
Атыраулықтар заңгерден тегін көмек алды
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы «AMANAT SERVICE»орталығында «Құқықтық көмек»партиялық жобасы аясында қоғамдық қабылдау өтті. Шара барысында облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Марат Хабибуллин тұрғындарды жеке қабылдап, азаматтық және құқықтық сипаттағы мәселелер бойынша тегін кеңес берді.
Қабылдауға келген азаматтардың өтініштері негізінен тұрғын үй, жекешелендіру, коммуналдық төлемдер, алимент өндіру, несиелік даулар мен әлеуметтік құқықтар тақырыбында болды. Әр өтініш жеке қаралып, заң аясында түсіндірме беріліп, нақты бағыт-бағдар көрсетілді.
Мәселен, 1 топ мүгедегі Эльвира Ерғалиева көп балалы әрі жалғызбасты ана ретінде тұрғын үй мен коммуналдық қызметтерге қатысты қиындықтарын жеткізді. Бұрынғы тұрғындардың берешегі өз атына жазылып кеткен. Бұл ретте адвокат борышты нақтылау үшін тиісті коммуналдық ұйымдарға өтініш беруді ұсынды.

Айнагүл Биғалиева пәтерді жекешелендіру кезінде бұрын тіркеуде болған келінін есептен шығара алмай жүргенін айтты. Адвокат оған сот арқылы тіркеуден шығару жолын түсіндірді.
Айдана Жұлдызова алаяқтардың атына рәсімделген несиелерге қатысты мәселе көтерді. Ол өз атына бірнеше шағын несие алынғанын білген. Адвокат азаматшаға полиция мен банк ұйымдарына өтініш беріп, жеке деректерін қорғау бойынша заңды шаралар қолдану жолдарын түсіндірді.
Анар Байзақова алимент өндіру мәселесімен келді. Сот орындаушының әрекетсіздігіне байланысты бережақ алынбай отырғанын айтты. Адвокат оған сот орындаушының іс-әрекетіне шағым түсіру және бережақты нақтылау тетіктерін түсіндірді.
Ибрахим Борисов туысына несие алып беріп, бүгінде өз табысынан қарыз ұсталып отырғанын баяндады. Адвокат сот шешімін қайта қарату және сот орындаушының әрекетсіздігіне шағымдану тәртібі бойынша кеңес берді.
Балжан Төлемісова бұрын адвокатқа төлеген ақшасын қайтару жолдарын сұрады. Адвокат оған төлем туралы түбіртек негізінде азаматтық талап арыз беруге болатынын түсіндірді.
Қабылдау барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға нақты құқықтық түсіндірме алып, осындай ашық әрі қолжетімді форматтағы кездесулердің маңыздылығын атап өтті.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы өкілдерінің айтуынша, “Құқықтық көмек” жобасы аясындағы қоғамдық қабылдаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылып, тұрғындарға тегін заң көмегі көрсетіле бермек.
Рита ӨТЕУҒАЛИ



