ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІНІҢ БІР БЕКЕТІ

Атыраулық қаламгер Бекет Қарашиннің аты семсер ақын Махамбет Өтемісұлының дауылпаз жырларын орыс тіліне тәржімалауымен шықты. «Апырай, Махамбетті жүрегі дауалап орысша сөйлетуге бел буған бұл кім болды?» десті мүйізі қарағайдай шайырлардың өздері таң-тамаша қалып. Сөйтті де, аударманы жата-жастана оқып, талдап сызғылады. Ғажап! Өр Махамбеттің өрт өлеңдерін жалынын сөндірмей өзге тілге көшіріпті! Таңғалмай көріңіз. «Мен оны Исатаймен үзеңгілес көтерілісші, бүлікші ақын Махамбетті танытқан айтарлықтай өзіндік ерекшелігі бар аудармашы ретінде танып білдім. Мені  «Жыр-жебе. Стихострелы» атты кітап атауының өзі қызықтырып әкеткені есімде. Бұл кітап 10 жыл бұрын жарық көріп, оған жаңалыққа жаны құмар Иманғали Тасмағамбетов тамаша алғы сөз жазды.          

Махамбет қазақтардың намысқой, әрі азат рухын бейнелейді, ол – ұлттық Тәуелсіздіктің қамқоршысы, еркіндік жолындағы табанды күрескер, рақымды да, нәзік жанды бүлікші, жауларына деген қаһарлықтың, көнбеушіліктің, ымыраға келмеушіліктің символы. Мен атыраулық Бекет Қарашиннің Махамбет шығармаларына жасаған орыс тіліндегі аудармаларына дәл осылай баға бердім...» деп жазды белгілі жазушы Герольд  Бельгер.

Содан бері әдебиет әлемінде Бекет Мұханәліұлының есімі етене таныс бола түсті. Халықаралық Жазушылар Гильдиясына, сондай-ақ, «Жаңа замандас» Халықаралық Одағына, Қазақстан Жазушылар Одағына мүше болды. Оның қаламынан туған өзінің төл туындылары да оқырманының ыстық ықыласына бөленді. «Дядины забави» әңгімесі үшін «Флорида Кон» (АҚШ) Халықаралық байқауының және Халықаралық Кавериндік әдеби сыйлықтың (Ресей, Псков-Мурманск, 2012 жыл) лауреаты атанса, жақында Германияның беделді Халықаралық «Руский стиль» конкурсында «Әдебиеттану және эссеистика» номинациясы бойынша «Автор – стильное перо!» атағын жеңіп алды.

 

Оның үстіне «Алшы» және Зейнолла Қабдолов атындағы қорларын құрып, тіл, мәдениет мәселелерінің ең өзекті тақырыптарын талқылау нысанасына айналдырды. Өзге ұлттың өкілдерін «Мен қазақша сөйлеймін» девизінің астына топтастырды. Биыл тағы бір игі іс бастап, академик Зейнолла Қабдолов атындағы халықаралық сыйлық тағайындап, онымен қазақтың әр саладағы ең мықты деген марқасқаларын марапаттап та үлгерді. Іскерлік демей көріңіз!

Міне, осы Бекет Қарашин алпыс жастың асқарына көтеріліпті. Өткен жолын саралап, келешекке бағдар жасайтын ағалық белеске көтеріліпті. Белгілі журналист, «Атырау-ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай «ол дегеніңіз – талант жағынан бір Бекет қой, ол туралы қалай әңгіме қозғамаймыз?» деп оның шығармашылығына жоғары баға беріп, жедел тапсырма берген еді. Біз де бұл ұсынысты құп алып, бүгіннен бастап қаламгер хақында жазылған жүрекжарды пікірлерді жариялауды жөн көрдік.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

Жай ғана – менің ағам!…

(қаламдас ағам туралы қысқа эссе)

 

Жоқ, шын мәнінде де, біз шенге бас ұрушылық сезіміне тәрбиеленгенбіз, содан белгілі бір жылдардың мәресіне шыққан кезде мерейтой иесіне мадақтаулар жаудыруға міндетті тәріздіміз және… ол үшін ұнату, құрметтеу де міндетті емес! Осындай шен-шекпенге бас ұрудың дәстүрлері өзінің күн тәртібін де әркімдерге айқын бөліп беріп, сатылай келетін бірізділікті белгілейді, оған сәйкес болмасаң, бұл – тәрбиесіздік болады, ал толықтай сай келсең, өзіңнің жеке «даңқты сәтіңмен» насырға шабады.  Яғни, мадақтап отырған адамыңды шын ардақ тұту оншалықты қажет те емес, себебі бұл енді шенді мен шекпендіге құлдық ұру емес, оның қарттығын қадірлеу болып шығады, бұл да сол баяғы – жұтаңдық.

Ал, мен олай істемеймін! Өзімнің қаламдас ағамды енді мұражай қоймасына тапсыратын мезгіл болғандай түрде жазып отырмаймын! Ондайды біреулер күтпей-ақ қойсын! Ол сондай… егер оны жылы жерге жылы қабырғалар ішіне апарып сүйемелдеп қойып, тағы да аз ғана еңселене тұруға мүмкіндік берсеңіз, сатирик айтқандай, онда оның қолынан әлі талай дүниелер келеді… Егер сүйемесеңіз – онда тіпті еркін қыдырып кетеді, онда ағамды жер шарын шарлап іздеңіз: мүмкін Мысырда жүр, пирамидалардың сұлбасынан болашақ туындыларына поэтикалық шабыт көреді, әлде Иранда, ежелгі Түркілердің қалдырған іздерін қарастырып жүрген жерінен ұстаңыз, әлде Германияда кезекті марапаттау сыйлығын алып жата ма, тіпті Астанадан өзінің туған өлкесінің әдебиеті мен мәдениетін дамыту қажеттілігі үшін кезекті көмек алуға қол жеткізу ниетімен жүрген жерінен де табуыңыз ғажап емес… себебі, бұндай рухани мәселелер енді оның өзінен басқа ешкімге де керек емес тәрізді. Ал, оған – керек, бұның бәрі де керек! Шіркін, менің қаламдас Ағам!

Солай болды да шықты, мен бұл адамды сүйемін. Өзіме қаны туыс ағамды қалай ұнату қажет болса солай,  оған қалай ғашық болу мүмкін болса солай сүйемін… Ал, маған ол өзінің рухы бойынша  жақын оқырмандардың алдында да, өз алдыңда да қызармау үшін, ең бастысы – осындай таудай талант берген Құдайдың алдында ұялмау үшін – сөз өнерінің не екені туралы түсінігі бойынша жақын. Жазушы – бұл жай ғана мамандық емес, қандай да бір мәртебе емес, толтырылуға тиісті есепшілік шығындардың бағандары емес. Жазушылық – бұл борыш. Бальзак нені айтып еді? Жазбай тұра алмайтын болсаң, онсыз өмір сүре алмайтын болсаң ғана жазушы болуға тура келеді. Ал, қайтерсің, ағам екеуіміздің жазбау қолымыздан келмейді. Біз ондайды да… байқап көрдік… ештеңе шықпады!

Ол ең бір күтпеген кезде кенеттен айтуы мүмкін: «Қазір… мен бір сәтке ғана… күте тұр…»… Сосын сартылдаған ырғақ тудырып, ешбір барабаншы қайталай алмайтын бір дүрсілмен… саусақтары пернетақта алаңында алшаңдап кеп берсін, компьютерлік пернетақтаның нәзік сенсорлық түймелері мен сезімтал пернелерін нығыздай шегелеп… Бұлай етуінің себебі, ол – Ағам… ол – түймелері  нәзік компьютерлік пернетақта болмаған кездерден бері жазушы болып келеді, ал бұрынғы қол машинкаларының қатты пернелері айқасуды, шабыт төгілген сайын өршелене соққылап ұрғылауды қажет ететін… Сонда әрбір әріптің таңбасы айтақыр далада көшпенділер тұлпарының тұяғындай қағаз бетін ұрғылап, оны ойып түсіп, жосылған із қалдыратын… Міне, менің Ағам – осылай жазады!

Ақын махаббатсыз бола алмайды. Ал менің Ағам – ақын. Ол кісімен кезекті жобаны талқылап кафеде бірге отырсаңыз,  ал еліктің лағындай сүйкімді даяшы кофе әкеліп ұсынса, ағам кенет өлең жолдарын жөңкілтіп, енді ырғақтар мен ұйқастардың тілінде сайрап қоя берсін… Оның бұнысы жай ғана, қалайша… әдемі болып шығады, ал қазіргі әлемде сезімді білдірудің биік шыңы-көрермендердің осы маусымда көңілінен шыққан кинофильмге алынған билет екеніне шынымен де сенетін, мүмкін тіпті еркектің аузынан өзіне арналған өлеңді ешқашан естіп көрмеген сұлу даяшының жанарында, кенеттен тек қана ғашық болған қыздардың көздерінде ғана жарқылдап тұратын жұлдызшалар жыпылықтап тұтанып жүре берсін… Міне, махаббатты осылай тудырып ала алады – менің Ағам!

  Аждар  УЛДУЗ

жазушы, ақын,

режиссёр (Мәскеу)

«Поэтическое братство»

– халықтар бауырластығының көпірі

Бекет поэзиясында философиялық ноталар айқын білінеді: өмір мәнін іздеу, қоршаған әлемді тануға деген талпыныс, адам жанының толғанысы, күреске шақыратын және адам рухын көтеретін әнұрандар мен мінәжаттар.

Автор өзінің рухани энергиясымен, күшімен таңдандыра отырып, оқырманды шексіз кезеңдерге, алыс қияндарға саяхатқа жетелейді, сондай-ақ, өмірде кездесетін кедергілерден шығудың оңай жолын көрсетпейді, керісінше мәселелер мен сауалдар тудыра отырып, оған жауап пен шешімді  оқырманның өзі қабылдауына мүмкіндік береді.

Оның барлық өлеңдері ой мен әрекеттің субъектісі болып табылатын, осынау өткінші, аумалы-төкпелі заманда лайықты орын мен еркіндік үшін күресетін адамзат жаратылысына арналған.

Меніңше, Бекет ақын ретінде Ресей және өзге де советтік үкімет елдерін қоса алғанда заманауи ортадан өз шығармашылығына тілектес және сүйсінуші оқырмандар тапты. Өйткені, оның өлеңдер жинағы ХХІ ғасырдың орыс халық поэзиясы антологиясында лайықты орын алды, сондай-ақ, аталмыш жинақ Тула мемлекеттік университеті баспасы арқылы шығарылып, ТМД елдерінің ең үлкен кітапханаларын толықтырды.

Бекет Қарашиннің 60 жылдығы қарсаңында халықаралық «Ақындар бауырластығы» клубы атынан Атыраудың дарынды қазақ ақынына ұзақ өмір тілеймін, алдағы уақытта да бәрімізді өз шығармашылығымен қуанта берсін, ақындар бауырластығы арқылы біздің бауырлас халықтардың мәдениеті мен әдебиетін жақындастыра түссін деген тілек айтқым келеді.

Геннадий МИРОШНИЧЕНКО 

академик, Ресей Жазушылар

Одағының мүшесі,

(Тула қаласы).

 

Халықтың  шәкірті  және  ұстазы

Адамның ең үлкен байлығы-оның білімі. Ерте замандарда білімді бойына жинақтап, оны адамдарға беретін абыздар болатын. Олардың неғұрлым данышпандары мен дарындыларының есімдері өзі тіршілік еткен жерлерінің, өмір сүрген елдерінің шеңберінен шығып, атақтары алыс шартарапқа тарап кететін.  Қазіргі әлемде ағартушылық қызметін, қаламын серік еткен жандар-жазушылар атқарады. Жазушы халқының ұстазы және қызметшісі. Ол өмір бойы үйренеді және үйретеді, өзі неғұрлым көп білген сайын адамдарға да соғұрлым мол рухани азық бере алады. Ол – мәңгі оқушы және ұстаз. 

Бекет Қарашин өз халқының талантты, қажымайтын оқушысы, әрі ұстазы болып келе жатыр. Ұлы абыздардың тек өз халқы үшін ғана емес, өзін қажетсінгендердің барлығына қызмет қылғанындай, Бекеттің шығармашылығы білім іздегендердің бәріне, жер шарын мекен еткен халықтардың арасындағы ешқашан үзілмейтін жанды байланыстарын көре білетіндердің барлығына қызмет етеді.

Бекеттің шығармашылығы терең, әрі адамгершілікті, сондықтан тек зерттеуші оқымыстыларға ғана емес, мейірімді және бейбіт тату адамзат қоғамында өмір сүргісі келетін күллі адамдарға қызмет етеді және солай болуы тиіс.

Бекет бәріне ғашық: табиғаты, оның перзенттері – құстар мен жануарларға, тіршіліктің бір бөлігі – адам баласын. Бұл махаббат оған жинақталған білімімен және өзінің ашқан жаңалықтарымен үнемі бөлісіп отыруға күш-жігер және ұмтылыс береді. Өзі жазған тақырыптарына деген сүйіспеншілік оның шабыттанған жүрегінен өлең болып өріліп шығады. Оның сүйіспеншілік сәулесінің нұрымен көмкерілген туындыларын бір деммен тамсана оқып шығасыз.

Табиғат оған заманалардың тұңғиығына еніп кету қабілеті бар және басқаларға көруді жазбағанды көре алатын таңғажайып бір түйсік сыйлаған. Сөз өнеріне деген ғашықтық оған көкке көтеріліп қалықтайтын, бәріне де уақыттың биігінен, оқиғалар мен тағдырлардың заңғар көгінен қарауға мүмкіндік беретін қанат бітіреді. Бекеттің шығармашылығы – махаббаттың ғажайып ән-жыр шашуы, адамның өмір жолында кездесетін барлық ізгілікке арналған мадақтау. Күллі келеңсіздіктер мен көлеңкелі сәттер жазушының барлығын қапысыз аңғаратын жанарларының мейірімді шұғыласының сәулелерінен әлсіреп буалдыр тартып жоғалып кетеді, себебі, ол түптің түбінде адамзат ақыл-ойының жеңісті салтанат құратынына сенеді.

Галина ШУКЕ,

филолог,  лингвист, 

түркітанушы

(Латвия,   Даугавпилс қаласы).

(Жалғасы бар)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз