ТҮНГІ ЕЛЕС

Тоқсаныншы жылдар. Тұтас дәуірге бергісіз қым-қиғаш кезеңді бастан өткерген сол жылдарды осындай бір-ақ ауыз сөзбен түгендеуге болғандай еді. Біздің албырт жастығымыз өтпелі кезеңнің қиындығын аса елеп те жатқан жоқ. Алып-ұшқан көңілді билеген бір ой: соңғы сыныпты тезірек аяқтап, армандай болған үлкен қалаға барып, жаңа өмір бастау. Сондай «шабадандық» көңіл-күй жетегіндегі мұрты тебіндеген бозбалалар мен жауқазындай бой түзеп қалған қыздар математика және информатика пәнінің жаңа мұғалімін жатсынбай қарсы алдық. Жаңа оқу орнын бітіріп келген жас жігіт екен. Өзінен бұрын ауылдағы пәленшенің жамағайыны екені жөніндегі «жаңалық» бұрын жетті.

 

Орта мектептерде ер адам қашан-нан да сирек. Жалақы айлап кешіккен тоқсаныншы жылдары олардың қарасы тіпті там-тұм. Осындай кезде ер мұғалімнің ауылдағы шағын мектепте табан тіреуіне таң қалғандар да, қызыққандар да болды.
Арықтау келген, ашаң жүзді жас ағайдың есімі Бағлан болып шықты. Бастапқы күндері ол бізге сыныптың қыршаңқы тілді сотқарларынан ығысып, үркектегендей де көрінген. Олардың да алып бара жатқан бұзықтығы жоқ, әшейін, ауылдың батырлары ғой! «Атаман» саналатын Мақсат сабаққа мақтанамын деп «Адидас» маркалы трико киіп келіп, сынып жетекшісі Гүлімай апайдың оны дүйім жұрттың көзінше масқаралап, қуып жіберетіні осы кез-ді.
Дегенмен, Бағлан ағайдың тәжірибесіз болса да сауатты, жан-жақты, оқушыларымен тіл табыса білетін жан екенін біле түстік. Мектепте есігінен ұзақты күн титімдей қара құлып үзілмейтін ЭВМ кабинеті ол келгелі ашық тұратын болды.
Көктем шығып, үшінші тоқсанға аяқ басқан тұста ағайға өзгеріс енді. Пәнге қатысуынан да, көзқарасынан да екіұштылықтың лебі есіп, әлдебір жүрдім-бардымдылық көзге түсетін. Сөйтсек, саудаға кеткелі жүр екен. Көп ұзамай мектептен кетті де. Енді ол кісіні ауыл ортасындағы ескі дүкен маңынан пайда болған орталық базардан көретін болдық. Киім-кешек, көйлек-көншек сататын мұғаліміміз көзімізге оттай басылып, жайнаңдап жанына жетіп барамыз. Ол жымиған болады. Сірә, қысылады. Арамызда бір қызды мұғалімге ғашық деп мазақтаушы едік. Ағайдың да құрбымызға ерекше ықыласты екенін байқаймыз. Әйтеуір, бір күні ағайдың тауарларының арасынан сыйға берілген шаш қыстырғышын, салпыншақ алқасын көрсетіп, жер-көкке сыймай жүргені.
Мектеп бітіргесін жан-жаққа жол тарттық. Енді ішімізде студент те, жұмысшы да бар. Басымыз ілуде бір қосылады. Қысқы каникулға келгенде ауылда «Бағлан жоғалып кетті» деген әңгіме желдей есіп тұр екен. «Қанша дегенмен, есепке жүйрік математик емес пе?!» дейді ауылдастар, саудадан жолы болып, асығы алшысынан түсе бастапты. Толысқан да сыңайлы екен. Үйленбек еді дейді. Қытайдан тауар алуға кеткен күйі оралмаған. Ұшты-күйлі. Ата-анасы аңырап, бірталай бақсы-балгердің алдына барған. «Үмітіңді үзбе, тірі, бір күні келеді» депті-міс.
Бағлан ағай сол кеткеннен мол кетті. Баяғы ғашық қыздың мұғалім хабар-ошарсыз кеткенде төсек тартып ауырып қалғанын естіген едім, кейін тұрмысқа шығып жатқанын айтып, тойына шақырту жіберіпті. Ашаң жүзді, арықтау келген ағайдың ойлы жанары, жылы жүзі ұмытыла бастады. Күнделікті күйбең тіршілік…
Арада жеті жыл уақыт өтті. Бала-сын тірі көруден күдер үзген қарт ана (жүрегі дімкәс әкесі уайымнан көз жұмған) есік алдында отыр екен. Жағы суалып, көзі шүңірейген, жұпыны киімді біреу сәлем беріпті. Шамасы, ауылдың адамы емес. Бағланның жақындарын сұрапты. Кейуананың кім екенін естісімен еңкілдей жылап, алдына жығыла кеткен ғой. Жүрегі әлдене сезгендей болған ана «Балам, кімсің? Тұр, кім болсаң да жөніңді айт!» демей ме?! Анау «Кешір, шешей!» депті. «Өлтірем десеңіз қолыңызға келдім, кісі қанын мойныма жүктеп қарабет атандым, құдай маған жазасын берді, құдай бәрін көріп тұр…».
