Жарнама
Әдебиет

Дархан даланың үні

Күй атасы Құрманғазы туған топырақта Жұмекен де туды.  Махамбет айтқан «алақандай Нарынның» адамы түгілі, аңы да күй сазына елітіп, әр сайы, бір тал қурайы күй ойнап тұрғандай. Ж.Нәжімеденовтің консерваторияда күй сыныбында оқығанын білеміз. Қазақ әдебиетінде күйдің үнін жыр тілінде сөйлетіп, тұтас кітап арнаған ақынның күйге қалай келгенін әңгімелемекпіз. 

Бармағын былқылдатып, саусағын сылқылдатып…

Бала Жұмекен 3-4 жасынан омырауын, көйлектің жағасын сол қолымен домбыра қылып соғып отырады екен. Өйткені көкірегі ашық, құшағы кең бүкіл Нарынға аты шыққан Нәжімеден қарияның үйіне кімдер келіп түспеді дейсің. Азғырдан шыққан Сабыр Мұқатов, қошалақтық домбырашылар Әсима Қалиқызы, оның ұстазы Баһуеден Ниязалиев күй құдіретін ұққан шебер орындаушылар.

Немересінің ынта-ықыласына көзі қанған соң кәрі атасы Өтебәлі деген шеберге домбыра жасатып береді. Домбыраның пернелігі жіңішке, басы қасықтың басындай болып, баланың бойы мен ойына шақталып жасалады. Осы домбыра балаң Жұмекеннің бармағын былқылдатып, саусағын сылқылдатып, ілгері өрмелетеді. Енді балғын жастың солақайлығына келсек, Қошалаққа аты әйгілі  солақай домбырашы Дүйсен есімді қарияның әсері тиген деп естідік. Біз көрген қарттар Дүйсеннің «Нарату», «Баламайсаң», «Аңшылық», сондай-ақ тағы да Дәулеткерей, Мәмен, Қазанғап, Кекіл күйлерін тебіреніспен орындайтындығын айтып отыратын.

Дүйсен қарттың баласы Зейнелге Жұмекеннің үлкен апасы Мүліктің (Мүлкима) тұрмысқа шығып, Нәжімеденмен құдандалы болуы баланың домбырашы қартпен етене жақындасуын нығайта түседі. Кейін Жұмекен: «Пай, шіркін-ай, сол Дүйсекең қарттың басына барсам деп едім, сәті түспей, жолым соқпай қойды. Әдемі қарт  еді, солақай күйлерді тамаша тартатын-ды. Мені алдына алып, ерінбей отырып, соқтыратын еді-ау» деп есіне алған екен оны. Сәті түскенде бейітінің басына бірнеше рет барып, күйшіге бірнеше рет басын иген.

Дүйсен қарттың 1923 жылы туған Өтешкен (Өтеш) есімді баласы 1989 жылы Қошалақта қайтыс болды. Өтештің тракторшы інісі Өтеғали толғау, термелерді нақышына келтіре орындап, ауыл сахнасына шығып жүрді. Осындай көзкөргендерден естігенім, тап өзім көргендей сөйлеуіме негіз болып отыр.

Алматыда танысқан

Жұмекенге өсе келе атасы Әділхан Молдағұлов деген шеберге үшбұрышты домбыра жасатып береді. Жұмекеннің 1955-56 жылға дейін қолданған домбырасын кейін жиендері Маржан Зейнелова, Жұмагелді Нәжімеденов пайдаланған. Ағайынды бұл екеуі Жұмекеннен дәріс алған, кейін консерваторияның домбыра сыныбын бітіріп шыққан білікті мамандар болды.

Ақынның тете қарындасы Сәбила Сабырқызының естелігі де домбыраға соқпай өтпейді. «Әкемізден қалған бір домбыра болатын. Мен ес білгелі ағамның қолынан сол домбыра түскен емес. Үй ішімізбен көпшіл болдық. Атамыз келген қонақтарға домбыра тартқызып, Жұмекен ағама да ұсынатын. Қоңыр домбырасын шертіп қойып ойланып отыратын ол.  Сөз аралатып айтып қалған, даланың қоңыр күйін сүйіп өткен Сабыр Мұқатов 1907 жылы туған. Ел ішінде атағы асқан күйші Нәжімеден қарияның үйіне талай тоқтаған екен. Сондықтан да Жұмекен Сабырды өзіне ұстаз тұтқан. «Ақ шағыл», «Кішкентай» романдарында суреттеген сөйлем құрылыстары бар. Сонау Жаңақаладан Теңізге шейінгі аралықты шулатқан Тесік тамақ та Қанышкеннің осы құлыбында домбыра тартты…» деп келтіреді.

Жұмекен көрген дала домбырашылары қатарын Фазыл Сұлтанов пен Әсима Қалиқызы Ізмұхамбеткеліні толықтырады. 1922 жылы туған Фазыл заңгерлік орта білім алумен қатар Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген. Ол Алматыдағы К.Байсейітова атындағы он жылдық музыка мектебінде домбыра сыныбында және консерваторияда сабақ береді. Сейтек күйшінің қызынан туған жиені болғандықтан нағашысы тартқан күйлердің бірнешеуін білген. Жұмекен Фазылды ауылда емес, Алматыда кездестіреді. Нәсіп Мұстахқызының айтуынша, бір күні Жұмекен сабақтан келіп «Фазыл ағайды көрдім, таныстым. Күй тартқыздық, керемет, техникасы өте мықты. Көп жария болмаған күйлерді біледі екен» депті өз естелігінде.

Әсима апай Жұмекеннің әкесінің туған қарындасы Күлмаш (Күлмариха ) апаймен құрдас болып келеді. Әсима апайымыз бала кезінен домбыраны меңгерген. Әңгіме арасында «Жұмекенжанды Күлмаш екеуміз кезек-кезек арқалап жүріп өсірдік» деп отырады екен. Демек Жұмекен Әсима ападан күй үйренді деп айта аламыз. «Аспанда қараша қаңқылдаса, көлдегі қаз қанатын қомдайды» деген емес пе? Ал Әсима болса Құрманғазының «Қарт жігер», «Көкалат», Мақаштың «Байжұма», Мүсірәлінің «Ақжелең» күйлерін бірден-бір жеткізуші. Әсима Қалиқызының орындауындағы күйлер ұлттық музыка қорында сақтаулы.

Оркестр құрамында

Жұмекен Алматыға келгенде жұрт алдына ұялмай шығатын домбырашы болып қалыптасқан. 1955-56 жылы оқуға түсе алмай, Қарағанды шахтасына жолдамамен жұмыс жасағаны белгілі. Қарағандылық жұмекентанушы Марат Азбанбаев Жұмекеннің Мәскеудегі онкүндікке оркестр құрамында барып, өнер көрсеткенін жазады.

Шахта жастарымен кездесу үстінде А.Жұбанов сол жылы комсомолдардың өнер байқауы болатынын хабарлайды. Өнерлі жастар арасында Жұмекеннің де бірнеше күйін тыңдайды. Кейін Ахмет Жұбанов Алматыға телеграмма арқылы Жұмекенді шақырып алады. Сол байқауда орындаушылықтан екінші орынға ие болады. 1956-57 жылдары консерваторияға қабылданады. Жұмекен Рүстенбек Омаров, Хабиболла Тастанов, үшінші мұғалімі Құбыш Мұхитов сияқты домбырашы-ұстаздардан дәріс алады. Сөйтіп, мектепте оқып жүрген кезінен төкпе судай төгілген орындаушылық қабілеті кемерленген шақта сөз өнеріне ауысады.

Жұмекен көмір шахтасынан суырып, өнер сахнасына шығарған Ахмет Жұбановқа қарыздар болып қалған жоқ. Өзінің «Күй» кітабында А.Жұбановқа «Дирижер» және «Ақаң» деген екі өлең арнады. Бұл өлеңі туралы ұстазы Қ.Мұқитов: «Жұмекеннің музыка саласында да ой-өрісінің жоғарылығын, күй өнерін бес саусақтай сезінетінін, білетінін көрсетеді…» деп бағалады.

Жұмекенді талай өнер саңлақтары құрмет тұтады. Домбырашының үйіне әдебиеттің атышулы өкілдері Әбу, Сафуан, Тахауи, Әбдіжәміл келіп күй тыңдаса, Нұрғиса, Әзидолла, Шәміл Әбілтаев өнерлерін ортаға салады. Магнитафон таспасына жазылып алынған Жұмекеннің орындауындағы оншақты күй мен М.Ромоненко деген шебер жасаған домбырасы өз шаңырағында сақтаулы тұр.

РS.

Нарын құмында жел көтерілгенде құм көшеді. Қияқтың уілі домбыра сағасындай үн келтіреді. Ол әуен құлаққа жағымды естіледі. Өйткені ол жерлерде Махамбеттің, Құрманғазының, Сейтектің, Динаның, Сабыр Мұқатовтың, Баһу Ниязәліұлының, Әсима Қалиқызының, Бақыт Қарабалинаның, Жұмекеннің рухты іздері қалған.

Есмұхан ЖАНИЗИН,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button