Бесеу көздеген бітім Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындауға жол ашады

20170708182326296 big Жаңалықтар

Жақында Ақтауда Каспий теңізінің жағалауындағы бес ел – Қазақстан мен Ресей, Әзербайжан мен Түркіменстан және Иран Президенттерінің қатысуымен бесінші саммит өтеді. Сарапшылар дәл осы саммитте Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындайтын конвенцияға қол қойылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

20170708182326296_big

Каспий– ерекше теңіздің бірі. Олай деуіміздің бірнеше себебі бар. Алдымен айтарымыз, әлемдегі өзге теңіздерге қарағанда, бұл – Азия мен Еуропадай қос құрлыққа тең орналасқан ең ірі тұйық су қоймасы. Теңіздің ұзындығы 1 200 шақырымға созылады екен. Орташа ені 320, су бетінің ауданы  371 000 шаршы шақырымға дейін жетеді. Тереңдігі – 1025 метр. Мұндағы орташа тұздылық 12,7 процентті құрайды.

Екіншіден, теңіздің деңгейі ұдайы өзгеріп тұрады. Тарихи әрі археологиялық деректерге сүйенсек, теңіз деңгейінің құбылуы әсіресе, ХІV ғасырдың басында жоғары болғанға ұқсайды. Үш мың жыл ішінде құбылу амплитудасы 15 метрге жеткен. Ал, жыл сайынғы булануы 360 текше шақырымға тең. Бір жылда айдынға өзендерден 300 текше шақырым су ағыны құйылса, жауын-шашынның есебінен 60 текше шақырымдық өсім байқалады.

Үшіншіден, Каспийдің климатында өзгешелік бар. Мәселен, солтүстік бөлігінде қоңыржай континенталды, оңтүстік батысында – субтропикалық, ал, шығыс жағалауында Орта Азияның континенталды шөл климатының ықпалы басым. Теңіздегі ауа температурасының суықтығы –380С болса, ыссылық деңгейі +450С құрайды. Су температурасының жылдық ауытқу амплитудасы 2600С шамасында.

Төртіншіден, фауна мен флораның өзіндік ерекшелігі басым. Өйткені, мұнда жануарлардың 1809 түрі бар. Ал, балықтың 101 түрі кездеседі. Теңіз жағалауында 312 түрлі құс ұя салады. Солардың ішінен жойылудың алдында тұрған 63 түрі Қызыл кітапқа енген. Сондай-ақ, бұл кітаптағы ерекше тізімге 27 теңіз балығы, 9 бауырымен жорғалаушы, 41 сүтқоректі және 54 сирек кездесетін өсімдік алынған.

Бесіншіден, теңізде 50 ірі және орташа арал бар. Олардың жалпы ауданы –350 шаршы шақырым. Сонымен бірге, мұнда 6 ірілі-ұсақты түбек кездеседі. Ең бастысы, Каспий теңізінің табаны көмірсутекті шикізатқа бай. Қазір теңіз табанында 68 миллиард баррельге тең «қара алтын» қоры бар деп есептеледі. Ал, әлемдегі мұндай байлықтың барланған қоры 150 миллиард баррель екенін ескерсек, оның жартысына жуығы Каспийдің қойнауында бұғып жатыр.  Осындай себептер Каспийді  Азия мен Еуропа үшін де, жаһан елдері үшін де стратегиялық маңызы бар теңізге айналдырып жіберді. Оның үстіне жағалаудағы бес елдің бәрі бірдей болмағанмен, алдымен Әзербайжан бастап, кейіннен Қазақстан қостап, Каспий мұнайын игере бастады.

Демек, 7 мыңға жуық шақырымдық жағалаудағы бес мемлекет –Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түркіменстан үшін Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындаудың маңызы зор. Осы мақсатта 1992 жылдан бері бес мемлекет арасында ортақ бітімге ұласқалы отырған келісімдер жасалып келеді. Рас, әр елдің өзіндік ұстанымы бар. Соған орай ұсынысы  болғанмен, ешқайсысы көршілік хақынан аттаған емес. Өйткені, бәрі де  теңіздің құқықтық мәртебесін айқындау  үшін екіжақты және көпжақты келіссөздерге қатысты. Бес мемлекет басшыларының қатысуымен Каспий саммиті Түркіменстанда(2002), Иран(2007) мен Әзербайжанда(2010) өтті.

Бұдан төрт жыл бұрын  Ресейдің Астрахань қаласында өткен төртінші саммитте Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылатыны күтілген еді. Алайда, бес ел Президенттері конвенцияны емес, Каспий теңізін пайдалану тұрғысындағы бірнеше келісімді қуаттауды ғана мақұлдады. Мұнда басты назар жағалауға шектес елдердің қарулануына аударылды. Сөйтіп, теңіз аймағына өзге мемлекеттердің қарулы күштерін кіргізуге жол бермейтін шартты бекітті. Демек, бес мемлекеттің аумағындағы ортақ теңізге басқа елдердің әскері ене алмайды. Тіпті, олардың кемелерінің жүзуіне рұқсат берілмейді. Әрине, мұның астарында НАТО-ның қарулы күштерінің әскери базасын  орналастырмау идеясы бар.

Бес ел үшін Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау не үшін қажет еді? Біріншіден, құқықтық мәртебе стратегиялық маңызға ие Каспийді сыртқы күштерден бірлесе қорғауға жол ашады. Бұл үшін әрине, жағалаудағы бес мемлекет алдымен теңіздегі қарулы күштерін тең дәрежеде ұстайды. Дәл осындай ортақ уағдаға сәйкес қазір әр елдің әскери флотилиясының әлеуеті молайып келеді. Әсіресе, мұның маңызы  мұхиттың арғы жағындағы державалардың теңіз жағалауындағы Ресей мен Иранға экономикалық санкциясы күшейіп тұрған тұста  айқындала түседі.

Екіншіден, Каспий тереңіндегі көмірсутекті шикізаттың молдығы жаһан елдерінің қызығушылығын да, қызғанышын да тудырып отыр. Мол байлықтан молырақ қарпып қалуды көздеп, өктемдік жүргізуді мансұқ ететін сыртқы күштер табылуы әбден мүмкін. Осындайда жағалаудағы бес мемлекет «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара қорғанысты ойлайтыны даусыз.

Үшіншіден, теңіз жағалауында бес елдің мемлекеттік шекарасы бар. Мәселен, Ресейдің үлесіне теңіз жағалауының 695 шақырымы тиесілі болса, Иранда –724, Әзербайжанда – 955, Түркіменстанда –1200, ал, Қазақстанның аумағында 2320 шақырымдық жағалау бар. Ал, оны кірпік қақпай күзетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қарулы күштердің тиімділігін арттыруға құқықтық мәртебенің тигізер септігі орасан болмақ.

Төртіншіден, теңіздің экологиясын сақтауға  бес ел де мүдделік танытады. Себебі, Каспийден мұнайдың өндіріле бастауы әсіресе, экологтарды алаңдатып отыр. Бұған қоса, итбалық пен бекіре тұқымдас балықтар қоры азайып барады. Рас, әр ел бекіренің шабағын жасанды тоғандарда өсіріп, су айдынына жіберіп жүр. Алайда, оның нәтижесі әзір байқалар емес. Өйткені, бекіре тұқымдас балықтарға қырғидай тиетін теңіздегі браконьерлік  тіптен өршіп тұр. Су маржанына суық қолын көтерген браконьерлерге қарсы бірлесе күресудің қажеттігі осындайда білінеді.

Ең бастысы, Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жағалаудағы бес мемлекетті бұрынғыдан да ынтымақтасуға ұмтылдырып, стратегиялық әріптестікке тың серпін берері  анық. Ортақ мүдде жолында тоғысқан бес елдің көздеген мақсат-мұраты біреу. Ол – Каспий теңізінің қауіпсіздігін қорғап, тұрақтылық аймағына айналдыру. Әрине, бұл үшін Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындайтын конвенция ауадай  қажет.

Рас, әр елдің өзіндік ұстанымы бар. Соған орай ұсынысы  болғанмен, ешқайсысы көршілік хақынан аттаған емес. Өйткені, бәрі де  теңіздің құқықтық мәртебесін айқындау  үшін екіжақты және көпжақты келіссөздерге қатысты. Бес мемлекет басшыларының қатысуымен Каспий саммиті Түркіменстанда(2002), Иран(2007) мен Әзербайжанда(2010) өтті.

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз