
Әлеуметтік масылдық қоғамның дамуын тежейді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі әлеуметтік саясаттың қазіргі ахуалына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы соңғы жылдары әлеуметтік салада орын алған теріс үрдістерді ашық айтып, нақты мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, кезінде «толық емес отбасы» деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын енгізу дұрыс шешім болмады. Бұл бастама әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмектесу үшін жасалғанымен, кейіннен қоғамда кері әсерін тигізді. Соның салдарынан ажырасқан отбасылардың саны күрт өсіп, еліміз әлемдегі ең жоғары ажырасу көрсеткіштері бар мемлекеттердің қатарына қосылды.
Мұндай мысалдар аз емес. Президент бұл жағдайдың түпкі себебі – мемлекет тарапынан дұрыс сараланбаған әлеуметтік саясат екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда көптеген отбасылар нысаналы әлеуметтік көмек пен түрлі жәрдемақылар алады, сондықтан жұмыс істеудің қажеттілігін сезінбейді. Осылайша, қоғамда еңбекке деген ынта азайып, масылдық пен жалқаулыққа жол беріліп отыр. Президент бұл құбылысты «әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтық» деп атап, Үкіметтің кемінде соңғы он бес жыл бойы осы мәселеге көз жұма қарағанын сынға алды.
Мемлекет басшысы елдегі демографиялық үрдістерді мұқият зерттеп, ұзақ мерзімге арналған шешімдер қабылдау аса маңызды екенін атап өтті. Алайда осы салада мәліметтерді нақты есепке алу мен талдау жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмей келеді. Бұл жағдай еңбек нарығының сұранысын болжау, инфрақұрылымды жоспарлау және әлеуметтік саясатты тиімді жүзеге асыру ісінде айтарлықтай қиындықтар туғызады. Осыған байланысты Президент Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құруды ұсынды.
Сонымен қатар демография мен еңбек нарығындағы қазіргі үрдістер еліміздің зейнетақы жүйесін қайта қарауды қажет етеді. Президент азаматтардың, әсіресе өз-өзін жұмыспен қамтып отырған адамдардың зейнетақы жинақтары жеткіліксіз екенін айтты. Сондықтан Үкіметке Ұлттық банкпен және Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту жөнінде кешенді шаралар қабылдау тапсырылды. Бұл шаралар зейнетақы төлемдерінің ұзақ мерзімді әрі теңгерімді болуын қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Сондай-ақ Президент азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, қоғамда бұл бағыттағы түсінік әлі де төмен. Әрбір азамат өз табысын тиімді басқаруды, жинақтауды және қаржылық жауапкершілікті меңгеруі қажет. Бұл – мемлекеттің ғана емес, әр адамның жеке жауапкершілігі.
Жолдауда айтылған бұл пікірлер – ел дамуының әлеуметтік негіздерін қайта қарауға арналған маңызды бағдар. Президенттің сөздері қазіргі әлеуметтік саясатты түбегейлі жаңарту, еңбекке ынталандыратын, әділетті және нәтижелі қоғам құру қажеттігін нақты көрсетіп отыр.
Жұмақай ҒҰМАРОВ,
еңбек ардагері.
Құрманғазы ауданы



