
Атырауда әлеуметтік нысандар қолжетімді ме?
«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында және Халықаралық мүгедектер күніне орай Атырау қаласындағы бірқатар әлеуметтік және қызмет көрсету нысанына мониторинг жүргізілді. Іс-шараның мақсаты – мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді ортаның талаптарының сақталуын тексеру және кедергілерді анықтау болды. Мониторинг жұмыстары Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығында, «Болашақ» жоғары көпсалалы колледжінде және «Мастер Дом» гипермаркетінде ұйымдастырылды.

“AMANAT” партиясы Атырау облыстық филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, зерделеу нәтижесінде аталған нысандарда бірқатар кемшіліктің бар екені белгілі болды. Психикалық денсаулық орталығында шақырту тетігінің болмауы, мүгедектігі бар жандарға арналған дәретхананың қарастырылмауы, Брайль шрифтімен ақпараттық белгілердің жоқтығы және есік ендерінің стандартқа сәйкессіздігі анықталды. «Болашақ» көпсалалы колледжде арнайы автотұрақ болғанымен, кіреберістегі табалдырықтың биік болуы, пандустың орнатылмауы, есік ендерінің талаптарға сай келмеуі, тактильді бағыттау және контраст белгілердің жоқтығы, сондай-ақ бейімделген дәретхананың қарастырылмауы секілді олқылықтар тіркелді.

«Мастер Дом» гипермаркетінде автотұрақ пен пандус болғанына қарамастан, олардың қауіпсіздік элементтері толық емес екені, тактильді бағыттау белгілерінің қойылмағаны және екінші қабатқа қолжетімділіктің қамтамасыз етілмегені байқалды. Арнайы санитарлық торап бар, алайда онда шақырту тетігін орнату қажеттілігі анықталды.

Мониторинг нәтижесінде анықталған барлық кемшілік бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар жолданатын болды. Партия өкілдерінің айтуынша, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өңірде қолжетімділік мәселесіне қатысты бақылау жұмыстары жалғасады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА



