жасай береді. Ал әскери журналистика ең жауапты бағыттардың бірі. Ол әскерилердің көзқарасын, рухын, ел алдындағы миссиясын халыққа жеткізеді. Біз қоғам мен қорғаныс арасындағы алтын көпірміз. Біздің еңбегіміздің мәні сол байланысты нығайтуда, — дейді Н.Мұхамет.
Расында да, әскери салада қызмет ету үшін кәсіби шеберлікпен қатар, жүрек жылуы мен елге деген адалдық қажет. Қалам мен қаруды қатар ұстаған Нұржанат Мұхамет еліне адал қызмет етіп, азаматтық пен шығармашылықты абыроймен үйлестіруде. Екеуін ұштастыра алған осындай мамандар барда ел мен ердің байланысы берік болады.
Ендеше Отан тыныштығын қорғап қана қоймай, ел рухын көтеріп, ерлік пен патриотизмді насихаттап жүрген барлық әскери тілшілерді төл мерекесімен құттықтаймыз. Қаламдарыңыз ұштала берсін, абыройларыңыз асқақ болсын!
Майра ЕРҒАЛИ



