Жарнама
Әдебиет

Мен білетін Жұмекен

(естелік-эсседен үзінді)

Биыл Атырау топырағында дүниеге келіп, өмірден ерте кеткен, бергенінен берері көп, әлі де беймәлім шығармаларын тылсым дүниеге өзімен бірге ала кеткен, дүниеге келтірген туындыларымен оқырманының мерейін үстем қылған аяулы да асыл перзентіміз, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына 90 жыл толуы елде кеңінен аталып өтуде.

Бұдан 76 жыл бұрын Нарын құмының Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданы  аумағында орналасқан «Жасқайрат» жеті жылдық мектебінде танысқан, бүгінде ортамызда жоқ болса да, ұлы ақынның 90 жылдығын кең түрде атап өтуге арналған шараларға үн қоса отырып, осы мақаламды оқырман назарына ұсынып отырмын. Өйткені, қазір Жұмекенмен мектептес болған адамдар бірлі-жарым ғана кездеседі. Мен солардың бірі ретінде Жұмекеннің мектеп оқушысы ретіндегі өмірін қысқаша болса да бүгінгі ұрпақтың білгені дұрыс деп есептеймін.

Оқушы Жұмекен

Соғыс жылдарында көптеген мектептер материалдық жағдайдың әлсіздігіне байланысты жабылып қалуға мәжбүр болды. Сондықтан да оқушылар бастауыш сыныпты бір мектепте, орталау білімді басқа мектепте, ал орта мектепті басқа жерден бітіретін. Дәл осындай жағдайды Жұмекен де бастан кешті. Ол өзі туып-өскен Қошалақтан бастауыш мектеп бітіріп, «Жасқайрат» жеті жылдық мектебінен орталау білім алса, кәмелеттік аттестатты Нұржау ауылындағы Ворошилов атындағы орта мектептен алды.

Дыңғызыл ауылдық кеңесіне қарасты «Жасқайрат» орталау мектебі Ворошилов атындағы ұжымшардың Нарын құмындағы мал жайылым орталығында орналасқан еді. Мен сол кезде мектептің бастауыш сыныбында оқитынмын. Оны 1945-1955 жылдары мектепті Қ.Нұрмұханбетов, А.Әбішев, Ғ.Әпенов сияқты алдыңғы қатарлы мұғалімдер басқарды. Мектепте С.Қайырмеденова, М.Исмағұлова, апалы-сіңлілі Нәсеновалар, З.Махмудов, Ә.Өтебаев, З.Бекжанова, Ө.Сидеғалиев, С.Жәкиева, басқа да білімді мұғалімдер оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие берді.

Жұмекеннің сол ауылға келгені әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кезде бұл ауылға келушілер негізінен кіреге ілесіп келетін. Кіре деген қырдағы малшыларға, басқа да еңбеккерлерге арналған азық-түлік, өнеркәсіп және тұрмыстық тауарлар артылған түйе керуені болатын. Қыр халқы айына бір-екі рет аудан орталығы – Ганюшкиннен келетін түйе керуенін тағатсыздана күтетін.

1948 жылғы қыркүйек айының бас кезі әдеттегі жылдардан ыстықтау болды. Бір күні түс ауа он шақты түйеге артылған жүгі бар, ауылда ұста Құмар, шатақ Құмар деген атпен белгілі Құмар ақсақал бастаған кіре ауылға келіп жетті. Жұмекен де осы кіремен оқуға келді. Ол әуелі Хален Бимұхамбетов деген жездесінің, кейін мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Жұмекеннің немере ағасы Қайырмеденов Төлегеннің үйінде жатып оқыды.

Мектебімізге жаңадан келгендіктен, жұрт Жұмекеннің қай жақтан келгенін, ата-анасының кім екенін білуге құмартты. Сол оқу жылының қысына жетпей-ақ, жұртшылық бұл сұрақтың жауабын біліп те үлгерді. Оның «Жасқайратқа» келгенге дейінгі қысқаша өмірбаяны былай болып шықты:

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылы 28 қарашада қазіргі Құрманғазы ауданы, Қошалақ ауылындағы «Ашақ» деген жерде дүниеге келіпті. Руы – Алашаның Қоңырбөрік бөлімі. Атасының аты – Нәжімеден, әжесі – Бақытжамал, әкесі – Сабыреден (Сабыржан), анасының аты – Мүслима. Жұмекеннің дүниеге келгенде қойылған аты Жұмеден болыпты деген де сөз бар. Жұмекеннің Сәбила, Жаңылсын деген қарындастары болған. Нәжімеденнің Қайырмеден деген інісі, Қалимеден, Зинеден, Шәмеден деген немере інілері болған.

Әкесі Сабыреден 1915 жылы Дыңғызыл ауылдық кеңесіне қарасты «Қуат» деген жерде өмірге келген. Ол тілге шешен, өткір, сөзі мірдің оғындай, парасаты биік, танымы терең, ақылды адам, домбырамен ән айтатын өнері де болған. Жүйрік тазы ұстап, аңшылықпен де айналысқан, өлең де жазған. 1940 жылы фин соғысына аттанған. Соғысқа кеткенде Сабырдан екі дәптер өлең қалған. Майданнан үйге жазған хаттары сақталған. 1941 жылы тамызда хабарсыз кеткен.

Жалғыз ұлдан қалған із

Соғыстың нағыз қызған шағында Нәжімеден ақсақал жалғыз баласы Сабыржанды майданға аттандырады. Соғыстағы ұлын қатты сағынған Нәжімеден қарт 31 шумақ өлең шығарады. Онда мынадай жолдар бар:

Сабыржан, өзің кеткен орындамыз,

Ашақтың айдын ирек сорындамыз.

Сабыржан айналайын, сағындырдың,

Қайғыға бас идіріп бағындырдың.

Өзіңді сағынғанда анда-санда

Ізіңді басып кеткен көріп тұрамыз!..

Осы жолдардағы «ізіңді басып кеткен» деген сөздердің өзіндік тарихы болған. Ол туралы ұлы жазушы Әбіш Кекілбаев былай деп жазады: «…Жалғыз баласы Сабыр майданға аттанғалы жатқанда, Нәжімеден ақсақал Ашақ сорына ертіп апарып, аяғына биік тақалы әмірхан етігін кигізіп, тұзы шығып жатқан жентек сазға із түсіртіп алады. Тайға басқан таңбадай сайрап түскен сыңар ізге атына өңгеріп әкелген темір қазанды төңкереді. Онысы – жаңбыр жауса, су шайып кетпесін деген амал еді. Бір жағынан, қан майданнан балам атамекеніне аман оралсын деген тілекші ырым болса, екінші жағынан жалғызын сағынғанда іздеп барып, көріп мауқын басатын көз жұбаныш еді…»

Жұмекен бірде Рақымжан Отарбаевпен кездесу барысында айтқан екен: «…Әкем соғысқа аттанғанда Ашақтың сорына көкем (атасы Нәжімеден – А.Ш.) алып барып, аяғының ізін бастырыпты. Сосын мал таптап, құм баспасын деп, үстіне үйдегі қара қазанды әкеп төңкеріпті. Әкем майданнан оралмады. Көкем сол ізді өле-өлгенше сақтады. Сағынғанда бізді ертіп барып, қазанды ақырындап ашып көретін. Қасиетіңнен айналайын қара қазанның астындағы ізі әлі жатқан шығар. Тәуір болсам, жаз шыға арнайы барамын…»

Өкінішке орай бұл науқастанған Жұмекен мен Рақымжанның соңғы жүздесуі болыпты. Кейін Рақымжан осы оқиға негізінде «Із» дейтін әңгіме жазған. Дүние жалған деген сол, бүгінде ортамызда Рақымжан Отарбаев та жоқ.

Осылайша, Сабыржанның аяғының ізі Ашақ сорында ұзақ сақталған. Ашақ сорындағы осы із туралы біраз ақындар өлең де шығарған. Соның ішінде Жұмекеннің жерлесі, Қошалақтың тумасы, ақын Есмұхан Жанизиннің «Сордағы із» атты өлеңінен үзінді келтірсек артық болмас:

…Ұлы әскерге күн туып аттанғанда

Ізін басып қазанмен, сорға жатқан.

Мұны істеген қария Нәжімеден,

Байқадың ба, ұтып тұр шалың неден?

Ала қырда сол заман қайдан болсын

Аппараттар суретке салып жүрген.

Мәңгілік жүрген жоқ жастап адам,

Жұмекен де  бастады басқа қадам.

Келіп-кетіп кейін де жүріпті ол,

Әке ізін көруге астанадан…

Домбырашы бала

Жұмекен аласа бойлы, толықша келген сабырлы бала еді. Көп кешікпей оның атағы мектептен асып, бүкіл ауылға белгілі болды. Оған себеп болған нәрсе – Жұмекеннің домбырашылығы еді. Біз бұған дейін осы мектепте домбырашы Әзидолла Есқалиев деген оқушы оқып кеткен деп естігенбіз. Бірақ біз оны көрген жоқ едік.

Сол мезгілде Көшербай Әубекеров деген оқушы домбыраны жақсы тартатын. Дегенмен, мына Жұмекеннің тартысы ерекше еді. Ол домбыраны солақай тартатын. Әуелі асықпай домбыраның құлағын бұрап, күйге келтіріп алады да, алдымен Құрманғазының «Қызыл қайың» күйін тартатын. Жұмекен бұл күйді ерекше шабытпен беріліп орындайтын.

Бұл күйді орындамағанның өзінде жиылған жұрт «Қызыл қайыңды» тартуды сұрайтын. Орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияға түсуіне мектеп қабырғасында қалыптасқан орындаушылық шеберлігінің әсері болғандығында еш күмән жоқ.

Алматы қаласында тұрған кезіндегі Жұмекеннің орындаушылық қабілеті туралы заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев былай деп жазады: «…Ұялып отырғандай, басын бір қырын бұрып, домбыраға да, тыңдарманға да көз қиығын салмай, небір әдемі әуезді сіркіреп жауған сәуірдің жаңбырындай төгілте жөнеледі. Тартқан сайын тал бойыңды ерітіп бара жатқан сіңімді саздан жұрт балбырай түсетін…»

Жұмекеннің өзі де:

Бақыт жайлы толғам көп,

Менің бағым – домбыра.

Майсаңдап күй шертпесем,

Неге керек қол мына, — деп жырлаған.

Мектепте оның беделі уақыт өскен сайын өсе берді. Оған себеп, біріншіден, оның домбырашылығы болса, екіншіден, оқуға алғырлығы еді. Мұғалімдер енді оны қоғамдық жұмысқа араластыра бастады. Бір күні мұғалім апайымыз Рапиха Нәсенова біздің сыныпқа Жұмекенді ертіп келіп, бізге таныстырды. Апай мектептің пионер ұйымындағы біздің отряд кеңесінің төрағасы бұдан былай Жұмекен болатынын, оның мектептегі үздік оқушы екенін, сондықтан да біздің одан үлгі алуымыз керек екенін жақсылап түсіндірді. Сөйтіп, біз мектепте Жұмекенмен жақсы араласып кеттік. Үзіліс кезінде мектептің сыртындағы дене шынықтыру алаңына барып, турникке тартылып ойнайтынымыз әлі есімде. Турниктің биіктігі екі метрге жуық, менің бойым бір метрдей ғана болатын. Осындай жағдайда маған Жұмекен жиі-жиі көмекке келіп, турникке қолым жету үшін ту сыртымнан құшақтап көтеретін. Ол бұл қамқорлығын басқа оқушыларға да көрсетті.

Жұмекеннің Бисенбай Әбдірахманов, Ақмырза Батырхайыров деген оқушыларды (ішінде мен де бармын) күреске баулығаны әлі есімде. Дегенмен, көптеген оқушылардың ішінде күресті еркін меңгеріп кеткен Ақмырза Батырхайыров қана болды. Ол орта мектепті бітіргенше спортты, соның ішінде күресті тастаған жоқ. Кеңес әскерлері қатарында жүргенде де күресті. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Гурьев қаласына көшіп келгеннен кейін, күрестен біржола шұғылданып, спорт шебері нормасын орындады. КСРО-ның көптеген қаласында жарыстарға қатынасып, жүлделі орындарды иеленді. Спортты қойғаннан кейін, тренерлікпен айналысып, жастарды күреске баулыды. Оның біраз шәкірті спорт шебері, спортқа еңбек сіңірген шебері атақтарына ие болды.

Анда-санда болса да, біздің Жұмекенмен бірге батпа қуатын мезгіліміз де болды. «Жасқайрат» орталау мектебінің оқушысы Жұмекен Нәжімеденов менің есімде осындай қалпында қалды.

Алматыға қалай аттанды?..

1990 жылы «Жасқайрат» мектебіне бір кезде осы мектептің үздік шәкірті болған, ал 1954-1955 жылдары осы мектепте мұғалім болған, кейін ақиық ақын, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты Жұмекен Нәжімеденовтың есімі берілді. Бұл, сөз жоқ, сол мектептің түлегі ретінде бізге де, қазіргі шәкірттер үшін де зор мақтаныш.

1951 жылы Жұмекен «Жасқайрат» орталау мектебін бітіріп, Нұржау ауылындағы Ворошилов атындағы орта мектепте оқуын жалғастырған. Мұнда да Жұмекен өзінің күйшілік өнерімен көрерменді таңқалдырған. Жұбайы Нәсіп Мұстахқызының айтуынша: «…«Қазақстан» атты колхоздың клубында Жұмекен Нәжімеденов пен Бақыт Қарабалина күй тартқанда халық оларды жібермей, қайта-қайта күй тартқызатын. Жұмекен сахнада «Бұлбұл» күйін скрипкада орындайтын…»

Ол мектепте оқушылар комитетінің төрағасы деген қоғамдық жұмыс атқарған. Сол жылдардағы Ворошилов атындағы орта мектебінің директоры, кейінгі жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры Хасан Кәрімовтың айтуынша: «…Жұмекен өте ұстамды, үлкен адамдай салмақты, ұқыпты, тындырымды және қарапайым да сезімтал, мұғалімдер ұжымының алдында аса беделді оқушы болған. Сонымен қатар Жұмекен үшін менменсу, көкірек қағу, дауыс көтеру, жанжалдасу, қулық- сұмдық деген жат қылықтар жоқ еді. Менің байқауымша инабаттылық, сезімталдық Жұмекеннің бойына туа біткен, ананың ақ сүтімен сіңген, ата-ана тәрбиесімен қалыптасқан табиғи қасиеттер болатын…».

Ол 1954 жылы Нұржау ауылындағы орта мектепті бітіріп, «Жасқайрат» жеті жылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. 1955 жылы 19 маусымда атасы Нәжімеден дүниеден өтеді. Сол жылдың тамыз айының бас кезінде Жұмекен 20 жасында Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына оқуға түсуге, Алматыға аттанды…

Аманкелді ШАМҒОНОВ,

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,

«Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button