Жұмекеннің ұстазы

  ZhumekenUstazy2 Орталықтан шалғай жатқан алыс ауылда дүниеге келіп, қазақ тілінің білгірі, ұстаздардың ұстазы атанып, ару қала Алматыда ғұмыр кешкен Хасан Кәрімұлы өз халқының аяулы перзенті еді. Балықшы отбасында дүниеге келген арманшыл ұл мектепте алдына жан салмады. Ол кісі туралы ұстазы, Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Меллят Сабырова өз естелігінде былай депті: «Мен үлкейген шағымда да өзімнің жас кезімдегі оқушыларым болған, кейіннен арқа сүйейтін азамат болып қалыптасқан Хасан Кәрімов, Өтеміс Қонашев сынды шәкірттерімді есіме жиі аламын… Бұлар сабаққа алғыр, білгісі келіп тұратын өжет балалар болатын».
  Сол кездегі Теңіз ауданының орталығы – Ганюшкин селосындағы Абай орта мектебін алтын медальмен бітірген кейіпкеріміз, арман қуып Алматыға аттанды. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, оны қызыл дипломмен бітіріп, елге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып оралады. «Жас келсе – іске» дегендей, жаңа келген жас маманды Нұржау ауылындағы Ворошилов атындағы мектепке директор етіп тағайындайды. Директорлық қызметімен бірге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін жас мұғалім шәкірттерінің жүрегін бірден баурады.
  Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің жары Нәсіп Мұстаққызы «Жұмекен-Құдірет» деген кітабында былай деп толғанады: «Жұмекен 10-класс оқитын жылы ҚазМУ-ді жаңадан бітірген жас жігіт Хасан Кәрімов директор болып келді. Ол кісі әдебиет пен қазақ тілінен сабақ берген. Бізге де сабақ беретін. 9-10 класта оқитын балалардың көбі ол кезде ересектеу келеді. Жаңадан келген жас мұғалімдерге сынап қараймыз. Бұл кісі болса, мұғалімдерге де, оқушыларға да өзін сыйлата білетін. Тіпті, асыра айтқаным емес, сол кездің оқушылары ол кісіні шын мәнінде жақсы көре білді, әрі құрметтейтінбіз, оқушыларды өзіне табындыра алатын қасиеті болатын. Хасан ағаның сабағын өте ұйып тыңдаймыз. Тәжірибелі мұғалімдерше оқулыққа ешбір қарамастан, көбіне оқулықтардан тыс материалдарды айтып, сабақты өте қызықты етіп жүргізетін. Тақтаның алдында ерсілі-қарсылы жүріп түсіндіреді. Класта шыбынның ұшқаны ғана білінетін. Ол кісінің сабағында қоңыраудың тез соғылып қалатынына өкінетінбіз».

(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыз).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз