Жарнама
Әдебиет

Атыраудың арқалы ақыны – Айтмағамбет

Атырау – жыр мен күйдің алтын бесігі. Бұл өлке Махамбет пен Исатайдай ерлердің рухы сіңген, жыраулық дәстүрдің желісі үзілмеген қасиетті топырақ. Сол дәстүрдің жалғасы болып, Тайсойған мен Сағыз бойын жырымен тербеткен, бірақ есімі әлі күнге дейін терең зерттелмеген бір дара тұлға бар. Ол – халық ақыны Айтмағамбет Лұқпанов.

Айтмағамбет ақын жасынан өнерге бейім болып өседі. Домбыраны жанына серік етіп, ауыл арасында өлең мен әнін қатар өрген. Өзі айтқандай:
«Он үште өлең жабысып,
Алқаны көрдік ашылған.
Жақсы құрбы кеткен жоқ,
Әлі күнге қасымнан…»
Бұл жолдардан ақындық шабыттың жастайынан бойына дарығанын аңғарамыз. Ол тек өлеңмен ғана емес, әнімен де елге танылған. Сахнасыз-ақ халықты думанға бөлеп, ән мен термені қатар өрнектеген өнерпаздың даңқы кеңге жайылған. Тіпті қазақтың әйгілі әншісі, халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев те оның өнеріне тәнті болып, қасына ертіп жүргені – Айтмағамбеттің биік дарынын дәлелдей түседі.


Ақынның бізге жеткен жырлары мен термелері өмірдің өз өрнегінен туған. Ол адамгершілік пен адалдықты, достық пен әділетті жырлады. Бір шығармасында:
«Адамға ақыл таптырмас,
Ақылмен адам қас қылмас.
Ақылың артқан жан болсаң,
Жамандық істі жақтырмас…» — деп адамды ізгілікке, парасатқа үндейді.
Ал «Мінің бар» атты өлеңінде табиғат пен адам мінезін шебер шендестіріп:
«Асқар тау сенде бір мін бар,
Асу неге бермейсің?
Дария сенде бір мін бар,
Өткізбеске меңзейсің…» — деп адам бойындағы әлсіздіктерді астармен жеткізеді.
Өлеңдерінің өзегі – өмір, уақыттың үні мен қоғамның сыры. «Арыстан деген аң болар» атты жырында ол билік пен бақтың баянсыздығын философиялық тереңдікпен толғайды:
«Арыстан деген аң болар,
Айбатынан жан қашар.
Алайда бақ пен дәуреннен,
Айрылса басы зор болар…»
Айтмағамбет жырларында шындық пен әділдік әрдайым биік тұрады. Ол тағдырдың сынағын да өнер тілімен өрнектей білген. 1961 жылы жазған бір өлеңінде сырқатын былайша баяндайды:
«Ауырудан болдым мүгедек,
Мүгедек қашан түзелет?
Ауырумен кәрілік бір келсе,
Ауырған адам жүдемек…»
Ал 1965 жылғы «Қорлық» атты өлеңінде әділетсіздікке қарсы ашық үн қатады:
«Дунияда не қорлық – әулет іс қорлық,
Аққа тиген – күш қорлық.
Әділетті жойсаң ақ іспен,
Дунияда ол зорлық…»

Бұл шумақтар – әділдік пен шындықты ту еткен азамат ақынның айқын бейнесі. Айтмағамбеттің жырлары ұзақ жылдар ел аузында сақталып, кейін көне көз қариялардың айтуымен қағазға түсті. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Төлеген Жаңабайұлы оның мұрасын алғаш жинақтап, «Қызылқоға» газеті арқылы оқырманға жеткізді. Сондай-ақ өлкетанушы Оржан Қазиев те «Атадан қалған асыл сөз» кітабында ақын шығармашылығына кеңінен тоқталды.
Ақынның қолжазбалары толық сақталмаса да, жыр дәптерлерінің үзінділері мен халық жадында қалған термелері – рухани мұрамыздың ажырамас бөлігі.

Айтмағамбет тектілердің тұқымы еді. Атасы Қабыланбай батыр – Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, ерлігімен елге танылған тұлға. Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» дастанында да Қабыланбайдың есімі құрметпен аталады.


Міне, осындай арда тектен тараған Айтмағамбет ақын да сөз өнерімен ел жадында мәңгі қалды. Оның ұлдары Сәлімгерей мен Сәкен, кейінгі ұрпақтары елге сыйлы азамат болып, халыққа қызмет етті.

Айтмағамбет Лұқпанов – ұлтының рухани байлығын жырымен байытқан, ән мен сөзді қос қанат еткен ақын. Оның мұрасы – Атырау топырағынан түлеп ұшқан өнердің алтын қазынасы. Сондықтан ақынның шығармалары жинақталып, зерттеліп, келешек ұрпаққа жеткізілуі тиіс.

Кәмила БОЛАТҚЫЗЫ,
№36 мектеп-гимназиясының
VII сынып оқушысы

Атырау қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button