
Борышқа берік барлаушылар
Бүгін ел тыныштығын күзеткен, беймәлім майданда қызмет етіп жүрген әскери барлаушылардың кәсіби мерекесі. Бұл күн 1992 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас штабы құрамында Барлау басқармасы құрылған тарихи кезеңмен тығыз байланысты.

Әскери барлау – ел қауіпсіздігінің көрінбейтін қалқаны. Олар борышқа берік қызмет етіп, тәуекел мен жауапкершілікті қатар арқалайды. Жалпы, барлаушының еңбегі көзге көп түсе бермейтін, бірақ ел тыныштығының іргесін бекітетін жауапты міндет.
Бүгінде арнайы операциялар күштері мен барлау бөлімдері заман талабына сай жаңарып, кәсіби шеберліктерін үздіксіз жетілдіруде. Әскери дайындық пен оқу-жаттығулар барысында олар төзімділік пен табандылықтың шынайы үлгісін көрсетеді.

Мәселен, 2021 жылы барлаушылар «Қалқан», «Іздеу», «Отпантау» оқу-жаттығуларына қатысып, әуе және жер үсті барлау әрекеттерін үйлесімді жүргізді. Бұл жаттығулардың нәтижесінде шартты қарсыластың нысандарына дәл соққылар жасалып, Қазақстан армиясының дайындық деңгейі жоғары екені тағы бір мәрте дәлелденді. Бүгінгі барлаушылардың кәсібилігі тәуелсіз елдің әскери жүйесінің кемелденгенін көрсететін айқын мысал.

Барлау қызметі батылдықты, сабыр мен зеректікті, Отанға адалдықты қажет ететін сала. Өмір мен өлімнің арасында жүруге, әрбір сәтте тәуекелге баруға дайын болу барлаушының серті. Олар үшін ең үлкен марапат елдің бейбіт аспаны мен халқының амандығы.
Отан алдындағы адалдық пен борышты терең сезіну, жанқиярлық пен кәсібилік әскери барлаушылардың айнымас қасиеті. Бүгінгі мереке сол беймәлім майдандағы ерлердің еңбегін ұлықтайтын, ел қорғаушыларға тағзым ететін күн.
Нұржанат МҰХАМЕТ,
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі МКО Атырау филиалының баспасөз қызметі бастығы, лейтенант



