ҒАШЫҚТЫҚ ҒАЛАМАТЫ

Жеткізбейтін жүйрік уақыттың шаңына да ілестірмейтіні рас. Қым-қуыт тірліктен бір сәт мойын босатып, елге келісімен туған ауылдың жұпар самалымен тыныстауға асыққан жерлес ағамыз бұдыры басым, соқтықпа жолдың әсерін де елеместен ой құшағына берілгендігін байқап келеміз. Көзді ашып-жұмғанша қанаттарын сабалап, у-шу болған құстарға толы Қызтуған өзегін де артқа қалдырдық. Алдымыздан Манаштың даңғайыр даласы мұнартып тұр. Бүгінгі сапарымыздың жолбасшысы, әңгімеміздің басты кейіпкері – Ғабдырахим Маралұлы Жаңбырбаев. Ол кісі – осы өлкенің төл перзенті.

Аумағы алыстан «менмұндалап» Каспий теңізі баурайына сұғына орналасқан Манаш деген ақтікенді дала оның көз алдында өткен балалық шағының елесін оралтып тұрған іспетті. Нарын даласынан ескен самал жел бүршігін жарған бұйырғын иісімен араласып, мұрын жарғандай хош иіс жанды елітеді. Қашанғы ширақ қимылына басқан жігіт ағасы айналасына өрлікпен қарап жатқан жусанды қара төбенің басына көтерілді. Кенет оның күбірлей сөйлеген даусы бізге де жетті. Әлденеге өкінгендей: «Әттең-ай, әттең-ай!» деген сөздер құлағымызды қамшыдай осып өтті. Иә, өкінетін де орны бар. Талай қырандардың томағасын сыпырып, бәйгеге қосқан Андреев орта мектебі, «Ақжал», «Ақтікен топ» ауылдарын айнала қоршай, шашырай орналасқан қараша үйлер өмір сахнасынан мүлдем ғайып болыпты. Әр төбенің басындағы көмескі тартқан зираттар ғана «елдің табаны біз емес пе едік?!» дегендей тұнжыраңқы кейіп көрсетіп қалыпты. Еске осыдан он бес жыл бұрын қайран Нұралы ақынның осы киелі топырақта тұрып айтқан жыр жолдары оралды:

Қазығында ботақаны боздаған,

Жазығында ошақ оты маздаған.

Кіндік қаның тамған осы топырақ,

Осы сенің бұйырғынды боз далаң…

Ғасыр алмасып, жылдар жаңғырып, талай сал-серілер сайран салған сырлы өңірге қанша оралса да, елін сүйген отты жүрегі жалындап тұратын Ғабекең ағаның күмбір көңілінің түкпірінде ақтарылуға шамасы жетпей, дауыл боп буырқанып, долданған елге деген махаббат әсте толастаған емес. Туған ауыл тарихының әр кезеңі көз алдында сөйлеп жүре беретіндей… «Біздің Манаш өңірі – небір қуатты таланттарды дүниеге әкелген құтты төр» деп отыратын ауыл қариялары. Абыздар қай кезде де қателескен емес, есейе келе зерделесе, бұл кішкентай ауылдан ұлтымыздың ары мен намысын қорғаған талай дүлдүлдер қанаттанып ұшқан екен-ау… Қазақ КСР Денсаулық министрі болған Сибағатолла Қарымбаев, Республика балық шаруашылығы министрі Ысқақ Өтеғалиев, қазақ поэзиясының патшайымы Фариза Оңғарсынова, заң саласындағы белгілі ғалым, қоғам қайраткері Салахиден Сәбікенов, есімі елге танымал жорналшы Нұри Мұфтах, ғылым докторы, профессор Қиясиден Рахметов, Құрманғазы атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің примадан концертмейстрі Өтепберген Хамзин сияқты Нарын өңірінің мақтанышына айналған ұрпақтар жалғаса бермек… Әкесі Марал Жаңбырбайұлы да ҚазМУ-дің заң факультетін тәмамдап, осы өлкенің өткен шежіресін құлағына сіңіріп өскен ат үстіндегі азаматтардың бірі еді. Мектеп мұғалімі, Гурьев облыстық ІІБ балық қорғау инспекциясының қызметкері, Жайық бойындағы Балықшы ауданының екі колхозының партия комитеті хатшысы бола жүріп, айтатын жерде іркілмейтін ақындығымен, ортаны үйіріп әкетер домбырашылығымен жерлестердің есінде сақталған жан.

С.Мұқановтың «Ботагөз» романын жатқа айтып отыратын әкесінің, елге сыйлы боп, жүз жасқа жақын ғұмыр кешкен шежіреші Жаңбырбай атасының, туыстар арасында билігімен, турашылдығымен «Айғыр кемпір» атанған Тұрсын (Тырша) әжесінің, отбасына мейірім нұрын таратып, бес ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірген Қаламқастай ананың мейірімге тұнған жүздерін Ғабдырахим аға ұмытпақ емес. Көпті көрген, бәйге тұлпарын өмір додасына қосқан ағамыз туған топырақта тұрып, өз өміріне ойша шегініс жасады…

Иә, ауыл бозбаласының арманы орындалып, 1965 жылы Қ.Сәтбаев атындағы ҚазПТИ-дің инженер-энергетика факультетінің студенті атанған жылдар, шіркін! Манаштан басталған домбыраға, әнге деген құштарлық енді театр өнерін тамашалауға, ақын-жазушылармен кездесу кештеріне ұласып, лезде Алматының өнер десе өрге шапқан жас серілерінің біріне айналып шыға келген… Қолдары босаса болғаны, курстас достары Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Шәріп Омаров, Ұлықпан Сыдықов, Мейірбек Молдабековтер болып жиналып, домбырамен, гитарамен қосылып ән салып, думанды түндерді арайлы таңға ұластырушы еді. Осы тұста жоғарыда аты аталған достарының «Досмұқасан» ансамблі дүниеге келіп, соның куәсі болғаны естен кетер ме?! Жетпісінші жылдардың басында Атыраудан Алматыға жерлес, әрі сырлас ақын Фариза Оңғарсынова жұмысқа ауысты. Сол қалада оқитын ауылдастар легі кейде тіпті сабақ пен жұмыстың қол байлаған кауырт кезеңіне қарамастан, жерлесіміз Фариза мен оралдық Ақұштап атты ақын қыз тұратын Ленин даңғылы мен Тимирязев көшесіндегі шағын мекен-жайдан жиі табылатынбыз. Жүректері жырлаған қос ақын қыздың шағын бөлмесі бейнебір жырдың ақ айдынындай жастарды қашан да өзіне тартатын. Бірде Фариза өз қойын дәптеріне жазылған жаңа өлеңдерінің ішінен «Мен өмірді сен деуші ем… (бозбала күнделігінен…)» үзінді оқи жөнелгені:

…Елесің қуантардай,

Сен жайлы ой кешемін,

Өзіңе дым айта алмай,

Құрбыңмен сөйлесемін.

Гүлімді саған деген,

Мен оған ұсынамын…

…Сені ойша серік қылып,

Әр таңды атырамын.

Сені іздеп келіп тұрып,

Құрбыңды шақырамын…

Жасыра алмайтын отты сезімнің күшімен, менің жан-жүрегімнің құпия толғанысындай болған өлеңді тыңдап отырып, өзіне қарсы отыр-ған Ақұштапқа ұрлана қараған. Көптен бері көз талдырған көзқарасының қарымындай, ақын қыз да бұған қарай көз аудармастан мөлдірей қарап, жымиды… Өлең аяқталған соң Фаризаның: «Бұл өлең сенің жүректегі сезімдеріңнің ырғағымен жазылған, Ғабдырахим», – деген сөзі қатты әсер етті. Бұл -1974 жылдың 18 наурызы еді. Сол бір ұзақ та мағыналы көзқарастар шынайы махаббат сезіміне ұласты. Сөйтіп, ақын қыз Ақұштап Нарынның наркескен ұлының серігі болды. Гурьевтегі ата-анаға сүйінші хабар жіберіліп, туған жерге келін апару қамы басталды. Сол кездің өзінде оқырмандарынан «ақын қыз» деген бағасын алып үлгерген Ақұштаптың:

Көгімнен шықты басқа күн,

Жарқырап кетті аспаным.

Қарсылық еткен достың да

Сөзіне құлақ аспадым.

Не болар демей алғы күн,

Не сыйлар демей тағдырым,

Жаныма жайлы дәуреннің

Құрбан ғып кеттім барлығын,- деген жыр жолдары Нарынға келін боп бара жатқанда жазылған. «Жұлдыз» журналының бас редакторы Шерхан Мұртазаға поэзия бөлімінің уақытша меңгерушісі болған Бақтыгереевадан арыз түсті. Иә, Ақұштаптың сол күндердегі басшысына жазған ерлікке толы бір жапырақ арызы әлі де есіне оралғанда жүрегі жадырап, айналасы нұрланып кеткендей әсерде болатыны да шын.

Міне, содан бері Ғабекең әулетінде жыр мен күйдің үндескен дүбірі бір сәтке де тоқтамаған екен. Өмірде бағы озып, бабы келіскен сезімтал ағаның кісілік келбетінің көркін қыздырған ұлтымыздың зиялыларының ортасы еді. «Барға – қанағат» дейтін ақжелең мінезі, өнерге іңкәрлігі арқасында Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Өтебай Қанахин сынды өнер дүлдүлдерінің «айналайынын» естіп, Райымбек Сейтметов, Илья Жақанов, Әзидолла Есқалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Рысбай Ғабдиев ағаларымен сырлас, дәмдес болды. Серпіні қыран қанатының сусылындай Қаршыға Ахмедьяров, Сәтімжан Санбаев, Жамел Ихданов сынды достармен өткен оралмас күндердің шуағы әлі де жанды жылытқандай…

Сыршыл жүректі сері ағаның
              көңілі сол ортаны алқына іздейді. Ондайда жанына серік болар – қара домбыра. Кейде Дәулеткерейдің «Салық өлген», Төлеген Момбековтің «Салтанаты» боп мұңайса, енді бірде сайран күндер желігіндей Дәулеткерейдің «Көркемханым», Құрманғазының «Айда бұлбұл, Айжан-ай», Қаршығаның «Алтын ұясын» дауылдатады. Өнерін өміріне өзек еткен Ғабдырахим ағамыз – қоңыр даусымен ортаны баураған әнші де. Халық әні «Жиырма бес», Ақан серінің «Шырмауық», Қайыптың, Әбілахат Еспаев, Илья Жақановтың әндері оның орындауында көңіл керуенін кең далаға жетелейтіні анық. Жыр сүйер оқырмандардың сүйікті ақыны Ақұштап екеуінің жалғыз тілегі – ел амандығы мен ұрпақ бақыты. Жазирасы – түрік тілін еркін меңгерген бизнестің сенімді өкілі, Ғазизасы – қобызшы, продюсер, Тахминасы Италияның Милан қаласында әйгілі Аджип ҚКО компаниясында қызмет жасайды. Олардан бес немере-жиен сүйді. Қазір Ақ Жайық жағасындағы көне шаһар – Оралда тұрып жатқан Ғабдырахим ағамыз бен Ақұштап жеңгеміздің адамдық тұлғасына орай мына бір аңызды еске алдық. «Құдай адамды балшықтан жасап болғаннан кейін, қолында қалған аз ғана балшықты көрсетіп, адамнан:

– Мынадан саған не жасап берсем екен? – деп сұрағанда:

– Маған одан бақыт жасап берші, – деген адамның өтінішіне құдай ләм-мим деместен, оның алақанына қалған балшықты ұстата салыпты…»

 

Өнербек ЖАНБАЛА,

Сәйпеден СИДЕҒАЛИЕВ.

 

Өмір сүру оңай ғой тиын құрап,

Көп нәрсеге жетпейді миым бірақ.

Аға болу, бауырым, оңай емес,

Іні болу одан да қиынырақ…

…Ғабдырахим ініме деген құрметпен Қадыр Мырза-Әлі.

 

Ғабдырахим інім! Өзіңді көріп, түсінігі мол қазақ оқырмандары бар екеніне шүкіршілік етемін. Қаламгерге оқырманнан артық қымбат адам бар ма? Өзіңді осы үшін қымбаттым санаймын. Қашан да сау-саламат, аман болуыңа тілектес ағаң Әнес Сарай. 23.11.2012.

 

«Ғабдырахим инженер болмағанда, жақсы жазушы немесе мықты музыкант болып шығар еді…».

Әбіш Кекілбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз