
Әріптесіміз Еркеназ Қалижан — облыстық мүшәйраның жеңімпазы
Атырауда көрнекті ақын, жазушы Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына орай жас ақындар мен жазушылар арасында облыстық әдеби байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Шараны «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы ұйымдастырды. Байқау партия Төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасымен қолға алынған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының аясында өтті. Бұл жоба еліміздің әр өңірінде жергілікті қаламгерлердің шығармашылығын қолдап, әдебиетті дәріптеуді мақсат етеді.

Облыстық филиал төрағасы Абдолла Идресовтің айтуынша, байқаудың басты мақсаты – Жұмекен Нәжімеденовтің бай мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, кітап оқу мәдениетін көтеру және өңірдің жас қаламгерлеріне қолдау көрсету. Қатысушылар «Поэзия» және «Проза» номинациялары бойынша бақ сынады. Әдеби сыншылар мен мәдениет саласының өкілдерінен құралған қазылар алқасы үздік жұмыстарды таңдап, жүлделі орындарды иегерлеріне табыстады.

Салтанатты шарада ең әуелі үшінші орын иегерлері марапатталды. «Поэзия» жанры бойынша Мұрат Мыңбайдың «Отан» атты өлеңі үздік танылса, «Проза» аталымында Ақмарал Қосымбаеваның «Екі жолаушы» әңгімесі жүлдегер атанды. Екінші орынға «Поэзия» номинациясында Рахымжан Орынбасаровтың «Жұмекеннің жұмбағы» шығармасы, «Проза» жанрында Құндыз Мақсатованың «Көкірекке қонған үнсіз күй» туындысы лайық деп табылды. Ал бірінші орынға ие болғандардың еңбектері қазылар тарапынан жоғары бағаланды. «Поэзия» аталымында «Жұмбақ арал» өлеңін жазған Еркеназ Қалижан жеңімпаз атанды. Айта кетейік, Еркеназ Қалижан – әріптесіміз, «Атырау» газетінің тілшісі.

«Проза» номинациясында Нұрислам Құспанғалидың «Бисембайдың бақыты» әңгімесі топ жарды.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, облыстық кезеңнің жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауына тікелей жолдама алады.

Бұл жас қаламгерлер үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Әдеби шара жас буынның шабытын шыңдап қана қоймай, өңірдің рухани өміріндегі елеулі оқиғаға айналды.
Өз тілшіміз
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



