
«Құлбазарда» қазақ көп
Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпарат ресурстары арқылы Қазақстан аумағында көптеген проблемалардың шешімін тауып жатқаны айтылып жүр. Рас та шығар, тұрмысымыз бұрынғыдан біршама жақсарды ғой. Дегенмен, ел ішінде шешімін таппай жүрген мәселелер жеткілікті.
Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға белгілі жайт – жұмыссыздық жайы. Жасыратын не бар, бүгінде елдегі жұмыс орындары еңбекке қабілетті азаматтарға жеткіліксіз. Кеңес дәуірінде жұмыссыз адам болған емес. Ал, қазір ауылда да, қалада да жұмыс орындары жабылды немесе ықшамдалып қалған. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарын жыл сайын бітіріп шыққан мыңдаған жасты мамандығына сәйкес жұмыс орындары күтіп отырған жоқ. Тіпті, мұндай ақылы оқу орындарын бітіріп мамандық алуға екінің бірінің қаржылық жағдайы да көтермейді. Сондықтан, «екі қолға – бір күрек» іздеуге мәжбүр.
Жұмыссыз азаматтардың жиналып, нәпақа табудан үміт күтетіні Атырау қаласындағы «Дина» базарының артындағы «құлбазар» екен. Жақында сол жерден өтіп бара жатып, көлеңкеде жиналып отырған қырық шақты адамды көріп әдейі бұрылып бардым. Түгелге жуық қазақтар болса да, әуелі тілдесуге құлықсыздық танытты. Өйткені, мен – жаяумын, ал олар үшін тілдесуге астында автокөлігі бар, арзан жұмыс күшін іздеген ауқаттылар керек.
Дегенмен, өзімді таныстырып, мақсатымды айтқан соң икемге келе бастады. Олар жұмыс таңдамайды екен. Тек келіскен ақшасын төлесе болғаны. Бірақ адам әртүрлі ғой, арасында алдап, еңбекақыны дұрыс төлемейтіндер де бар көрінеді.
– Күні бойы сарылып отырып, үйге бос қайтатын мезгілдер де баршылық. Басқа амал бар ма, ертеңіне тағы келеміз. Сонымен күніміз айға, айымыз жылға жылжып, осылайша өміріміз өтіп жатыр, — деп мұңын шақты олар.
Тіпті, ашыла келе бір жас әйел:
– Күтуші, бала бағушы, үйдің ішкі жөндеу жұмыстары болсын, бәріне келісемін. Оған да сырт келбетіне қарайды, көркемше болсаң тез келісімге келеді, — деп шынын айтты.
Жарты сағатқа жуық сөйлескенде, олардың жай-күйі мен түйткілді мәселелерін тыңдадым. Бірақ толымды, шешімді жауап бере алмадым. Өйткені, мәселе өзекті. Оның мемлекет деңгейінде шешімін табуына үміт артудан басқа амал жоқ. Ал, лауазым иелері мен атқарушы билік өкілдері қоғамда осындай да әлсіз топтар барын біле ме екен?!
Шынында да, ойланарлық жағдай!..
Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Исатай ауданы
Сурет https://informburo.kz сайтынан алынды



