БІРЛІК туралы БАЛЛАДА

12 Қоғам

Аtr.kz/14 сәуір, 2020 жыл. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жылыой ауданының Құрметті азаматы Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫНЫҢ кезекті жаңа туындысын назарларыңызға ұсынамыз.

БІРЛІК туралы БАЛЛАДА

Қайыр қарттың бар болатын үш ұлы,

Өмірінің солар еді тұшымы.

Әділдікті ту ұстаған қарт еді,

Ақылымен сыйлататын кісіні.

Өмір бойы Жем бойында мал баққан,

Еңкіш тартқан тағдыр салған салмақтан.

Қаражардың қойнауында күн кешкен,

Сарнияздың сары шоқысын шаңдатқан.

Күн шығыста Саршыпыны Тайланы,

Қазыбекте қара отардың байламы.

Аманбайдың тоғайында жайлауы,

Аралтөбе болатұғын қайнары.

Ақмешіттің самсағанда сағымы,

Желтаудың да жететұғын дабылы.

Есекжалдан еркін самал көшкенде,

Ерке Жемнің толқындайтын ағымы.

Өмір солай өтіп жатты біртіндеп,

Жазы жайсаң, күзі дауыл, бүркілдек.

Қысы қатал, бораны бар бұрқылдақ,

Қарт бурадай шабынатын зіркілдеп.

Осы жерде ғұмыр кешті Қайыр қарт,

Туған жердің әрбір шағын байырқап.

Салтанаты серігі еді жанында,

Жақсы күннің бағасын бер, айыр хақ.

Үлкен ұлы Аманғали болатын,

Ол келгенде ауыл бойы толатын.

Ортаншысы Қайырғали аңқылдақ,

Қайролласы жайды осында қанатын.

Арман қуды үлкен ұлы – жолбасы,

Білім еді, ғылым еді жолдасы.

Құрылысқа кетті және ортаншы,

Қайролланың бүтін еді дорбасы.

Қайыр қартың ержеткізіп үш ұлын,

Байқап көрді шамаларын күшінің.

Қаусырып ап отыратын ішігін.

Үш ұлының болашағы – ел үшін,

Туған өлке, туа бітті жер үшін.

Аттандырды үшеуін де үш жаққа,

Отанының толтырсын деп кемісін.

Ақылман қарт елдің қамын жейтұғын,

Сақтандырып қауырт кезде кей тыным.

«Ел басына күн туғанда үшеуің,

Бір адамдай жетіп келің» дейтұғын.

Осылайша өтіп жатты талай жыл,

Күй тартылып, сазға бөлеп талай жыр.

«Алыс болсын, жақын болсын мекенің,

Туған жерге көзің салып қарай жүр».

«Ойламаңдар бүгін ғана, күндікті,

Бірге ашыңдар ашылатын түндікті.

Ел басына күн туғанда, ұлдарым,

Ту етіңдер тұғыры тік бірлікті.

Бірлік қана жая алады қанатын,

Бірлік болса қауіпті емес қара түн.

Сабыр болсын сасқан кезде мінезің,

Бірлік болсын аман алып қалатын»

Талай рет жұтты көрген қария,

Көргендерін айтты осылай жария.

«Індет келсе ізді жабар, дейтұғын

Індет келсе жоқ болады дария».

Осыны айтып ойға қарты бататын,

Жүрегінде шындық сөйлеп жататын.

Ақкиіздің аспанында нұр ойнап,

Алла күні аман-есен ататын.

Өмір – керуен өтеді де кетеді,

Жыл артынан жылдар жылжып жетеді.

Қайыр қарт та өтті өмірден бір күні,

Қараш мола болды мәңгі мекені.

…Сүзек келді ауылға емес, қауымға,

Кім тұрады қарсы мынау дауылға.

Деген кезде үш ұл жетті алыстан,

Жұдырықтай айналып бір бауырға.

Бірі келіп қолына алды қаржыны,

Бірі келіп жарқырады жан нұры.

Енді бірі елге салды ақылын,

Сақтық айтып, сабыр етіп алғыны.

Бірлік деген тұтқа болды кезеңде,

Айналды да – жақсы пікір, сөз емге.

Самал кірді сасып қалған ауылға,

Амал кірді жасып қалған өзенге.

… Тажал ажал салғанда елге қармағын,

Қайыр қартты және есіме алғаным.

Бірлігі жоқ елдер қазір әлемде,

Тістеп жатыр қапы қалып бармағын.

Қапы қалып, болмау үшін қатеміз,

Сақтық жайын сақшылардай етеміз.

Ер халқымыз жеңіп шығар мұны да,

Бірлікпенен жаңа күнге жетеміз.

Үйде болсаң үйің сенің Отаның,

Жайын ойла, ұл-қыздардың – ботаның.

«Біз – біргеміз» деген сөзді ту ұстап,

Алға шықсын абырой мен атағың.

Жайын ойла отбасыңның, еліңнің,

Жайын ойла жайнап тұрған жеріңнің.

Тізе қосып, бірлік үшін бекем бол,

Қоста және қағидасын еріңнің.

Біз – біргеміз, Қайыр қарттың ұрпағы,

Атар алда тіршіліктің нұр таңы.

Қуанышпен көріскенше, бауырлар,

Бір ән болсын Алашымның шырқары!

Парызымды мен осылай түсіндім,

Мысал етіп бірліктерін үш ұлдың.

Жыл құсының қанатына хат байлап,

Сәлемімді Атырауға ұшырдым!

 Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың

лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Жылыой ауданының

Құрметті азаматы

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-koronavirusқa-shaldyққandar-sany-62-adamғa-zhetti/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз