
Ақын мұрасы зерттелсе…
Атырау – жыр мен күйдің алтын бесігі, сонау Асанқайғы, Қазтуған мен Доспамбеттей ел қамын жеген қайраткерлердің, би-шешендер мен батыр тұлғалардың рухы сіңген, жыраулық дәстүрдің желісі үзілмеген қасиетті топырақ. Сол дәстүрдің жалғасы іспетті Тайсойған мен Сағыз бойын жырымен тербетсе де, әлі күнге дейін терең зерттелмей жүрген бір есім бар. Ол – халық ақыны Айтмағамбет Лұқпанов.

Жасынан өнерге бейім Айтмағамбет ақын домбыраны жанына серік етіп, ауыл арасында өлең мен әнін қатар өрген екен. Бір толғауында:
…Он үште өлең жабысып,
Алқаны көрдік ашылған.
Жақсы құрбы кеткен жоқ
Әлі күнге қасымнан… — деп өзінің өмірін ашық суреттепті. Осы бір шумақтан-ақ ақындық шабыттың оның бойына жастай дарығанын аңғаруға болады.
Ол тек өлеңмен ғана емес, әнімен де елге танымал. Сахнасыз-ақ халықты думанға бөлеп, ән-термені қатар өрнектеген өнерпаздың даңқы кеңге жайылған. Тіпті қазақтың әйгілі әншісі, халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев те оның өнеріне тәнті болып, қасына ертіп жүруі Айтмағамбеттің биік дарынын дәлелдей түседі.
Ақынның бізге жеткен жыр-термелері өмірдің өз өрнегінен туған. Ол адамгершілік пен адалдықты, достық пен әділетті жырға қосыпты. Бір шығармасында:
…Адамға ақыл таптырмас,
Ақылмен адам қас қылмас.
Ақылың артқан жан болсаң,
Жамандық істі жақтырмас… — деп адамды ізгілік пен парасатқа үндейді.
Ал «Мінің бар» атты өлеңінде табиғат пен адам мінезін шебер шендестіріп:
Асқар тау, сенде бір мін бар,
Асу неге бермейсің?
Дария, сенде бір мін бар,
Өткізбеске меңзейсің, — деп адам бойындағы әлсіздіктерді астармен жеткізеді.
Айтмағамбет өлеңдерінің өзегі – өмір, уақыттың үні мен қоғамның сыры. «Арыстан деген аң болар» атты жырында ол билік пен бақтың баянсыздығын философиялық тереңдікпен толғайды:
Арыстан деген аң болар,
Айбатынан жан қашар.
Алайда бақ пен дәуреннен
Айрылса басы зор болар…
Айтмағамбет жырларында шындық пен әділдік әрдайым биік тұрады. Тағдырдың сынағын да ол өнер тілімен өрнектей білген. 1961 жылы жазған бір өлеңінде сырқатын былайша баяндайды:
Аурудан болдым мүгедек,
Мүгедек қашан түзелед?..
Ауру мен кәрілік бір келсе
Ауырған адам жүдемек!..
Ал 1965 жылы жазған «Қорлық» атты өлеңінде әділетсіздікке қарсы ашық үн қатқан екен:
Дүнияда не қорлық – әулет іс қорлық,
Аққа тиген күш қорлық.
Әділетті жойсаң ақ іспен,
Дүнияда ол зорлық!..
Бұл шумақтар – әділдік пен шындықты ту еткен азамат ақынның айқын бейнесі. Айтмағамбет жырлары ұзақ жылдар ел аузында сақталып, кейін көнекөз қариялардың айтуымен қағазға түсті. Оның мұрасын алғаш жинақтап, аудандық «Қызылқоға» газеті арқылы оқырманға жеткізген Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы Төлеген Жаңабайұлы болатын. Сондай-ақ өлкетанушы Оржан Қазиев те «Атадан қалған асыл сөз» кітабында ақын шығармашылығына кеңінен тоқталған.
Ақынның қолжазбалары толық сақталмаса да, жыр дәптерлерінің үзінділері мен халық жадында қалған термелері – рухани мұрамыздың ажырамас бөлігі.
Айтмағамбеттің өзі тектілердің тұқымы еді. Атасы Қабыланбай Қалдыбайұлы – Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, ерлігімен елге танылған батыр тұлға. Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» дастанында да Қабыланбайдың есімі құрметпен аталады.
Мұндай арда туған Айтмағамбет ақын сөз өнерімен ел жадында мәңгі қалды. Оның ұлдары Сәлімгерей мен Сәкен және кейінгі ұрпағы елге сыйлы азамат болып, халыққа қызмет етті.
Айтмағамбет Лұқпанов – ұлтының рухани байлығын жырымен байытқан, ән мен сөзді қос қанат еткен ақын. Оның мұрасы – Атырау топырағынан түлеп ұшқан өнердің алтын қазынасы. Сондықтан ақынның шығармалары жинақталып, зерттеліп, келешек ұрпаққа жеткізілуі тиіс деп ойлаймын.
Камила БОЛАТҚЫЗЫ,
№36 мектеп-гимназиясының VII сынып оқушысы.
Атырау қаласы