…Бұдан тура жеті жыл бұрын Күнасты еліне бара жатқан Бағлан онымен темір жол бойында танысады. Сөз арасында коммерсант екенін, енді Қытайдан зат тасымақ ниеті барын айтқан. Жігіттің артық-ауыс ойдан ада, сенгіштеу екенін мұның жіті назары қапы жібермейді. Құмар ойыннан ұтылып, тұзағына іліккенді тыныш таптырмайтын қарақшыларға қарыз болып келе жатқан беті екен. Саудагердің қолында ақша бары анық. Ендігі бар ынта-шынтасы оны қайткенде де алуға тіреледі. Қырсыққанда, жігіт арақ ішпейді. Арам ойын қайткенде де іске асырмаққа бекінген қаскөй оны ресторанға шақырып, жолай вагондардың бірінен өткенде оқыстан бәкісін сұғып алып, жарақаттайды. Сосын есін жиюға мұршасын келтірместен терезеден лақтырып жібереді.
Сондағы жаралы жігіттің қалтасынан алып қалған мол ақшаға кенеліп, ащы суға тойғанын айтсаңшы! Құмар ойынынан тапқан қарызын сонымен жабармын деген. Жолай көрсеқызарлықпен тағы ойнап, тағы ұтылды. Мойнына қылбұраудай оратылған берешектен ала-күде болам деп үй тонап, ақша табам деген кезде тағы тұтылғаны.
…Дүниеде бостандықтан айырылғаннан өткен азап жоқ. Бірақ сотталушы ар азабының одан да ауыр екенін басынан өткерді. Түрме төсегіне жантаюы мұң, пойызда жазықсыз ажал құшқан жігіттің бет-бейнесі көлденеңдеп көз алдына келеді де тұрады. Бүйіріне шым еткізіп пышақ сұққанда «жазығым не, ағатай?» дегендей жалт етіп бір қараған еді. Сол жанар көзі ұйқыға кетуі мұң, тағы да жарқ етіп, шошып оянады. Кейде қаракөлеңке сұлбасы үстінен төніп тұрғандай көрінеді. Кісінің түсінде ғана түйсінуге келетін түйсікпен марқұмның не айтқысы келетінін де ұғатын еді. «Туғандарым таппай жүр-ау, анашым зар еңіреді-ау» деп шыбын-жаны бебеу қағады. Аааааааа!!! Күн құрғамай қайталанатын түстен қылмыскер безіп кетуге шақ қалды. Бірақ төрт қабырғаға телмірген адам қайда барады. Адам баласы болған соң ұйықтайды. Ал, ұйықтаса… Бірде өмірден өз еркімен баз кешпек те болды. Қолына жіңішке жіптен күні бойы ескен қыл арқанды ұстап тұрды да, батылы бармады. Қорқақ! Қорқау! Жөніне кетіп бара жатқан жанды шалажансар күйі лақтырып жібергенде шімірікпеген еді, жанының тәттісін қарашы! Бұл да басқалардай бала болды ғой. Жесір шешесі таңның атысы, күннің батысы жұмыста. Пеш түбінде інісі екеуі нағашы әжесінің ұзын сонар әңгімесін тыңдап жатады. Жер қойнына берілмеген кісінің жаны байыз таппай, аспанда ұшып жүретінін айтатын әжей. Кісінің қанын төгу – күнә! Жалғыз жаратқан ие өзінің берген жанын өзі алады. Сөйткен үлкен кісінің тәлімі қайда кетті? Қай жерден сүрінді? Көше бұзақыларына қосылған кезден бе, ақшаның буына елтіп құмар ойындарға бас қойған сәттен бе, жолбике қызбен жақындасам деп оның күмәнді компаниясына қосылған кезден бе? Ақыры, жеткен жері кісі өлтіру болды. Ол үшін қайткенде де жазасын алуы керек.
Жалтақтық, жылпостық сияқты пендеуи қылықтар сотталушыға жат емес еді. «Осылай жасаймын» деп іштей құп көрсе де ойлағанын жүзеге асыруға келгенде тайсақтап, тайғанақтап, шұбатылып жүріп алатын әдеті-ай осы! Камераның төрт қабырғасына көз сұғын қадап жатып, тура ертеңіне бір кездегі жасаған қылмысын жайып салам деп қанша оқталса да беттемеген. Жазасын өтеп, бостандықтың дәмін татқан түні елес-сұлба тағы түсіне кірді. Әлдебір жақты нұсқады ма-ау?! Әлдекімдерді сұрады ма-ау?! Қара терге малшынып оянған күйі марқұмның айтқан сөзінен есінде қалған ауылды бетке алды.
Жеті жыл бұрын станса маңынан табылып, белгісіз адам ретінде жерленген мәйітті табу оңайға соқпады. Тірілей айырылған баласының бір уыс төмпешікке айналғанын көрген ананың аңыраған үні тыңдағанның сай-сүйегін сырқыратты. Бағланның басы қарайтылып, аруағына бағыштап құран оқытылды. Кісі қанын мойнына жүктеп келгенін мойындаған қылмыскер екінші мәрте жазасын өтеуге кесілді. Түнгі бейне оны қайтып мазаламайтын болған…

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз