Атырау облысы жол полициясының қызметі туралы кітап жарық көрді

82 Жаңалықтар

Атырау өңірінің  автомобиль жолдарындағы тәртіпті қадағалайтын құзырлы орган – Мемлекеттік автомобиль инспекциясының негізі 1938 жылы қаланып, биыл тарихи 80 жылды құрап отыр. Осы бір ғасырға жуық уақыт ішінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалайтын қызметкерлер сансыз жұмыс атқарды. Өкінішке қарай, қытымыр қыс пен қара суығы өңменіңнен өтер қоңыр күзде, ми қайнатқан шіліңгір шілде мен көктемгі лайсаңда жолдағы тәртіпті қамтамасыз еткен азаматтардың біразы өмірден өткен.

82

Қазір облыстық полиция департаменті ардагерлерінің  ұйымында Кеңес Одағы кезінде автомобиль инспекциясында, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан соң жол полициясы саласында қызмет атқарып, бүгінде сол бейнетінің зейнетін көріп отырған жүзден астам ардагер бар. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарған ардагер Дүйсенбек Ғайсиннің  «Ардагерлер ісі – болашаққа тарих» атты әріптестері туралы естелік кітабы жарық көрді.

Кітапта ішкі істер органдарындағы аса маңызды қызметтердің бірі  – мемлекеттік автомобиль инспекциясы, кейіннен атауы  жол полициясы болып өзгерген салада жемісті  еңбек еткен аға буын – 170 ардагердің өмір тарихы, олардың облыс халқын жол апатынан қорғау, қоғамдық тәртіпті бұзғандармен, қылмыспен күрес бағытында  атқарған істері, сол жылдары ақпарат құралдары арқылы жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары кеңінен қамтылған. Сонымен қатар, өздерімен бірге қоян-қолтық қызметтес болған, бүгінде өмірден өткен  58 әріптесі туралы естелік берілген. Өткен өмір, жасалған жұмыс – тарих. Ал, ардагерлерді   тарих көзі десек қателеспеспіз. Тарихтың шежіре болып жас ұрпақтың жадында қалары сөзсіз.

Жақында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Қатимолла Ризуанов пен  облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Амангелді сала ардагерлерінің қатысуымен өткен шарада аталған кітаптың тұсауын кесіп, жастарды ел мүддесі жолындағы абыройлы парызын мүлтіксіз орындауға тәрбиелеуде оң септігін тигізер маңызына тоқталды.

Бағытжан МЫҢБАЕВ,

Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық кеңесі,

Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы, облыстық  полиция департаменті бастығының кеңесшісі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз