
Қазақстандықтардың басым бөлігі қай елде жұмыс істейді?
Республика Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қазақстандықтар шетелде еңбек ету үшін көбіне Ресейге, Корея Республикасына, Біріккен Араб Әмірліктері мен Ұлыбританияға барады.
Биыл алғашқы жартыжылдықта шетелде жұмыс істеген қазақстандықтардың жалпы саны — 126 531 адам. Оның ішінде Ресейде – 102 460 адам, Кореяда – 15 790 адам, БАӘ-де – 2 997 адам, Ұлыбританияда 1 912 адам еңбек еткен.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың бір бөлігі Германияға да қоныс аударуда.
Миграция комитетінің дерегіне сәйкес, соңғы екі жылда Қазақстанда көші-қонның оң сальдосы сақталып отыр. 2025 жылдың екінші тоқсанында елге келгендер саны 11,3 мың адамды, ал елден кеткендер саны 3,5 мың адамды құраған. Негізгі миграциялық өсім ТМД елдері мен Қытайға тиесілі.
Биыл тарихи Отанына 9 586 қандас оралған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 22,2 пайызға аз.
Сарапшылардың айтуынша, еңбек миграциясы біртіндеп азайып келе жатса да, білікті кадрлардың шетелге кету үрдісі әлі де сақталып отыр.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сурет: aikyn.kz



