Жарнама
Әдебиет

Сөз өнеріндегі сырлы әлем

Жұмекен Нәжімеденов-тың ақындығына ден қойған қалың оқырман поэзиясымен тыныстап, жыл өткен сайын тереңдеп барады. Себебі ақындығына алғаш ғылыми жол салған атыраулық профессор Қадір Жүсіптен бастап, ой толғап, зейін-зерде қойып, пікір білдірушілер көбейді.

Ал прозасы хақында баспадан шыққан 1973, 1975, 1977 жылдардан соң үнсіздік орнады. Романдары мен хикаят, әңгімелері көп жылғы үзілістен соң 2012 жылы «Қазығұрт» баспасынан шыққан жеті томдыққа енді.

2010 жылы атыраулық зейнеткер-ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұрат Аташев «Ақ шағылдағы ауыл ақиқаты» әдеби талдау мақаласын жазды. Мақала бірнеше аудандық газетте жарық көріп, оқырмандар қолдауына ие болды. Көптомдыққа да енді. 2016 жылы «Өлке» баспасынан романдарының әрқайсысы жеке кітап болып шықты.

«Даңқ пен дақпырт» туралы

Жазушылығын жайып салатын Жұмекеннің үшінші романы 1977 жылы баспадан шыққанда, ІХ сыныпта оқитын мен ауылдағы кітап дүкеннен алып оқығаным есімде. Кейіпкерлер кейпін, роман желісін аңғаруға тәрбиеші, ұстаз Насихат Әбдірахманов ағай жәрдемдесіп еді.

«Даңқ пен дақпырт» – өмірге құштар өнер адамдарының қабілет-қарымынан өрнек салып, өрмек тоқыған роман. Шығарма өмірді, оның әр алуан құбылысын, адамдардың арасындағы қарым-қатынасты кең қамтып, терең суреттейді. Баяндау барысы, шығарма ағысы «Ақ шағыл» мен «Кішкентайдан» алшақ жатса да кейбір кейіпкері бізге алдыңғы романдардан таныс. Бас кейіпкер Идаят Садықжанов – «Ақ шағылдағы» шөтке шаш Идаят. Демек Жұмекеннің өз прототипі деп қабылдаймыз. Оның домбырашылығы Жұмекенді танытса, композиторлығына атақты Шәмшіні автор біріктірді ме деген де ой келеді. Деректі емес, көркем шығармада автор ерікті ғой. Оған сеп екеуінің консерваторияда бірге оқығаны болады. Ә дегеннен Идаяттың бойынан өмірдегі Жұмекеннің мінезі есіп тұрады.

Бірінші бөлім «Даңқтан» бастап жас компазитор, студент Садықжановты танытатын да, кейін тартатын да ұстаз, композитор Жолболсын Жарқынов бар. Романның экспозициясынан бастап, дамытушылығынан өтіп, шарықтау шегіне жеткізетін негізгі кейіпкерлер де осы Жарқынов пен Садықжанов. Екеуінен өзге барды пайдаға асырып, пысықтығымен Идаятты қамшылап жүретін Кемел кейіпкер тағы бар. Біз бастыларын атап отырмыз. Әйтпесе жанама кейіпкерлер келбеті шығарманың өн бойында өріліп отырады. Өйтпесе роман жанрына жатпас та еді.

Міне, даңқ та, дақпырт та Садықжанов пен Жарқынов арасында жүреді. Жарқынов өзінен басқа ешкім тыңдамайтын симфония авторы болса, Садықжанов жастар көңілін жаулаған жас композитор. Әндері мезгіл-мезгіл радиодан беріліп жатады. Әндердің көп таралуына автор Идаяттан гөрі досы Кемел әбжіл келеді. Жарқынов – тесік қалта студент Садықжановтай емес, беделді адам. Дөкейлердің өзімен тең сөйлеседі. Бірақ, сыртқа жүнін қомпайтқанымен іштей Садықжановтың өнердегі бақталасы.

Алматыдағы оқығанын ауылмен салыстырған «Ақ шағылдағы» көріністей тіршілік мұнда да кездеседі. Қошалақтың қадірлі кісілерінің санатындағы Сандыбайдың қартайғандағы кейпін бергенде автордың жеткізуі ерекше. Құлағының тосаңы бар Сандыбай өзін өмірге керексіз санайды. Қонағының есен-саулығын ауыр қабылдап, қыңырлық танытады. Алматыға барып келген Ғұмардың «Армысыз» айтып амандасқанын асқақтық санап, шамданып қалады.

– Алматы кетіп ем, — деп бөгелген Ғұмар.

– Кетерсің, кетерсің, — дейді қыңырайған Сәкең.

Ғұмар:

– Содан кеше келдім, — деді.

Анау іргеге бұрылып күңк-күңк етті.

– Келерсің, келерсің!..

Осы диалогтан езу тарттырар жеңіл юмор аңғарылады. «Аллам бес сақтасын» деп нақылдайтын Сандыбайдың алғаш ұшақ пен автокөлікті көргендегі көтерілген шаңы да санасына сіңбейді. Тіпті Қанышкенге келгенде совхоз құрылған жылдардағы екі қатарлы үйді көріп, «жер жетпеді ме екен?» — деп ойлайды. Мұндай әжуаға құрылған жолдар көркемдік келтіреді. Ирония адамға, нәрсеге сырттай жақсы баға берсе де, ішкі мағынасы оған қарсы шығып, жақсы бағаны жоққа шығару және сол нәрсені келекеге айналдыру ғой.

Осы романда «Ақ шағылдағы» Сейсімет, Оразғали сынды кейіпкерлер және Сандыбай мен Ғұмар беріледі. Бұлар қырдың табиғатына тартқан тазалықты білдіретін құдық суындай алғаусыз адамдар. Құмның табиғаты да, адамы да қанша қарапайым болса, соншалық өр. Жел көшірген шағылдың жолақты қабағына отыра қалып, құмды жерге сусытсаңыз, ол жоғары өршиді. Өзінің сызықты биігіне барып тоқтайды.

«Даңқ пен дақпырт» атауын дәйектейтін тұстарды соңғы тараулар тұспалдайды. «Ол әуелі консерваторияға түскенін мақтан етті. Оның мақтанышы мақтаныштан гөрі қуанышқа көбірек ұқсайтын-ды. Әйтеуір, Идаяттың тұңғыш әні қуаныштан шықты. «Тон-тон, полу-тон, тон-тон, полу-тон». Бұл оның музыка әлемінен естіген, үйренген бірінші сөзі, бірінші термині еді. Осыны қайталай берді, қайталай берді. Аяғы өзіне де түсініксіз, жұмбақ бір ыңылға ауысты. Ол ыңыл құлағынан кетпей қойды…»

Сол ыңыл әнге айналып Қасым Аманжоловтың өлеңіне әуен жазылады. Онда да мақтанған жоқ, есесіне таңдану, тағы да қуану. Әндерін жатақхана, радио, көпшілік халық әуелетіп әкетті. Ән жазыла берді. Сонсоң бір уақ абырой, атақ аңсады. Бірақ ешқашан атақты адамдарды басып озудан үміт еткен емес, тек солардай боламын деп қиялданды.

Бұл жолдардан автор өнер иесі кейіпкерінің ішкі толғанысын береді. Әрі қарай Идаят Садықжанов құм ішіндегі бір бұйығы, шаруажай ауылдан келгені әңгімеленеді. Қорыта айтқанда Ж.Нәжімеденовтың «Даңқ пен дақпырт» романы – өзіне етене таныс өнер жолын өрнектеген туынды.

Кейіпкерлер прототипі

Ақынның қазақ әдебиетіндегі шығармашылық қыры жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Талай ғалым да қалам тербеді, таспаға тартты, экранда көрсетті. Шыққан тегі, аралас туыстары, рулық шежіресі жөнінде де әңгіме болды. Ал үш бірдей романындағы кейіпкерлері кімдер еді, олардың прототипі өмірде болған адамдар ма? Оқырман үшін ол да керек дерек.

1973 жылы «Ақ шағыл», 1975 жылы «Кішкентай» романы жарыққа шыққанда қырдың жұрты құлақ қойып, көз тігіп елең ете қалысты. Кітаптар қолдан-қолға көшіп, оқылып та, талқыланып та жатты. Өйткені ол жылдарда көз көрген көнекөздер көп болатын. Көрші-қолаң бір-біріне ерулік бергенде қыстың ұзақ таңында, кітаптағы аты өзгерсе де заты сақталған кейіпкерлер прототипін тап басып танып отыратын. Шүкір, әлі де Жұмекенге жеделдес өскен үлкендеріміз аз да болса бар.

Кітаптың бетін ашқанда-ақ Әжімгерейдің жалғыз ұлы Садықжан майданға аттанып, артында шөтке шаш қара бала Идаят пен екі қыз, беймаза шешесі «Қызыл кемпір», көпшілігі атын да ұмытқан, елеусіздеу жүргенімен есті жан әйелі «келін» ғана болады. Қарашаш пен Сейсіметтің, колхоз басқармасы Темірәлінің де қандай адамдар екені байқалып қалады. Бірақ автор олар жөніндегі деректерді бірден ақтара салмайды, шым-шымдап беріп, оқырманды қызықтыра түседі. Негізгі оқиғалар да солардың айналасында өрбиді.

Ашақтағы атақонысқа қос тоғанды он екі қанат киіз үй тіккен, жұма сайын қорымға барып дұға бағыштайтын Әжімгерейді Нәжімеден қария деп танимыз. Өмірде Нәжімеден аса биік болмаса да денесі мығым, төртбақ, салалы сақалды, сөзі мақалды адам болыпты. Әжімгерей-Нәжімеден «Ақ шағылдан» «Кішкентайға» ауысып кейіпкер келбетін беріп отырады.

Әжімгереймен бірге аталып отыратын «Қызыл кемпір» Жұмекеннің әжесі Бақытжамал Қайыпқызы (1884-1974) ауданымыздағы Жамбыл атындағы ұжымшардың Иван елді мекенінде туған көрінеді. Тоқсан жасында да Бақытжамал әжейдің екі бетінің ұшындағы қызылы таймапты.

Шығармада «келін» кейпімен, аракідік Мағзума болып келетін адам Жұмекеннің анасы Мүслима Айдынқызы (1915-1986), руы – Бессары Беріш. Екеуінің де бейіті Ғ.Әліпов ауылы мен Жыланды (Дыңғызыл) ауылының аралығындағы «Табылды» қорымында.

«Садықжан» жазушының өз әкесі Сабыреден-Сабыр екенін аңғару қиын емес. Жиырма бес жасында әскерге алынып, фашистік Германиямен соғыстың алғашқы жылында хабарсыз кеткен. Ал шөтке бас қара бала Идаят – Жұмекеннің өзі екенін көзіқарақты оқырман бірден таниды. Соңыра 1977 жылы шыққан «Даңқ пен дақпырт» романында да Идаят Садықжанов жүр. Ойын баласы екі қыз – Жұмекеннің қарындастары Сәбила мен Жаңылсын апайлар. Сәбила апа Сабыреден Мұхтарәлиев деген азаматпен Жанбай ауылында ғұмыр кешті. Көбеген, Қадірбек, Аманқалдық, Баян деген ұл-қызы бар. Кіші қарындасы Жаңылсын Жыланды ауылында тұрады.

«Ақ шағыл» романының бастапқы бетінен басталып, «Кішкентайға» ұласатын «ашық сақау», мықты образ Сейсімет Арыстанов бар. Аңғал да ақкөңіл Сейсіметті Қисмет деп таныды оқырмандар. Руы – Беріштің Есені. Сейсімет-Қисметтің Арыстаннан тарайтын ұрпағы қыр өңірінде болып өтті.

Пошташы Оразғали да көңілі ақша бұлттай кіршіксіз, көктемгі құдық суындай алғаусыз кейіпкер. Оның аңқылдақ ақкөңілі надандығы мен қараңғылығын қалқалап, қара қағазды «батыр» деп ұқтырып, сүйінші сұрайтынынан бастап, әредікте оралып соғып, роман соңын аяқтайды. Кітапқа прототипсіз өз ныспысымен енген Орекеңнің көзін көргендер әлі бар. Он жасқа дейінгі ойын баласы кезімде көргенім менің де еміс-еміс есімде. Кітапты оқығанда мақта күртесінің белін тұсаумен буынып, ақсаңдай басқан қағілез шалдың шеген үйдің босағасына кеп отыра қалғаны көз алдыма келеді. Аталығы – Есенғұл Беріш Ораз Байаралұлының бейіті Қошалақ маңында бір биіктен орын тепкен.

«Кішкентай» романындағы ертелі-кеш аттан түспейтін белсенді кейіпкердің бірі – Дәмелі. Ел басына туған қиындықты ерлерше көтеріп, белді бекем буған колхоз төрайымы Дәмелінің Қаделі екенін ел біледі. Кәдімгі бүкілхалықтық іске үлес қосып, Жеңісті жақындату үшін өз қаражатынан 175 мың сом майданға көмек берген Қаделі Ысқақова.

Іс-әрекетімен көрінетін қажыр-қайратты адамгершілігімен астасып жататын Темірәліні Қайырлы Құрманғалиев деп танығандар көп болды. Қарашаш – еркек мінезді қайсар, соған қарамастан әрі нәзікжанды кейіпкер. Ашақтың арқа шығысында Дариға есімді жалғызілікті ер мінезді әйел адам тұрды. Қарашаштың кітаптағы бітім-болмысын,бет-бейнесін Дариғаға келтіреді ел.

Әдебиеттен хабары бар адам біледі, дейтұрғанмен айта кеткен артық болмас. Әдеби шығармадағы кейіпкердің образы мен оқиға өмірден алынғанымен, олар автордың қиялынан туған идея, сезім, ішкі арман-мақсатпен ұштасып, өзгеше сипатталады. Сондықтан «Кітаптағы кейіпкер олай емес, былай еді» дейтіндер түсінер.

«Кішкентай» романында аты-жөні айтылмайтын тәуір ат пен сұлу қыз-келіншекке көңілі кетіңкірейтін қалмақ кейіпкер бар. Оның бес жыл бойына қырды кезіп жүрген Гельга Бембеев екені анықталды. Осы романда шілдеханада ән әуелететін Саттар Сисемәлиев аталып қалады. Оны халықтық мақамды, дәстүрлі әнші жерлесіміз Қаттар Дүйсемәлиев деп танысақ қателеспеспіз. Асауды бұғалықтаған Мәсәлімді Қошалақтың Мәсәлі деп дөп басамыз. Ашық сақау Сейсімет болғанда, «жабық сақау» аталатын Сақал-Сатым – тапқырлық танытатын салмақты кейіпкер. Екеуінің де «р» әрпіне тілі келмейді. Сейсімет онысын ашықтан-ашық аңғартса, Сатым балама сөздермен тігісін жатқызып, жымын білдірмей жібереді. Мысалы, ер орысты – мәткенің байы, Қарашашты «Азамат қатын» десе тыңдаушы түсініп жатыр. Бұл кейіпкерді сол кезеңдегі Қошалақтың айтқышы болған Салық деп ұғынамыз. Қашқын қалмақты айлап қуатын милиционер Қали-Қаби Әлбетов Орлы ауылында тұрды.

Шығарма жанры роман болған соң жанама кейіпкерлер де ұшырасады. Сисенбай, Сандыбай, Сағынай, Қанипа, Мәруа болып толығып отырады. Бұларды да ел ішінде болған адамдар деп есептейміз.

Абайдың заңды жалғасы

Жұмекен жырларынан «қиыннан қиыстырып, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» өлеңдер жазған дана Абаймен үндестікті аңғаруға болады. Ол туралы белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Мырзабек: «Жұмекен – қазақ поэзиясына Абайдан кейін үлкен тереңдікті алып келген ақынымыз. Олай болуы заңды да еді. Егер ұлы Абай мыңмен жалғыз алысса, Жұмекеннің маңдайына сол замандағы бүкіл қоғамдық жүйенің надандығымен арпалысу қасіреті жазылды», — деп жазады.

«Әрқашан Абай ақындық туралы сөйлегенде: «Ол – қуат, табиғат сыйы» деп құрметтеп сөйлейді екен. Абайда дін де, философия да, поэзия да бір арнаға тоғысады. Мысалға «Алланың сөзі қаріпсіз, дауыссыз» дейді Абай. Тағы да «Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан. Бірақ ол өнер ғадәлаттан шықпасын, діни заңға сәйкес болсын. Адамға халінше ихсанды болмақ – қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес», — дейді.

Ал, Жұмекен «Өзіңді өзің зерттеу – ақындық» дей келіп, өз шығармаларында жиі қолданатын «мықты» сөзін Абайға жүгіндіреді.

…Алатауың Абай жазған өлеңдей,

Жаратылған мықты болып өлердей, — деп дананың өлеңдерін биік шыңға, мықты өлеңге теңейді. Негізінде Жұмекендегі сол «мықты», «қоңыр» сөз ұғымы Абайда да, Қасымда да бар.

«Әрине, Абай атамыз қазақты қынадай қырған орыс отаршыларының халқымыздың көзіне көк шыбын үймелетіп, озбырлықпен жасаған жан түршіктірерлік зорлық-зомбылығын, санасында сәулесі бар азаматтардың бәрін итжеккенге айдатып әкетіп өлтірген айуандығын көрген жоқ. Ал Жұмекен күйеулері «халық жауы» болып атылып кетіп, жесір қалған нәзікжандылардың сорғалап аққан жасына тұншыға жаздаған қасіретін көзімен көрген зар заманының тірі куәгері. Әдебиет түгіл, бір-бір елдің патшасы болуға лайық арыстарынан айырылып, ботадай боздап, жаны жазылмастай жараланған халықтың ұлы болды» деп түйіндейді сыншы.

Қалың қазаққа, тіпті әлемге Абайды алғаш танытқан Мұхтар Әуезов дүниеден озғанда Жұмекен қатты қайғырып жыр жазады. «Мұхтар қайтқанда» атты ақынның зарлы толғауындағы:

…Құлады ма күзге ұрынып гүл-үміт,

Туған жерден тамырымен жұлынып?

Кімнен ғана айырылдық, жұртым-ау,

Қара жалау қалыпты ғой ілініп!.. — деген жолдар түсінген жанның жүрек жарасын сыздатары анық.

Абай деп аталыпты әлгі мықтың,

Көп уақыт сырын іздеп жаңғырықтың.

Дән теріп даласынан дана ақылдың,

Қабына салып кетті мәңгіліктің!..

Осы өлеңге әдебиет теориясынан қарағанда үшінші, төртінші жолдарда өлшеусіз жүк жатыр. Біз күнделікті ырыздық үшін егіс даласынан дән теріп, қапқа саламыз. Оны қажетті азық қыламыз. Ал, Жұмекен болса ұлы Әуезовтың Абайды әлемге таныту арқылы дана ақылдың даласынан дән тергізіп, оны мәңгіліктің қабына салып кеткенін тамаша теңеу қылып отыр. Ол дән – көзге көрінбейтін, тесілмейтін қаптағы рухани азық.

Жұмекен мен Қабдеш

Батыстағы Нарын құмының Қошалақ топырағынан түлеген дарын Жұмекен Нәжімеденов пен Алтайдың ар жағынан келіп, «Соңғы көш», «Дарабоз» романдарымен кең танылған жазушы Қабдеш Жұмаділовты табыстырған – Алматы. Екеуін таныстырған шығармашылық жол болса, жақындастырған құдалық салт екен.

Алматыдан Қошалақтағы атакүлдігіне ат ізін салып, анасының мәңгілік мекеніне зиярат етуге келген қария Ғаділжан Сәрсеновпен дидарласып-ақ қалдым. «Көрген адам білгенін айтар, көрмеген түсін жорып айтар» деген аға әңгімесіне емініп отырып құлақ қойдым.

– 1967 жыл болатын, — деп бастады әңгіме желісін керген Ғадекең. – Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдауға таяу қалған уақыт. Қыздар педагогикалық институтының студенті Фарида есімді қызбен «Махаббат қызық мол жылдарды» межелегенбіз. «Менің ақын ағам бар. Аты – Қабдеш, кітабын оқыдың ба?» — дейді қалыңдығым. Мен «естімеппін» деп міңгірлеймін. Шынында да білмейтінмін. Алыстағы ауылымды алаңдатпай, қаладағы Зүлфат апайым мен бөле ағам Мақаш Лұқпановты құлақтандырып қойғам. Олар болса «қызды үйге әкеліп көрсет» деген емеурін білдірді. Имене ілескен ибалы қызды әкеліп, туыстарымның ұсынысын орындадым. Енді қыз үйіне құда жіберу қам-қарекетінде көп кібіртіктедім. Әкем соғыста өлген. Анам қала түгілі, ауданға аттап баспаған адам. Сөйтіп жүргенде екі-үш жігіт болып Жұмекен жарықтықтың екі бөлмелі пәтерден – босаған үш бөлмелі үйге қоныс аударып жатқаны еді. Үйдің мүлкінен гөрі газет-журнал мен кітабы мол екен. Солардың ішінен қолыма қойын блокноттың үлкендігіндей дөңгелек жүзді, бұйра шашты автордың суреті бейнеленген кітапша іліге кетті. Кітап авторының суреті де ер адам демесем, менің Фаридамнан аумай қалған екен. Бетін ашсам «Жұмекен! Әзірге жұқа, болашақ қалың кітап болады, Қабдеш» деп қол қойылыпты. Ойыма сүйген қызымның айтқан ағасы сап ете түсті. Сол жерде үндемесем де, қыз айттыруға қолайлы адамды енді таптым деген үміт сәулесі санамды жарықтандырып жіберді.

Арада аздаған күндер өтті. Қызға айтам: «Ағаңды сырттай таныдым, сол кісіге жұмсайтын жолшыны да таптым, жеңгеңе құлаққағыс жасасайшы» деп. Ол болса ұяңдық ұясынан шықпай сыр сақтаумен жүр. Мен ертеңгілік 9-10 сағаттар шамасында келсем, Жұмекен ұйықтап жатады. Сондай ұйықтап жатқан сәтіне тап келіп, екі-үш қадамым сәтсіз болды. Сөйтсем, мықты ақын түнгі тыныштықта өлең жазып, жұрт өрген шақта дамылдайды екен ғой. Бірде сағат он бір шамасында келсем ояу екен. Есен-саудан аспайтын жұмбақ қалпымен қарсы алды. Шаруамды іркес-тіркес айта бастадым. Мұқият тыңдады да: «Е, танимын, ол Қытайдан келген ғой» деді. Мен шошып кеттім. Бізге институттағы оқытушылар Қытайды жағымсыз етіп айтады. Қыз болса «Семей жақтанмын» деуші еді. Сасқанымнан: «Ол жақта қазақ бар ма?» — деп сұраппын. Сабырлы қалпын бұзбаған ағам: «Қытайда біздің екі облыстың халқындай қазақ бар» деп түсіндірді. «Жарайды, барамын» деп мені қанағаттандырып шығарып салды. Арада бір ай өтті. Жұмекеңнен қозғалыс жоқ. Тағы бардым, «баратын уақытты өзім айтамын» деді. Менің диплом алатын уақытым болып қалды. Енді бір айға жуықтағанда жерлес ағам: «Е, інім асығып жүр екен, мен барайын» — деп, Нәсіпке қарап мырс етті. Сөйтіп, біз жанына қосып берген бөлем Мақашты ертіп екеуі қоржынға екі коньякты салып, Қабдештің үйіне жол тартты.

Қаламдастардың күтпеген кездесуі қауқылдасумен қауышып, көңілдің кеңдігіне жөнеп береді. Ақындар айтар гәп аз ба, екі «күрең» таусылғанша негізгі әңгіме айналысқа түспейді. Қожайынның құйған «күреңінен» кейін Жұмекен өз нақышымен келген шаруасын тұспалдайды. Қапелімде ондайды күтпеген Қабдеш әйелі Сәуледен не білетінін сұрайды. Ол болса аң-таң. Қысқасы, бұл іске өз билігі жүрмейтінін, екі ақ жаулықты ана барын, солар шешетінін мәлімдейді. Қыздың Қабдешке тете Нағима емес, кіші қарындасы Фарида екенін естігенде іс тіптен күрделілене түседі. Бірақ Жұмекеннің жолын жаппай үлкендерге өзі айтып, хабардар етуге келіседі.

Осылайша Жұмекен бастаған құдалық жол ағысты арнаға айналып, Қабдештің қарындасынан үш ұл, төрт қыз тәрбиеледім. Олардан он үш немере, жиен сүйіп отырмыз, — деп аяқтады әңгімесін ақсақал…

Есмұхан ЖАНИЗИН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Құрманғазы ауданы,

Қошалақ ауылы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button