Жарнама
Әлеумет

Қауіп қайдан? …Пештен

Күздің алғашқы қарасуығы сезілгеннен бастап жекеменшік сектор тұрғындары жылу қазандықтарын іске қосты. Алайда мұндай жауапты науқанда қауіпсіздік мәселесін де ескеру керек. Өйткені жылу беру маусымы жайлылықтың ғана емес, қауіпсіздіктің де маңызын еске салатын науқан. Төтеншеліктер жылдағы дәстүр бойынша тұрғын үйлердің қысқа дайындығын тексеру жұмыстарына кірісті.

Жылу беру маусымы – қауіпті кезең

Атырау облысында қысқа дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бірақ дайындық тек отынмен, газбен немесе техникалық қызметпен шектелмейді. Ең бастысы, тұрғындардың санасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру керек. Себебі соңғы тоғыз айда облыс аумағында 236 өрт оқиғасы тіркелсе, соның 127-сі тұрғын үй секторында орын алған. Демек, өрттің 44 пайызы жекеменшік үйлерден шыққан.

Қайғылы оқиғалардың көпшілігі қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан, электр және пеш құрылғыларын дұрыс қолданбаудан туындайды. Бұл жай статистика емес, әрбір деректің соңында бір отбасының тағдыры, бір шаңырақтың шайқалғаны тұр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бағдат Абдуллиннің айтуынша, халық арасында түсіндіру жұмыстары тамыздың 15-інен бастап күшейтілген. Биыл рейдтік шаралар ауқымы кеңейтіліп, мамандар 2000-нан астам тұрғын үйді аралап шығыпты. Жоспар бойынша жылыту маусымы аяқталғанша 90 мың үйге дейін тексеру жүргізіледі.

– Біз үшін жылу беру маусымы – қауіптің алдын алу кезеңі. Әр үйдің пеші, мұржасы, жылыту құрылғылары тексеріліп, қауіптілік деңгейі бағаланып жатыр. Бұл жұмыс тек техникалық тексеріс емес, тұрғынның өміріне тікелей қатысты жауапкершілік, — дейді Б.Абдуллин.

Қамданған қапы қалмайды

Жақында біз төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірге «Балауса» шағынауданы мен Еркінқала ауылдық округінде ұйымдастырылған профилактикалық рейдке қатысып, жылу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға куә болдық.

Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері «QazaqGaz Aimaq» АҚ мамандарымен бірге үйлердің жылу жүйесін қарап шықты. Еркінқала ауылында жаңадан салынған үйдің иесі пеш мұржасын қабырғадан шығарып қойыпты. Алайда орнын дұрыстап бітеуді ұмытқанға ұқсайды. Бұл айта қаларлықтай кемшілік. Мамандар үй иесіне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, айналасына ағаш пен мата секілді тез тұтанғыш заттар қоймауға кеңес берді. Электр сымдарының ашық қалмауын, флаконмен қорғалуын ескертті.

Кейбір үйлерде түтін датчиктері орнатылған. Бұл құрылғы оқыс оқиға орын алған жағдайда дабыл беріп, тұрғындарды уақытылы құтқаруға мүмкіндік жасайды. Мамандар оны қағаз тұтатып, іс жүзінде тексеріп көрсетті – құрылғы жұмыс істеп тұр екен.

Рейд кезінде тұрғындардың тарапынан қолдау мен ризашылық байқалды.

– Үйімде газ плитасы бар. Мамандар келіп, пеш пен құрылғыларды қарап шықты. Бұл өте маңызды жұмыс. Кейде білместікпен жасайтын қателіктер үлкен қауіп төндіреді. Осындай түсіндірулер жиі жүргізілсе, талай оқиғаның алдын алуға болады, — дейді ауыл тұрғыны Қайырбек Бисенғали.

Тағы бір тұрғын үйінен газдың иісі шыққан соң мамандарды шақырыпты. Қызметкерлер тез арада келіп, ақауды жойған. Бұл да сала мамандарының жедел әрекетінің нәтижесі.

Дабылқаққыштар орнатылуда

Әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін қауіпсіздік мәселесі одан да маңызды. Облыс бойынша 1684 мұқтаж отбасы анықталып, соның 44-нің үйіне арнайы түтін дабылқаққыштары орнатылған. Бұл бастама отбасылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты қадам.

–Табиғи газдың түсі, дәмі мен иісі жоқ. Оның шығуын тек арнайы сенсордың көмегімен анықтауға болады. Түтін немесе улы газ анықталған кезде датчик іске қосылады да дыбыстық белгі береді, — дейді мамандар.

Қауіпсіздік ережесін ересектер ғана емес, балалар да білуі керек. Соңғы уақытта өрендердің қараусыз қалуы салдарынан орын алған өрт оқиғалары қоғамды алаңдатуда. Бұл сақтық шараларының маңызын тағы да еске салады. Мамандар ата-аналарға балаларды электр құрылғыларынан, пештен аулақ ұстауды, оларды қараусыз қалдырмауды және өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныстыруды қатаң түрде ескертіп отыр.

Заң талабы басшылыққа алынады

2016 жылдан бері өртке қарсы азаматтық қорғау жүйесі салынып жатқан және пайдалануға берілетін ғимараттарды қабылдау комиссиясының жұмысына қатыспайды. Бұл жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға, атап айтқанда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ына жүктелген.

Дегенмен төтенше жағдайлар департаменті пештің сапасы мен сәйкестігін тексереді. Егер құрылғы қолдан жасалған немесе техникалық талаптарға сәйкес келмесе, мамандар ол туралы тиісті органдарға ресми түрде хат жолдайды.

– Ғимарат ішінде газдың иісі сезілсе, дереу мамандарға хабарласу қажет. Қауіптің алдын алу қайғылы жағдайды болдырмаудың жалғыз жолы, — дейді Бағдат Абдуллин.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, қысқа қамданған ел ғана қамсыз отырады. Жылу маусымы тек суықта жайлылық сыйлайтын кезең емес, өміріміздің қауіпсіздігін сынайтын уақыт. Демек, жауапты органдардың ескертуіне құлақ асу – үйімізді қауіптен қорғап, өзіміздің және отбасымыздың өмірін сақтап қалудың ең сенімді жолы.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button