
Фариза-өлең, мен сені сағынамын…
Фариза-өлең, ғұмырыма серік болғаның үшін мен сені сағынамын. Қырдың қызғалдағындай бой жете бастағанда-ақ мен сенімен кездестім. Сезім дегенді сезініп білмеген кезде, «махаббат» деген сөздің мағынасын шала түсініп, махаббат деген сезім екенін біліп, білмеген кезде мен сенімен кездестім. Арман асқарына қол созып, Алматыға келген кезде мен сенімен кездестім…
Ұлылық күші
Махаббат дегеннің балдай шырын, судай мөлдір, шараптай мас қылар қуаты барын, өзегіңді өртер өкініші барын, оның жылатып, мұңайтатынын, оның қолынан бәрі келетінін мен сенен, Фариза-өлең, сенен көрдім. Өлең өміріме айналды. Өлеңмен бірге тыныстап, бірге мұңаятынды шығардым. Сезім әлемім Фариза тағдырды қайталап жатқандай. Кейде түсіңде көргеніңді өмірде де сол қалпында көргенде қайран қаласың ғой. Фариза апайдың өлеңдерін оқығанда мен де сол күйді кешетін едім…
Еш нәрсеге, ешкімге алаңдамай
Жүруші едім, кезіктім саған қалай?
Қалай таптың сен мені, бұл әлемде
Жол сілтеген кім саған маған қарай?
Мен жайлы айтқан кім екен – бұлақ па екен,
Мұңымды айтып кейде оған жылап кетем.
Сыбырлаған самал ма сайда жүр деп
Жетім көңіл, жаны дерт бір ақ бөкен?..
Бұл өлең ғашығына, асығына арналған өлең екені белгілі ғой. Бірақ бұл өлеңді өзіме бұрып алып, Фариза ақынмен мені кездестірген тағдырыма риза болып оқитынмын.
Шынында да тыс күштердің бұйрығы… Жыр толқыны Фариза ақынды Атыраудан Алматыға алып келмесе, Жуалыдан жырға сусап, мен Алматыға келмесем, Фариза-өлең, сенімен кездеспеуім де мүмкін еді-ау. Мүмкін еді-ау, егер Фариза ақынның жүрегі тәкаппарлықпен, менмендікпен, жалғыз өзім ғана болайын деген дертпен ауырса, ол біздерді, сіңлілерін жанына жақындатпас та еді-ау.
КазГУ-дың жырқұмар бір топ қызы жастықтың буымен Фариза апайға келеміз. Аңқаулық па, аңғалдық па, Фариза апайдың бізден басқа сан түрлі бас қатырар шаруасы бар ғой. Біз аңғал-саңғал, баса көктеп «Пионер» журналының редакциясына келеміз. Өлең оқимыз, сағынып келген ақынымыз ешкімнің еншісінде емес, жалғыз біздің жекеменшігіміз сияқты. Апай кейде бізді еркелетіп, «Қаламгер» кафесіне апарады. Нағыз ақынның әңгіме айтқаны, өлең оқығаны бәрі дұрыс-ау, тамақ ішкені бізге біртүрлі көрінеді. Соны сезетін болу керек, Фариза апай бізге көбірек тамақ ішкізіп, өзі анда-санда ғана тамақтан алып отырады да, әңгіме айтады.
Сонда бізге «шаласыңдар, баласыңдар» демеген Фариза ақын біздің тарту күшімізге айналды. Фариза мен өлең тұтасып, Фариза-өлеңге айналды.
«Қарақтарым-ай, артымнан ерген сіңлілерім менің. Өмір дарияның толқыны таусылмағанымен, адам ғұмыры шектеулі ғой… Қыз жүрегі ел тағдырын, ұрпақ тағдырын ойлауымен де, ата-анаға, бауырға деген ықылас-пейілдің ұқсастығымен де бір-біріне жақын ғой. Сендер менің рухымның, арман-тілегімнің, махаббатымның жалғасысыңдар» дедің бе екен? Әлде ағайын-туыс, бауырға сіңлілеріңді таныстырып қояйын деп ойға алдың ба? Не десең де, бұл – ұлылық!..
…Сақтау – бізге аманат
2008 жылы сәуір айында Фариза апай Астанада «Фариза және оның ақын сіңлілері» атты кеш өткізді. Мен ол кезде «көтерілмей жүргенде еңсем менің…» деген халде жүр едім. Асыл апайым: «Гүлтас айналайын, қайғыңды бөліссе азаяды деген, Сырымыңнан (ұлымды жақсы білуші еді) айырылдым деп, жүрегің мұңға батқанын да білем. Астанаға келіп, кешке қатысып, өлеңіңді оқы» деді. Қашаннан да Фариза апайдың сөзі мен үшін заң. Келдім. Оқыдым…
Ақындар бәйгеге қосатын тұлпардай жарап-ақ тұр. Көңілдері көктемдей құлпырады. Жалғыз мен ғана…
Қаншама мұңымды жасырамын десем де, көзім мен үнім маған бағынбады. Сол күні Фариза апай ақын сіңлілерінің құрметіне 150 адамға дастарқан жайды. Қазақтың небір саңлақтары, атқамінер ағалар, жалпы, Астананың бар зиялы қауымы сонда болды. Көңіл жомарттығы сарқыраған өзендей асып-тасып жатты. Фариза ақын елінің есі, қазақ қыздарының рух жебеушісі болатын.
2014 жылы аспаннан жасын түскендей, қара түн қайғы зарын айтып, көктегі Күн «енді қайттім-ау» деп, бетін басқандай болды. Қазақ халқы аза тұтып ақын Фаризаны, жандарына жақын Фаризаны жоқтады-ау дейсің.
Міне, содан бері он екі жылға жуық уақыт өтті. Қоғамдағы әртүрлі жағдайларда Фаризаның ақыл-сөзіне, мірдің оғындай өткір сөзіне, алмас қылыштай жарқылдаған ойларына, бетке айтып тастайтын өрлігіне халықтың сағынышы үдей түскендей. Фариза-өлең толқындары да кемерінен асты.
Осы күйді өзіміз де бастан өткізгендіктен Назарбаев университетінде Фариза ақынның 80 жылдық мерейтойын тірек етіп, «Жыр қарлығашы – Фариза» атты мүшәйра өткіздік. Студенттер ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды, ақынға арнау өлеңдерін жазды және ақын өлеңдерін ағылшын, қытай, орыс тілдеріне аударды. 5-сәуір (2019) күні «Жыр – менің планетам» атты әдеби-театрланған қойылымды (НУ студенттері дайындаған) тарту еттік. Студенттердің ақын шығармашылығына деген махаббаты оянды, Фариза ақынды өздеріне рухани серік етті. Кешке қатысқан Астана қаласының зиялы қауымы, театр актерлері, жырсүйер жастар НУ студенттерінің өнеріне тәнті болды.
Фариза «Жыр – менің планетам» десе, ендігі жерде жырдағы Фариза-планетаны санаға орнықтыру – біздің парызымыз. Ақын: «Өздеріңе тапсырдым, сақтаймысың, таптаймысың шыңғыртып сызда жанын, Ендігісі – сендердің қолдарыңда, тағдырындай ұзатқан қыз баланың» деп тапсырған жыр-тағдырды сақтау да, көкке шығару да бізге аманат.
Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор,
«Құрмет» орденінің иегері
Астана қаласы
(арнайы «Атырау» газеті үшін)



