ҚИСЫНЫ БАР ХИКАЯТ

Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Рахымжан Отарбаевтың «Атырау» газетінде жарияланған «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятын оқып, ой үстінде болдым. Хикаяттың тілі күрделі, менің пайымдауымша, тарихилығы өз алдына, бұл – философиялық-романтикалық туынды. Яғни, шығарманы талдау үшін тарихтан, философиядан, әдебиет теориясынан толық болмаса да, біраз хабардар болуы керек. Оның үстіне, автордың әдебиет әлемінде әжептәуір атақ-даңқы бар.

Философиялық дейтінім – адамзаттың саналы ғұмыры түгілі, дүниенің тәмамдалуының ықтималдылығы туралы көзқарас. Бұл кейіннен руханияттың білім нәрімен сусындаған зияткерлер арасында да, көпшілік санада да елеулі орын алып келе жатқан пессимистік футурологиялық пайымдаудың үлгісіне айналуда. Автордың айтпақ түйіні де осы болар деп ойлаймын. Өлімнен дүние жүзін тітіреткен, көк Тәңіріне ғана бас иетін, әлем әміршісі, ұлы хаһан Шыңғыс хан да құтылмаған. Романтикалық дейтінім, шығармада бастан-аяқ асқақтық, кез-келгеннің қолынан келмейтін іс-әрекет баяндалады.

Шығарманың тарихилығына ешкім таласа қоймас, сірә, тарих–әр жерде әртүрлі айтылып-жазыла беретін бас-аяғы жоқ тылсым дүние, оған ешкім бойлап көрген жоқ. Хикаят Шыңғысханның өлер алдындағы ойы арқылы беріледі, яғни монолог арқылы. Бұл тәсілдің тиімді жағы сол, кім болса да жантәсілім болар алдында тәубаға келіп, шындыққа жүгінетін шығар.
Шығармада шегініс арқылы берілетін эпизодтар бар. Шыңғыстың әкесі Есукейдің әңгімесі соған мысал. Бұл бір жағынан сюжеттен тыс болғанмен, жас Шыңғыстың бейнесін толықтырып тұр. Шындығында, қасқыр, түлкі, қарсақ бір інде өмір сүруі мүмкін емес қой. Осы үшеуі бір іннің үш аузынан қашып шыққан.
-Сіз қай аңның соңынан түстіңіз? – дейді Шыңғыс әкесіне.
– Балам, менің дәуренім өтіп барады. Сен қайсысын ұстар едің? – деп Есукей Темучинге сынай қарайды.
– Қолымнан келсе біріне бірін ұстатар едім.
Бұл-ашып айтылмаған ишара-емеурін. Онда қарамағындағы елді билеу тәсілі жұмбақталып отыр. Оны Шыңғыс хан да, одан кейінгі ел билеушілері де пайдаланған, әлі пайдаланып келеді. Қазіргі дамыған заманда ортақ жауын пайымдамай, діні де, тілі де бір мемлекеттер қан төгісіп жатқан жоқ па? Екі жыланның ишарасы да осыған ұқсас – «басың бірікпесе, басыңмен қайғы боласың» деген ой түйіні.
Көркем шығарманың тақырыбы мен идеясына, сюжеті мен фабуласына, композициялық құрылысына қарамастан, оның сапасын айқындайтын тағы бір өлшем бар. Ол – тіл, жазушы тілі, сөз қолданысы. Рахымжанның бұл шығармасында да тың теңеулер мен соны эпитеттер мол. Мәселен, Шыңғыс ханның сақалын бірде «самал сауып тараса», бірде сол сақалдың өзі «желмен ойнайды», ай толысқанда «кеседей төңкеріледі», жаңаланғанда «шыбықтай иіледі». Мұндай тіркестерде көңілге күдік ұялататындары да кездеседі. Мысалы, бір жерде «алты кез найза» деген тіркес бар. Кез – аршынға тең, яғни 71,12 см. (Қ.С.Э., 5-том, 344-б). Мұндай әсірелеу ауыз әдебиетіне жат емес, ал тарихи шығармаға сән бере қоймас.
Сол күйінде қанатты сөзге айналуды қалап тұрған сөйлемдер де жеткілікті: «Әр бас өзінше билік айтады», «Арыстан әлсіреген кезде айналасына қорқаулар қаптап кетеді», «Иттің дос болғаны жақсы, бірақ достың ит болғаны жаман», «Тұлпарды қамшылайтын сабы емес, соған бекітілген дойыр» секілді.
Бұл – оқырман ретіндегі өз ой-пікірім ғана. Жалпы, шығарма шынайылығымен жанды баурады, ой салды. Рахымжан інімізге шығармашылық табыс, амандық тілеймін.

Мұрат АТАШҰЛЫ,
зейнеткер,
Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз