Жарнама
Әдебиет

«Жұмекен жүрегі» жарыққа шықты

Руханият қазынасына өлшеусіз мұра қалдырған ақиық ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимні авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Қайтыс болғанына қырық жылдан асса да, оның өрелі өлеңдері мен өрнекті ойлары ұрпақ санасында мәңгі жаңғырып келеді. Әдебиетте айшықты жолын салып, туған елін мақтанышқа бөлеген ақынның есімі биыл мерейтой аясында тағы да жаңа қырынан дәріптелмек. «Жұмекен жүрегі» атты жаңа ән дүниеге келіп, көкірек көзі ояу талай тыңдарманның құлағының құрышын қандырмақ.

Әннің шығу тарихы да тағылымды. Бүгінде Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның докторанты әрі ұстаз, әнші Байбақты Ідірбай осыдан бес жыл бұрын айтыскер ақын Нұржан Өмірбайдың Жұмекеннің 85 жылдығына арнап жазған әнін алғаш естіген сәттен-ақ ерекше толқығанын айтады. Ақын қиялынан туған өлеңге әуен қосылып, алғашқы нұсқасы жарыққа шыққанда, жүрекке жеткен сол әуезді Байбақты Ідірбай зор жауапкершілікпен қабылдапты. «Бұл әнді Жұмекеннің халқы, жерлестері көтермелемесе, кім көтермелейді?» деген ойдан туған ізгі ниет ақыры үлкен шығармашылық жұмысқа ұласқан.

Халық арасында қазір кеңінен танымал «Мен қазақпын», «Өлмейтіндер» әнінің сөзін жазған Нұржан Өмірбайдың тағы бір сәтті туындысын нотаға түсірген белгілі домбырашы, «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі, белгілі өнерпаз Асылхан Жоламанов болды. Ал аранжировкасын талантты музыкант Орынбасар Жұмахан жасап, шығарманың әрбір үніне айрықша бояу қосқан.

Студиялық жұмыста да кәсіби мамандардың қолтаңбасы қалыпты. Көптеген аспапта еркін ойнайтын талантты музыкант, белгілі композитор Бауыржан Ақтайдың өзі бастап, Азамат Құттықұлов, Дмитрий Юн, Қуандық Талапов сынды дарын иелері туындыға жанашырлықпен үлес қосқан.

Әнші жаңа туындыны халыққа ұсынбай тұрып, өзіне жақын жандардың сынынан өткізуді жөн көріпті. Әуелі дайын әнді авторы Нұржан Өмірбайдың өзіне, сосын фольклортанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, өнер майталманы Кәрима Сахарбаеваға тыңдатып, олардың жылы лебізі мен жақсы пікірін естіп қуат алған.

– Екеуі де құралақан адамдар емес қой, жақсы пікір білдірді. Демек бұл әннің өміршең боларына сенімім артты. Шынында да бұл – жүрекке жеңіл әуен сыйлау үшін ғана жазылған ән емес. Бұл – ұлт мақтанышына, елдің еңсесін көтерген ақынға арналған тағзым. Әннің авторы да, орындаушысы да бұл дүниеге салмақпен қарап, оған жауапкершілікпен келген. Сондықтан да «Жұмекен жүрегі» тек музыка ғана емес, тағылым мен тереңдіктің, сағыныш пен сүйіспеншіліктің әуені болып отыр, — дейді талантты әнші.

Әннің орындаушысы – республикалық конкурстардың лауреаты, Жем бойының тумасы Байбақты Ідірбай енді жақсы бейнебаян түсіруге ұсыныс түссе, қуана қабылдап, бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін де жасырған жоқ. Өйткені Жұмекеннің жүрегін жыр еткен бұл ән бейнебаянда өрнектелсе, әсерлі әуен мен сырлы сөз құдіреті ұрпақ санасына бұдан да тереңірек сіңері сөзсіз.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Жұмекен жүрегі

Әні, сөзі: Н.Өмірбай

Нотасын жазған: А.Жоламанов

Әуенін өңдеген: О.Жұмахан

Орындаушы: Б.Ідірбай

Қошалақта – сол Ашақта,

Қарапайым қара ошақта.

Құмға тастап құлын ізін

Құйқылжытты ол болашаққа

Қарапайым қырда туды,

Қоңыр мұңмен күн батырды.

Құмда туған сол ақынның

Қара өлеңі шыңда тұрды

Қайырмасы:

Тұңғиық шыңырау,

тым биік шың еді,

Төгілсе күй еді,

егілсе жыр еді.

Өлең боп соғып тұр

өлмейтін үнемі,

Тірі екен, жыр екен –

Жұмекен жүрегі.

Көрмей кетті қайран дарын

Қанша өлеңі бәйге алғанын.

Жиырма бірде жазған сөзі –

Әнұранға айналғанын.

Айбат болдың ұлы еліңе,

Қайрақ болдың жігеріне.

Жырыңды жұрт жатқа айтып тұр

Қолын қойып жүрегіне.

Қайырмасы:

Тұңғиық шыңырау,

тым биік шың еді,

Төгілсе күй еді,

егілсе жыр еді.

Өлең боп соғып тұр

өлмейтін үнемі,

Тірі екен, жыр екен –

Жұмекен жүрегі – 2 рет.

Зуласын замандар,

Құласын қамалдар.

Ақынды ұмытпас –

Ақылды адамдар

Атыңды өлтірмес…

Алтын күн аспаны,

Алтын дән далаң бар.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button