Есімде қалған елес мұң

Atyirau 95 Қоғам

Журналистика саласының ардагері, облыс баспасөзінің дамуына елеулі үлес қосқан Теңдік Жауыровтың есімі елге белгілі. Ол бізге туыс болып келеді. Дүниеге келген күні әкемнің жеңгелері үлкен шешемізді (Теңдіктің шешесін) қаумалап алады. Әдемі есімді әжеміз немересінің кіндігін өзі кесіп, менің анам Рахыштың алдына салған екен. Содан әке-шешем енші алып бөлек шыққанша Теңдікті тәрбиеледі.

Атырау 95

Осы шақта колхозға партбюро хатшысы болып басқа өңірден коммунистер жұмысқа келген екен. «Артель болып жаңа құрылып жатырмыз» деген олар дүниеге келген ұлдың есімін Теңдік деп атау туралы ұсыныс айтыпты.

Анамның айтуынша, 1942 жылы әкем соғысқа алынған соң, ол сол үйдің келіні ретінде қолғабыс қылып, көмектескен. Теңдікті тәрбиелеуге үлес қосыпты. Соғыс басталған шақта мектепке барған Теңдік майдандағы әкеме хат жазып тұрыпты. Ал, 1944 жылдың жаз айында жарақат алып, елге оралған соң әкем «сабақтарыңды жақсы оқыңдар, өзім оқуға түсіремін» деген-ді. Сол сөзінде тұрды. Ел-аймаққа атбегілігімен танылған әкей атқа мінгестіріп апарып, 1948 жылы Теңдік ағаны оқуға түсіреді.

Ол кезде ауыл балаларының көбі жол қатынасының қиындығынан оқуға бара алмай қалатын. Ал, әкем сөзіне берік, айтқанын орындайтын адам-ды. Тіпті, колхоз басқармасы мен партия ұйымы хатшысын шоқпармен соғып, сол үшін сотты болған, қызуқанды, шапшаң еді. Әкеміздің осы ісі арқылы ел-жұрт бізді танитын, ығысатын.

Теңдік аға педучилищені жақсы оқыды. Домбыра оркестрінің мүшесі болып, мұғалімдерінің бағыттауымен қабырға газетін шығарып тұратын. Жауыр атамыз 1950 жылы Гурьев обкомына барып, ол күнде колхоздан шығуға рұқсат жоқ болғандықтан, «екі балам оқуда, бір балам қалада шофер» деп, Гурьевке көшуге келісім алады.

Тәкең 1952 жылы КазГУ-ге оқуға түседі. 1957 жылы КазГУ-ді «өте жақсы» деген бағамен аяқтаған соң, «Социалистік құрылыс» газетіне келіп, журналистика саласының әр сатысынан өтіп, өзін шыңдады. Әдеби тілші ретінде жұмысқа алынып, қиындығы мен қызығы қатар өрілген мамандықтың қыр-сырын меңгерді.

1961 жылы обком бюросының қаулысымен Қызылқоға аудандық «Социалистік еңбек» газетіне редакторлыққа жіберіледі. Сол күні идеологиялық хатшылыққа бекітілген Ж.Нақбаев екеуін ұшаққа мінгізіп салғаным әлі күнге есімде. Кейін Н.Хрущевтың саясатымен аудандық газеттер жабылған тұста, ол облыстық газеттің Қызылқоға аудандық тілшісі болып қызметін жалғастырды. Ал, 1963 жылы қайтадан газеттерді ашу туралы тапсырма берілген соң, Махамбеттен шығатын «Малды өңір» газетіне бас редакторлыққа бекітіледі. Ол басқарған тұста басылымның беделі облыс қана емес, тұтастай республикадағы алдыңғы қатарлы аудандық газеттердің қатарына қосылды.

Бұдан соң, облыстық партия комитетіне шақырылып, үгіт-насихат бөлімінде баспасөз жөнінде нұсқаушылық жұмысты бес жылдан астам абыроймен атқарады. Осыдан кейін 1976 жылдың жазынан 1978 жылдың күзіне дейін облыстық «Атырау» газетін басқарған кезінде де мол тәжірибесін пайдаланып, басылымды облыс экономикасы мен өнеркәсібінің өрге басуына үлкен үлес қосуға бағыттайды. 1978-87 жылдары облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болған тұста Қазақстан компартиясы Орталық комитеті секретариатының ұсынысымен әзірленетін Құрмет тақтасында «Үздік партия қызметкері» ретінде суреті 4-5 жыл көлемінде ілулі тұрды. Десек те, осы тақтаға ілінгендерге арналған жеңілдіктерді де Жауыровтың жеке басына пайдаланбағандығын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Бұл да бір Тәкеңнің ерекше қасиеті-тұғын.

Араға жылдар салып, облыстық басылым редакторлығына қайта қызметке келген сәтте өз саласының кәсіби маманы екенін танытып, «Атырау» газетін айтулы газеттер қатарына қосты. Өз кезегінде мұнайлы астананың «Атырау» аталуына, газеттің де атауын өзгертуге үлкен үлес қосып, жұртшылық пікірін жинақтады, ғылыми негізге бейімдей келе, өз мақсаттарына қол жеткізді.

Одақ бытырап, Қазақстанның тәуелсіздік алар тұсында да журналистерге қатысты маңызды мәселелерді шешу жолында «Атырау» газеті біраз жұмыстар атқарды. Дүние жүзіне танымал «Теңіз» мұнай кешенінің ашылуына байланысты бірнеше сериялы материалдар жариялағаны да ел есінде. Тоқсан бес жылдық тарихы бар байырғы басылым қазіргі таңда да сол бағытынан еш айныған емес, өңір үшін өзекті мәселелерді әрдайым кеңінен жариялаумен келеді.

Бұдан кейін де Тәкең журналистік саладан кеткен жоқ, Қазақстан Журналис-тер Одағының ұсынысымен халықаралық «Түркістан» апталығының Батыс Қазақстан өңірі бойынша меншікті тілшісі, «Ар-Честь», «Вечерний Атырау» газеттері бас редакторының орынбасары қызметтерінде болып, өзінің көп жылғы қызметін жалғастыра берді.

Ал, Атырау университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультеті жанынан журналистика бөлімі ашылғанда жас журналистерге дәріс беруге шақырылған Теңдік Жауырұлы «Журналист, ұстаз, редактор, бас редактор» тақырыбында өзінің шығармашылық зертханасын ашып, «Камал Смайыловтың публицистикасын» жеке пән етіп кіргізді. Сонысымен жаңа бөлімнің идеялық, теориялық жағынан нығая түсуіне көп еңбек сіңірді. Бұл ретте Теңдік ұстаздан дәріс алып шыққан шәкірттерінің облыстық, республикалық баспасөз салаларында табысты еңбек етіп жатқанын айтсақ та жеткілікті.

Жақсылық АҚБАЛОВ,

тарихшы-мұғалім,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз