Жарнама
ӘдебиетМәдениет

“Мұнайшыдағы” мәдени кеш ұлт рухын асқақтатты

Жұмекен Нәжімеденов – қазақ поэзиясының ұлы тұлғаларының бірі, ұлт рухын асқақтатып, елдік сананы өлеңмен өрген суреткер. Оның әрбір шығармасы – терең ойдың, биік парасаттың, шынайы отансүйгіштіктің айғағы. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің сөзін жазған авторлардың бірі ретінде Жұмекен есімі ел жадында мәңгі сақталды. Ақынның туғанына 90 жыл толуына орай Атырау қаласында “Менің Қазақстаным” атты кең ауқымды мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылып, бұл кеш халықтың рухани өміріндегі айтулы оқиғаға айналды.

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен және Мәдениет пен тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл шара елдік рух пен өнердің тоғысын паш етті. «Мұнайшы» стадионында өткен мерекелік кешке қала тұрғындары, қонақтар, әдебиет пен мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ мыңдаған жас буын өкілдері жиналды.

img 5892 1

Стадион алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Жұмекен Нәжімеденовтің бейнесінен құралған алып мозаика көрінісі көпшіліктің көзайымына айналды. Әсем үйлесіммен жасалған бұл композиция ақынның ел жадындағы бейнесін айшықтап, ұлттың бірлігін бейнеледі. Осы әсерлі сәттен кейін 10 500 адамнан құралған үлкен хор Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындады. Мыңдаған адамның дауысы бір сәтте ұлттың жүрек үніндей шырқалып, елдік рухты асқақтатты. Сол сәтте стадионды толтырған жұрт ерекше толқып, жүректерін мақтаныш пен отансүйгіштік сезімі кернеді.

Мерекелік кештің екінші бөлігінде сахна төрінде Атырау өңірінен шыққан белгілі әншілер мен өнер қайраткерлері өз өнерлерін паш етті. Халықтың сүйікті әншілері Сембек Жұмағалиев, Жанна Орынбасарқызы, Бейбіт Қорған, Бейбіт Көшқалиев, Нұрлан мен Мұраттың орындауындағы әсерлі туындылар көрерменді ерекше ықыласқа бөледі. Ән мен күй, жыр мен сыр ұштасқан бұл кеш шынайы рухани ләззат сыйлап, әр жүрекке жылылық ұялатты.

img 5891 1

Сондай-ақ, мерекелік бағдарлама барысында Жұмекен Нәжімеденовтің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнежазбалар көрсетіліп, оның жырлары жас ақындардың орындауында жаңаша үнмен естілді. Залда отырған жұрт ақынның туған жері мен шығармашылық мұрасын бейнелейтін көріністерді тамашалап, рухани әсерге бөленді.

“Менің Қазақстаным” атты мәдени жоба – тек өнер мерекесі ғана емес, елдің мәдени санасын жаңғыртқан үлкен бастама болды. Бұл шара арқылы жас ұрпаққа отансүйгіштік, туған жерге деген құрмет, рухани мұраға адалдық сынды қасиеттер дәріптелді. Кеш соңында көрермендер Жұмекен жырының қуатымен қанаттанып, ұлттық мақтаныш сезіміне бөленді.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button