АРМАНДАП ӨТКЕН ТӨЛЕ БИ

«Мен қазақ, қырғыздың бір туғандай кезінде 
туылып, бөліне бастаған тұсында дүниеден 
кетіп барамын. Осы менің алдағы күндері 
халқымның күні қандай болмақ деп армандап кеттім...»
Төле би.

 

Бұған дейін де республикалық, халықаралық жыр мүшәйраларының алдыңғы легінен көрініп жүрген ақын Әлия Дәулетбаева жақында тағы бір жүлдеге қол жеткізді. Тараз қаласында Төле бидің 350 жылдық мерейтойына арналып өткізілген республикалық мүшәйрадан Әлия үшінші орынды еншіледі. Еліміздің түкпір-түкпірінен алпыстан астам ақын бақ сынаған үлкен додада мұндай марапат алу оңай емес. Қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаға ие болған Әлияның өлеңін жариялай отырып, ақын қызға шығармашылық биік белестер тілейміз.

 

 

Уа, Би!
Армандымыз біз әлі,
Ақылыңның алдында ардың беті қызарып,
Жақынымның алдында жалған бойым ұзарып,
Ақиқаттың ауылына ат шалдырмай ұзадық.
Шимай-шимай ирегін маңдайыма сызады,
Сиқырыңды қайтейін, шайырды да шырмаған
Саясаттың ойыны. Пиғылдардың тұзағы.

Айтарымды айта алмай…
Жастық та өтті, түс ауды,
Сырт айнала сатпас деп, кімге ақтарам құсамды.
Көк шымылдық тұтылған көзі жәудір қоғамның,
Алтын торда бұлбұлы, арғымағы тұсаулы.

Азаттығым аспанға тигізер деп төбемді,
Ақ қағаздың бетіне жазған едім дәмемді.
Алшая атқа қонатын абаданды аңсағам,
Болып шықты көбісі ұрғашыға тәуелді.

Беу, қаншаға созылар мәлімсіздік сапары,
Бір дертім бар ішімде, қайнайды да жатады.
Қоңыр марқа жұртымның қос өкпесін сығымдап,
Айдаһардың ордасы… ақ аюдың апаны…

Кеткен біздің көкелер жай отына шарпылып,
Сол адуын рухтың жұқанасы сарқылып.
Сол телегей теңіздің тамшысы да тартылып,
Сұрапылда сонау бір сан жығылып, сан тұрып,
Намысымды абайсыз алдым ба екен өлтіріп?!
Миығымнан жымиям мырзақолсып, паң күліп,
Босағадан асырмай бауырымның қадамын,
Қаймананың қолтығын құс жастыққа толтырып.

Қайтем анау ағамның қоқырайған бөркін құр,
Ұлттың емес, руының шежіресін шертіп жүр.
Жалғыз қазақ қалғанша тарқамайтын күйігім,
Жалғыз қазақ қалғанша жазылмайтын дертім бұл.

Тақылдатты таңдайын жеті атасын түгендеп,
Топ ішінде кезіккен томашадай жүгермек.
Көрінбейтін майданның жазылмаған заңдары,
Кісенсіз-ақ тұтқындап, жүгенсіз-ақ шідерлеп.

«Бүтініңнен бөлшегім, оралманнан орысым»-
Аяқасты болдың-ау әлжуаздау намысым.
«Ойпыр-ай» деп опынған обалшылды көрмедік,
Жүйріктері жығылып, бәйгі алғанда жабысы.
Біздегі бар қасірет – ұлтсыздықтың лаңы,
Қаңбақ емес едім ғой жел сілтеген тұрағын.
Жалқы үміттің жалпылдап жанғанда әрең шырағы,
Бөрі кеудем солықтап, булығып бір жыладым.
Уа, Би!
Уата алармысың?..

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,

Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз