Кіндік шеше: Бүгінде мұндай атаққа кімдер ие болып жүр?

74 Жаңалықтар

Ұлттық дәстүрге, салт-жоралғыға бай қазақ халқы ықылым заманнан бері кіндікті киелі санаған. Дүниеге жаңа келген сәбидің кіндігін кесуді өз алдына дәстүрге айналдырудың астарында да ұлттың ұлағаты жатса керек. Қазір біз сәбиді перзентханадан алып шыққан адамды «кіндік шеше» деп жүрміз. Асылында, кіндік шешенің міндеті сәбиді көтеріп шығумен шектелетін бе еді? Жалпы, «кіндік шеше» дегеніміз кім?

74

Алты қырдан асырған…

Осы сұраққа жауап іздеу барысында көпті көрген ақ жаулықты әжелерімізбен сөйлестік. Десе де, этнограф-ғалым, ел анасы Зейнеп Ахметованың осы тақырыпқа кеңінен бойлаған жауабын тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне балауға болады.

«Ертеректе ұл баланың жолдасын алты қырды асырып, ал, кіндігін табалдырықтың астына көмген. Әжелеріміздің «табалдырықты баспа» дейтіндері сондықтан. Ұл – шаңырақтың иесі, елін-жерін қорғайтын ертеңгі азамат, болашақ жауынгер әрі түздің адамы. Ал, қыз баланың жолдасын да, кіндігін де оттың басына көмген. Олай болатыны, қыз – қай жерге бармасын, қазан-ошаққа ие болар болашақ келін, ұрпақ өрбітетін болашақ ана. «Оттың басына түкірме» дейтін тыйымның мәні осында жатыр», – дейді батыр Бауыржанның келіні.

Бірақ, осынау игі дәстүр кеңестік идеология дәуірінде түбірінен үзілді де, кіндіктің киесі, оның қадір-қасиеті туралы түсінік те тарс ұмытылды.

«Былай қарасаң, кіндік – соншама қадірлеп әрі дәстүрлеп көметіндей емес, тырнақтай тері. Бірақ, ата-бабаларымыз кіндіктің қасиетін бағалағандықтан да жаужүрек ұлдары, үлкеннің алдынан кесіп өтпеген ибалы келіндері болды. Ата-бабамыздан бізге осыншама кең-байтақ жердің мирас болып қалуының бір сыры осында жатса керек. «Кіндік қаны тамған жер» деп те айтып жатамыз… Қалай десек те, бұл негізсіз емес», – деп түйіндейді Зейнеп Ахметова.

Талғам мен таңдау

«Үлкендердің айтуынша, кезінде аналарымыз кімнің кіндік шеше болатынына да ерекше маңыз берген. Және оның мәртебесін қашан да арттырып отырған. Рас, әдетте кіндік шеше деп нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен кейін оның кіндігін кесетін әйелді айтады. Десе де, кіндік шеше ерекше жағдайда таңдалады. Ең алдымен, ол сыйлы, текті жерден шыққан, ұрпақ тәрбиелеп, отбасының ұйытқысына айналып отырған адам болуы керек. Және кіндік шеше сәби дүниеге келместен бұрын таңдалады. Неге? Себебі, оның атқаратын миссиясы бар. Кіндік шешеге, алдымен, жүкті болған әйелді күту міндеттеледі. Екіншіден, айы, күні жетіп, толғақ қысқан кезде кіндік шеше үй-жайды дайындайды. Жүкті әйелді толғақ үстінде «кіндік шеше» демеп тұрады. Сәби өмірге келген кезде оның кіндігін кеседі», – дейді КСРО-ның Білім беру ісінің үздігі  Злила Шопанова. Кіндік шеше кейін сәбидің тәрбиесіне, оның өмірінде болатын барлық маңызды оқиғаларға қатысады.

Перзентхана берген мүмкіндік

Ата-бабаларымыздан жалғасқан дәстүр, наным-сенімдер бәрібір сәбидің кіндігін кескен адамның нәресте өміріне өзіндік әсерін тигізетінін көрсетіп отыр. Осы игілікті дәстүрді заман талабы өзгерген қазіргі жағдайда қалай жалғауға болады? Атырау облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Альмира Талапқызы нәрестенің шынайы кіндік анасы атануға кім-кімнің де мүмкіндігі барын айтып отыр.

«Қазіргі медицина жүкті әйелге босану залына серіктес алып кіруге жол ашты. Әрине, сәбидің өмірге келуі табиғи, биологиялық, физиологиялық тұрғыдан алғанда да оңай процесс емес. Десе де, нәресте жарық дүние есігін ашқан уақытта жүкті әйелге серіктес болған адам кіндік кесуге ниет білдірсе, оған рұқсат етіледі. Бірақ, босанған әйелдің туыстары тарапынан мұндай сұраныс бүгінге дейін болған жоқ. Медицина жағдайында сәбидің кіндігін акушер немесе дәрігер кеседі. Ал, перзентхана қабырғасында түскен кіндікті және баланың жолдасын арнайы орынға тапсырамыз. Себебі, бұл – биологиялық материал», – дейді ол.

P.S. Қалай десек те, жарық дүние есігін енді ашқан сәби, ең алдымен, кіндік шешені көреді. Сәбидің өмірге келгенін, оның ұл не қыз екенін айтып, анасына сүйіншілейтін де кіндік шеше. Қазақтың «кіндігін кім кессе, сәби соған ұқсайды» дейтін сөзі де бар. Үлкендердің айтуынша, бұл – сан ғасырлық тәжірибеден алынған түсінік. Ұлының айбарлы, қызының ибалы болуын тілеген халқымыздың тіршілік-тынысымыздың түп қайнары болған кіндікті кесуге қатысты дәстүрін қайта жалғаудың маңызы зор. Өйткені, қазақтың әр дәстүрі, жоралғысы тұнған философия, дәлелдеуді қажет етпейтін даналыққа өрілген…

Сіз не дейсіз?

Жәниба  ҚАРАСАЕВА, айтыскер  ақын:

Өте жауапты миссия

Ертеректе қазақ ауылдарында дәрігер болған жоқ. Сол себепті жүкті келіндер өз үйінде жеңілденді. Әдетте, ауылдың көпті көрген бәйбішелерін әйелді босандыруға шақырған. Ондағы себеп, сәби өмірге келген кезде, ең алдымен, жақсы адамды көрсін деген ниеттен болса керек. Сол себепті, халқымыз кіндік шешеге ерекше маңыз берген. Қазіргі жағдайда дүниеге келген нәресте алдымен акушерді немесе дәрігерді көреді. Асылында, кіндік шеше – өте жауапты миссияны атқаратын адам. Өйткені, ол сәбидің кіндігін байлау арқылы, оның тіршілігіне жауап береді.

Майра  ҚОЖАМЖАРОВА, көп балалы ана:

Бәрі де – өз  қолымызда

Қазір біз кіндік шеше ұғымына тым жеңіл қарап жүрміз. Кейде сәбиді перзентханадан қарсы алуға тұрмыс құрмаған қыздар да барып жатады. Асылында, кіндік шеше көпті көрген, балалы-шағалы  отанасы болуы керек. Демек, сәбиді перзентханадан шығарып алған адамды кіндік шешеге балауымыз аса дұрыс емес. Себебі, сәбидің кіндігін кескен адам ғана кіндік шеше болып қала береді. Ал, сәбиді перзентхадан шығарып алуға байланысты қолдан жасалған дәстүрді өткенмен толықтырсақ, мүмкін кіндік шешенің мәнін ашқан болар ма едік. Ал, кіндікті көмуге байланысты ырымды қайта жаңғыртуға қазір толық мүмкіндік бар. Себебі, көп жағдайда сәбилеріміз перзентханадан кіндігі түспей шығарылып жатады. Сондықтан, дәстүрді жалғау өз қолымызда.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «кіндік – адамның ішкі дене мүшесімен жалғасатын ішек» делінеді. Қазіргі медицина ғылымы кіндікті «іштегі бала мен ана ортасында энергия тасымалдайтын негізгі дәнекер» ретінде қарастырады.

Ертеректе сәбидің кіндігін ақ балтамен кесіп, таза жіппен байлап, түбіне күл сепкен. Ақ балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай, сақтап қойған.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Меруерт

    Салеметсіз бе .Қалада тұратын адамдарға, үйде түскен кіндікті қайда көму керек.Не көбі кептіріп қобдишаға салып жатады сол дұрыс ,па не міндетті түрде көміп тастау керек па .?