«ТАҢҒЫ ШАҚ» ТАҒЫЛЫМЫ

Жас едік, сұлу көрсек тамсанатын,
Ұзақ түн дала кезіп ән салатын.
Мүлгіген қайың күліп, қарсы алатын,
Он сегіз жас, тәтті еді-ау әр сағатың! – деп, керемет бір сұлу суретті алдымызға жайып салып, әп-әдемі теңеулерімен әсерлі өлең өре білген, таңғы шықтай мөп-мөлдір, кәусардай тап-таза сырлы сезім әуендері қай оқырманды да бірден селт еткізетін осы тектес жыр шумақтары өзінен өзі төгіліп тұрған бұл кітап қолға алған бойда-ақ бірден кім-кімнің де жүрегін жаулап, сезімін баурап, жанын елтіп, өз құпия тұңғиығына қарай үйіріп, еліктіре бастай жөнелгендей екен.

Осы бір жолдар менің де баяғы бір жастық кездегі балауса, көк өрім шақтарымды есіме салды. Ол кезде Жолдығали ауылда. Екеуміздің өмірі жұбымыз жазылып көрмеген кез. Біз екеуміз ылғи да бірге жүріп, бірге қыдырып, барлық қызықты думандарымыз бен көңілімізді тербеген әрбір сұлу сезімнен туған қандай бір жайды да үнемі бірге бөлісіп, бірге қуанысып, бірге күлісіп жүруші едік. Бірімізден біріміздің жасыратын ешбір сырымыз да, жырымыз да болмайтын. 
Кербез Ойыл жатушы еді мөлдіреп,
Бетімізден өбуші еді жел жібек.
Жұрттың бәрін дос көруші ек жайдары,
Тұп-тұнықты көңіліміздің қаймағы, – деп бұрын маған арнап жазған бір өлеңінде оның өзі жырлағанындай біздің жанымыз да, тәніміз де, көңіліміз де мүлдем пәк болатын. «Таңғы шық» деп аталатын осы кітапты оқи отырып мен дәл сол пәк қалпымен, дәл сол тап-таза ашық көңілімен інжу-маржандай етіп жарқырата, төгілдіре әп-әсем ой моншақтарын тізе білген Жөкеңнің дәл өзін көргендей шынайы бір әсерлі сезімге бөленген едім.
Аялашы, аялашы Жыр-Бақыт,
Жұбатсаң да өз еркіңде, жылатып.
Әр күн сайын күтіп үнсіз жүремін,
Маған күліп келеді деп, бір бақыт, – деген Жолдығали өзі солай дей тұрса да ол өз бақытын еш уақытта да отырып алып күткен жан емес-ті.
Ал, бақыт дегенді әркім әрқалай түсінеді ғой. Біреу оны мол ақша, байлық деп білсе, біреу жайлы өмір деп, ал енді біреулер аңсаған арманының орындалуы деп пайымдайды. Ал, біздің Жолдығали өз бақытын әуелден, сол баяғы жауқазын жас шағынан бастап-ақ өзін арбаған «сиқырлы» жыр әлемінен іздеген-ді. Тіпті, мектептегі оқушы күндерінен-ақ жүрегін жыр әлдилеген ол, сірә, өмір мен өлеңді еш уақытта да бір-бірінен еш бөліп қарап көрмеді-ау деп ойлаймын. Олай дейтінім, Жөкеңнің әр өлеңін оқыған сайын мен оның өмірінің де әр сәтін айна қатесіз көргендей боламын да тұрамын.
Қауырсын қалам иіліп,
Жыр жазған жастық кездер-ай.
Қарайтын үнсіз сүйініп,
Қарақат қара көздер-ай! – деп ашыпты ол өз кітабының да алғашқы бөлімін. Ал, мұны Жолдығалидың әлгі жастық кезінің өлеңмен айнытпай кестеленген дәл суреті десе болмай ма? Оның жыр әлеміне, яғни өлең-өмір әлеміне еніп, өз бақытының аса қиын да қызғылықты әрі ләззатты, кедірлі-бұдырлы сүрлеулерімен алғашқы рет тәй-тәй басқан қадамдарының көрінісін, оның кәусар бұлақтың мөлдіріндей жарқырап, жүрегіне сәулесі түскен сұлуының ақын жырына сүйінген сәттерін бұдан басқаша қалай суреттеуге болар еді? Немесе:
Жүрегімнің жағып алау шамдарын,
Келер күнге арманымды жалғадым.
Өлең жаздым түн ұйқымды төрт бөліп,
Алға қарай созылсын деп жолдарым, – деген шумағы да оның сол баяғы «өлең-өмір» әлемінің «ертегі» соқпағынан кейін де мүлдем ажырамағандығын көрсетіп-ақ тұр. Сонымен бірге, Жөкең өзінің қай өлеңінде де өзінің айтар ойын мейлінше ақ пейіл адалдықпен, шынайы суреткерлік шеберлікпен жеткізуге тырысатынын көреміз. Бұл өмірдің бұралаң жолдарында кездескен неше бір қиындықтарға шалдықпауға баулыған алдыңғы толқын ағаларына, жыр әлемінің аспанында өзіндік айқын жолдарын салып үлгерген ақын ағалары мен замандастарына арнаған арнауларында да Жөкең мейлінше сол баяғы бір мөлдір де бейкүнә, таза да ақ көңіл қалпынан еш айнымапты. Көлемі жиырма екі жарым ғана баспа табақ болатын осы кітаптың өн бойында бір ерекше алаулап от жанып тұрғандай. Оның ішінде елге, туған жерге деген шексіз сағынышы да, кеудесін соншалық жара кернеген, әлі айтылып та үлгермеген, оқырманымен барынша ашыла бөлісуге ұмтылған сындарлы сырлары да, жүрегінен жарып ұшқан асыл махаббаты да, тіпті санасын сілкілеген сан түрлі естеліктері мен аңсаған армандары да ешкімді бейжай қалдыра алмайды. Сыңғыр етіп, жалт қарататын қоңыраудай болып көрінетін әр өлеңінен де мейлінше тамсанып оқыған сайын кәдімгі өзіміздің айналамыздағы өмірдің аса сұлу да тоқсан сырлы мінсіз келбетін қайта көргендей боласың. Өзің күнде көріп, тәніңмен түйсінбеген, жаныңмен сезінбеген жайларды да енді ғана түсініп, сезінгендей күй кешесің.
Иә, бұл өмір тірі жан үшін тым қысқа көрінеді. Соған да қарамастан, біз оның қадірін жете біле бермейміз ғой. Қаншама алдамшы, тіпті ұшқары сезімдерге де ұрынатынымыз бар, қаншама қателіктерге де жол береміз. Ал, соның бәрі де мынау зулай ағып, ағындай жылжып бара жатқан қатыгез уақыттың еншісінде екен ғой.
Адам да тылсым табиғаттың бір бөлшегі емес пе? Шексіз де шетсіз созылып жатқан кең дала, көк аспанды торлай бүркеген қалың қара бұлттар, жерге қарай тырс-тырс етіп құйылған нөсер жаңбырдың тамшылары, тентек жел, сарқырай аққан асау өзен – соның бәрін де бір-бірінен, сірә, бөліп қарауға болар ма? Ол да болса мына ғажайып табиғаттың, өлшеулі тіршілік ғұмырдың ұлы заңдылықтарын жете ұғынып, өз зердеңе тереңірек сіңіре біліп үйренуіңе әсер ететін дүниелер секілді. Жолдығали өлеңдерінің де әр «тамыр соғысынан» дәл осыны айқын сезінгендей боласың.
Ал, Жөкеңнің әңгімелері мен новеллаларына келсек, ол тіптен бір бөлек дүниелер екен. Мәселен, «Ескі сағат», «Совет жазушысының бүгінгі жағдайы», «Алғашқы махаббат», немесе «Жалғыз ұл», «Аурухана күнделігі» мен «Адамның кейбір кездері» деп аталатын және басқа да бірнеше публицистикалық мақалалары мен очерктері де бүгінгі күннің ең өзекті деген нағыз шымбайға бататын көкейкесті тақырыптарын көтеріпті. Қазақ «Мал аласы – сыртында, адам аласы – ішінде» дейді ғой. Адамның түсіне, киіміне қарап, оның дәл қандай адам екенін болжап біле алмайтының ақиқат. Тіпті, ең ет жақын ағайын деген туысқаныңның өзінен де кейде «бір атым насыбай» үшін-ақ көңілің қалып жататын кез болады. Ал, бұл – өмірдің өз шындығы. Ондай жай қай жерден де кездесіп жататыны рас. Міне, осыны Жөкең өз әңгімелерінің қай-қайсысында да барынша суреткерлік шеберлікпен көрсетуге тырысыпты.
Мен халқымызға кеңінен танымал болған бірнеше ұлы тұлғалардың өмірінің соңғы шақтары туралы кейбір естелік дүниелерді оқыған едім. Ұлы да аса заңғар ғалым, академик жазушы Зейнолла Қабдоловтың, өзі өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатса да қазақ әдебиеті үшін ең соңғы тынысына дейін талмай қызмет етіп кеткен Мұқан Иманжановтың, өз «тұлыбына» өзі сыймай, аққан жұлдыздай жарқырай ағып түскен алмас тілді ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өз өмірлерінің ең соңғы шақтарында оның әрбір сәтіне дейін қалай бағалағаны мені ерекше толғантып, тебіренткен еді. Өмірінің соңғы оншақты жылында бүгінде марқұм болған Жолдығали Бақыт-ұлы да осындай аса ауыр арпалысты жағдайды өз басынан кешіргенін білеміз. Адамның барынша сағын сындыра тура келген ажалға да қарсы күресе білу – көп адамның қолынан келе бермейтін жай. Жөкең де өмір үшін барынша беріспей, ерлікпен алысып, күресіп бақты. Қолынан жастайынан серік еткен жан жолдасы – қаламын еш түсірген жоқ. Қалың оқырманына, достары мен жанашыр жұртына, кейінгі ұрпағы мен ағайын-туыстарына «Таңғы шық» деп аталатын осы кітабы арқылы бар айтарын айтып кетіпті.

Хамит ӘУБӘКІРОВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз