
«КҚК әлеміне саяхат»: Компания балаларға ерекше тарту жасады
Қоғамның дамуы тек экономикалық табыспен өлшенбейді. Нағыз өркендеу – халықтың игілігіне бағытталған ізгі істермен айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда «Каспий Құбыр Консорциумы – Қазақстан» АҚ – әлеуметтік жауапкершілікті өз қызметінің ажырамас бөлігіне айналдырған ұйымның жарқын үлгісі іспетті.
Өйткені компания өз жұмысын жүргізіп отырған өңірлерде әлеуметтік жобаларды дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бүгінгі іс те соның айқын дәлелі. «Каспий Құбыр Консорциумы – Қазақстан» АҚ «КҚК әлеміне саяхат» атты балаларға арналған дамытушы үстел ойынын әзірлеп, оны 200-ден астам облыстың білім беру мекемелеріне табыстады. Қазақ тіліндегі жаңа ойын түрінің алғашқы таныстырылымы Атырау қаласындағы №41 Әбіш Кекілбайұлы атындағы мектеп-гимназиясының кітапханасында өтті.

КҚК-Қ жыл сайын аймақ тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға және қоғамның дамуына бағытталған қоғамдық маңызы бар жобаларды жүзеге асырып келеді. Компанияның «жергілікті қоғаммен серіктестік» қағидаты – оның басты ұстанымы.
Аталған ойын 4 пен 14 жас аралығындағы балаларға арналған және де өскелең ұрпақты КҚК-Қ қызметімен таныстырады. Мұнда мектеп оқушылары Теңіз кен орнынан Қара теңізге дейінгі мұнай тасымалдау магистралінің бағдарымен танысу мүмкіндігіне ие болады. Олар инфрақұрылымның негізгі нысандарымен және мұнай тасымалдау саласының әртүрлі мамандарымен, атап айтқанда мұнай айдау станциясының операторы мен Бас басқару орталығының диспетчері, сүңгуір мен буксир капитаны секілді мамандармен танысады. Осылайша, оқушылар бір ғана ойын арқылы мұнай саласына саяхат жасап, таным көкжиегін кеңейте түседі.

Бұл үстел – жай ғана ойын құралы емес. Ол – білім мен қызығушылықты ұштастырған шағын әлем дерсің. Өйткені мұнда бала ойын ойнай отырып, табиғаттың құпиясын танып, мұнайдың тасымалдану жолын және экологиялық қауіпсіздіктің маңызын түсіне алады.
«КҚК әлеміне саяхат» үстел ойыны балалардың жас ерекшеліктеріне сай әзірленген. Түрлі түсті суреттер, қозғалмалы бөлшектер мен интерактивті элементтер арқылы кішкентай зерттеушілердің логикалық ойлау, есте сақтау және қиялдау қабілетін дамытады. Ойында екі деңгей бар. Біріншісі, сәбилерге «даланы кезу» форматы, ал екіншісі жасы үлкендеу балаларға арналған қауіпсіздікке қатысты еліктіргіш тапсырмалар мен сұрақтар жиынтығы. Ойын жиынтығына ойын алаңы, ойын тасы, фишкалар мен өмір жағдайларын қамтитын карталар да кіреді. Олар зейін мен логиканы дамытады және дұрыс шешім қабылдауға үйретеді.

Көркем бейнеленген алаңда МАС, резервуарлар паркі және ашық теңізде шығарылатын айлақтар белгіленген. Әсіресе, – Қазақстан мен Ресей өлкелерінің флорасы мен фаунасы көркем бейнеленген. Халықаралық экспорттық құбыр желісі өтетін аймақтар да көрініс тапқан.
Бұндағы басты кейіпкер – Каска анимациялық кейіпкері. Ол балаларға қауіпсіз іс-қимыл негіздерін ұғынуға көмектесетін, мұнай тасымалдаушы мамандар туралы, компанияның әлеуметтік және экологиялық бастамалары туралы әңгімелеп беретін қауіпсіз сарапшысы болып табылады.
«Каспий Құбыр Консорциумы – Қазақстан» АҚ қазақ тіліндегі ойынды және оның дизайнын әзірлеу жұмысын жүзеге асырып отыр. Жоба тиражы – 1 000 данадан тұрады. Ол өңірдегі 208 мектеппен басқа да білім беру мекемелеріне табысталған.
«Каспий Құбыр Консорциумы – Қазақстан» АҚ бас директорының Қазақстан Республикасы Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин жоба туралы сөзінде былай деді:
– Экология мен қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау сезімі бала кезден қалыптасады. Дәл осы себепті КҚК-Қ жүйелі түрде ағарту бастамаларын қолға алып іске асыруда. Бұл бастамалар мұнай құбыры жүйесі туралы жақсырақ біліп қана қоймай, сондай-ақ ерте жастан табиғатқа қамқорлықпен қараудың және қауіпсіз іс-қимыл қағидасының құндылығын түсінуге көмектеседі. Бала әлемі – шексіз қиял мен ашық ойдың мекені. Сондықтан әрбір бүлдіршіннің айналасын танып-білуге, үйренуге деген қызығушылығын ояту – үлкендердің ізгі міндеті болып қала бермек.

КҚК-Қ Атырау облысында 2001 жылдан бері әлеуметтік-қайырымдылық қызметін жүзеге асырып келеді. Әр жылда денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, балалар спорты, экология саласындағы жобаларға қолдау көрсетуде. Консорциум жыл сайын Қазақстандағы қайырымдылық шараларына 3 млн АҚШ долларынан астам қаражат бөледі. Соның арқасында қала және аудандарда халық игілігіне мектеп, балабақша мен медициналық мекемелер салынды. Бүгін де игі дәстүрдің ізін жалғап, балалардың ризашылығына бөленді. «КҚК әлеміне саяхат» жәй сыйлық емес, бұл – болашаққа салынған инвестиция.
Іс-шара барысында №41 Әбіш Кекілбайұлы атындағы мектеп-гимназиясының директоры Бибігүл Нұршақанова балаларға ерекше тартуы үшін компания басшылығына ризашылығын білдірді.
–Бүгін міне, «Каспий Құбыр Консорциумы – Қазақстан» АҚ секілді іргелі кәсіпорын ел болашағы біздің жас ұрпағымыз десек, осы балаларымыздың тәрбие мен толыққанды білім алуына өз үлестерін қосуда. Компания басшылығына ризашылығымыз шексіз. Біздің мектебімізде біліп алып жатқан бір мыңнан астам оқушының сіздер секілді өз ісінің кәсіби маманы болғанын қалаймыз және сол мақсатпен еңбектеніп келеміз. Бұл сыйлық кітапхана қорын толықтырып қана қоймай, заманауи үлгіде болғандықтан оқушыларымыздың қызығушылығына ие боларына сеніміміз мол, — деді мектеп басшысы.
Дамытушы үстел ойынының әлден-ақ балаларды баурап алғанын айтқан мектептің тарих пәні мұғалімі Аида Ғалымжан шетелдік ойынның қазақша нұсқасын басқа пәндермен де ұштастыруға болатынын айтады.
–Құрамасы бойынша әдемі, шартты ереже бойынша құрылған ойын түрімен танысып отырымыз. Ең бастысы оқушыларға өте қызықты. Одан көп мәлімет алуға болады. Үстел үстінде құрылған ойын 2 деңгей, 68 бөлімнен тұрады. 34-і деңгейден 2-і бөлім анықталады. Мұнда 6 ойыншы бар. Олар: кеңсе қызметкері, зертханашы, сүңгуірші, диспетчер, құбыр маманы мен капитан. Аталған кейіпкерлер арқылы мұнайдың қалай өндіріліп, қандай жолмен келетіні туралы, құбырдың қалай жұмыс жасайтынын білеміз. Картада мұнай тасымалдайтын құбырдың суреті ғана бейнеленбеген. Мұнда қызыл кітапқа енген балық түрлері, түрлі жан-жануарлар мен өсімдіктер де бар. Яғни, мазмұны терең, оқушының зейінін ашып, мол мағұлмат бере алады, — деді ол.
Айта кетелік, жалпы 2001-2024 жылдар аралығында «Каспий Құбыр Консорциумы – Қазақстан» АҚ Атырау облысы аумағындағы қайырымдылық жобаларына шамамен 17 млрд теңге жұмсаған.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Тамина Көшекова, Ә.Кекілбайұлы атындағы №41 мектеп-гимназиясының оқушысы:
–Бүгін біздің мектебімізге сыйға тартылған «КҚК әлеміне саяхат» атты дамытушы үстел ойыны ең алдымен жауапкершілікке үйретіп, экология, қоршаған ортаны танып білуге мүмкіндік береді. Оқушыларға беймәлім сала мұнай туралы, оның шет елдерге қалай тасымалданатыны жөнінде терең мағұлмат ала аламыз. Логикамызды дамыта түсері сөзсіз. Бұған дейін мұндай ойын түрлерін көбіне өзге тілдерде кездестіретінбіз. Енді міне, ана тіліміздегі, туған қаламыз Атырау жерімен байланысты ойын түрі шыққанына қуанышымыз шексіз.



