
Халықты жұмыспен қамту шаралары талқыланды
Атырау облысының әлеуметтік даму кеңістігіндегі кемелді бастамалар мен түйткілді тұстар ашық талқыланған маңызды жиын өтті. Әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Нұрлыбек Даралиевтің төрағалығымен өткен отырыс аймақтың 2025 жылға арналған халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытындағы жоспарларын саралауға арналды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша басқарма басшысы Полымбет Хасанов әлеуметтік қолдау саясатының негізгі бағыттарын баяндады. Осы жылға құрылған Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыста 29 241 жұмыс орны ашылғаны, оның 15 029-ы – тұрақты, 14 212-сі – уақытша екені мәлім болды.

Қала және аудандық мансап орталықтарына жыл басынан бері 63 055 азамат жүгінсе, соның 38 129-ы жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Жұмысқа орналасқандардың саны – 18 322, оның ішінде:
- 9 896 – тұрақты жұмыс орнына;
- 8 426 – мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберілген.
Субсидияланатын жұмыс бағыттарының құрылымы да көпқырлы:
- қоғамдық жұмыс – 4 265,
- жастар практикасы – 1 914,
- «Күміс жас» – 1 439,
- әлеуметтік жұмыс орындары – 325,
- «Алғашқы жұмыс орны» – 464,
- «Ұрпақтар келісімшарты» – 19 адамды қамтыған.
Биыл 4 587 адам түрлі оқу бағдарламаларымен қамтылды. Оның ішінде:
- «Skills Enbek» платформасы арқылы онлайн білім алғандар – 2 255,
- «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негізін оқығандар – 2 164.
Сонымен бірге ТШО компаниясы арқылы 4 мамандық бойынша 95 адам оқудан өтсе, бюджет есебінен 73 адам жаңа мамандық игерді.
Арнайы әлеуметтік тапсырыс аясында пробацияда тұрған 20 азамат қайта даярлау курсын аяқтады. Ал кәсіптік бағдар беру бағытында 14 859 адамға кеңес берілген.

Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау жұмыстары да назардан тыс қалмады — 24 арнайы жұмыс орны ашылып, олар жұмыспен қамтылды.
Жұмысынан айырылған тұрғындарға әлеуметтік қолдау шарасы ретінде 23 782 адамға тиісті төлемдер тағайындалды.

Отырыста сөз алған депутаттар Фатима Төлеева, Бақыт Шеркешбаева, Эльмира Сапарова, Надежда Тулина жұмыссыз ретінде тіркелген көптеген азаматтың мемлекеттік мекемелер ұсынған жұмыс орындарына бармауы, «Skills Enbek» платформасының толыққанды жүзеге аспауы, өндіріс орындарының бос жұмыс орындарын толық ұсынбауы мен әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы тамақ сапасын жақсарту қажеттігі секілді өңірдегі еңбек нарығындағы бірқатар өзекті түйткілдерді ашық көтерді.
Сонымен қатар еңбек жәрмеңкелерінің тиімді ұйымдастырылуы да халық қалаулыларының назарынан тыс қалмады. Олар бұл бағытта нақты ұсыныстарын білдіріп, халық мүддесін қорғауға бағытталған бастамаларды ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған комиссия төрағасы Нұрлыбек Даралиев депутаттар айтқан ұсыныстарды жинақтап, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру қажеттігін атап өтті. Ол жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеп, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру жолындағы жұмыстың бір сәтке де тоқтамауы тиіс екенін жеткізді.
Рита Өтеуғали
Суреттерді түсірген Ерлан Алтыбаев



