АҚПА ЖЫРДЫҢ АҚТАНЫ

(Ақтан Керейұлының шығармашылық өмірбаяны мен әдеби мұрасы турасында)
Жалпы Қазақстанның батыс өңірінің XVII-XIX ғасырлардағы ауыз әдебиетіне көз жүгірткенде белгілі ғалым Қ.Сыдиықұлынан аттап кете алмаймыз. Маңғыстау мен Атырау даласын сүзе зерттеген ғалымның арқасында Ақтан аты да біраз дәріптелді. Толғаулары жинақталып «Ақберен», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай» сынды кітаптарға енді.

Іздестіре жүріп, Ұлттық Ғылым академиясының сирек кездесетін қолжазбалар қорынан Шабай батырдың баласы Сүгірге арнаған толғауын, құрдасы Көбенге айтқан қағытпасын, Табын Қостақпен жұмбақтасуы сияқты бұрын көп дәріптелмеген шығармаларын кездестірдік.
Бүгін де Ақтан турасында әдебиеттанушылар арагідік жазып жүр, әйтсе де терең бойлап тірілткен емес. Егемен елдігімізге сай жаңаша көзқарас тұрғысынан анықтай түсер жерлері де баршылық. Қара басы халқы ішінде ханнан кем сыйланбаған жүйріктерінің есімін қағаберісте қалдыру қанымызда жоқ қасиет еді.
Сонымен, Ақтан Керейұлы кім?
Әңгімені әлқиссадан өрбітсек, ол – тамырын Маңғыстау түбегінен алатын саңылақ, мырза халқының ырза көңілінен туған «Адайдың бес жүйрігі» (ел ішінде «бес сері», «бес жорға» деп те айтыла береді) деген атқа лайықты бесеудің бірі.
XIХ ғасырдың белесінде Қазақстанның батыс аймағын, оның ішінде Маңғыстау, Атырау, Кеңжылой, Жем, Сағыз, Ойыл, Қобда даласын жайлаған қалың ел ортадан оза шапқан өнерпаз жігіттерді саралап, «Жеті қайқы», «Бес жүйрік» атандырды. «Жеті қайқы» – жігеріне өнері сай жыршы, әнші, композитор, күйші, ақын… бойына тоғыз өнер тоғыстырған Өскенбай, Шолтаман, Жылкелді, Әділ, Тастемір, Тұрсын, Досат сынды жеті дарабоз болса, «бес жүйрік» атанған айтулы ділмарлар Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай: тұстас ғұмыр кешкен сөз алыптары-тұғын.
Осы бестіктің бел ортасында тұрған Ақтан – дәуренінде небір аламаннан алқынбай келген «бәйгекер», «шұбалаң құйрық шұбар», тұстастарының көбі үлгі алып, кейінгі буын дерлік өнеге тұтқан сахиб.
«Абыл, Нұрым, Ақтаным,
Осылар еді тақтағым»,–деп Қашаған Күржіманұлының өзі төбесіне көтерген. Ақтан шын мәнісінде осындай абырой-атаққа лайықты ақын еді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде ғұмыр кешкен ділмәрдің дақпырты Қазақ жерінен әрі асып, Орта Азия елдеріне кетеді. Әйтсе де, өлең-жырларының үзінділері әр жылдары, әр жерде жарияланғанымен, осы уақытқа шейін толық жинақталмай, зерттеусіз келді.
Атырау, Маңғыстау, Хорезм даласына мәлім Абыл бастаған ақындық- жыршылық ортадан тәлім алып, осы дәстүрді дәріптеп ілгері дамытқан жүйрік әрідегі Сыпыра, Шалкиіз, Қазтуғандардың терме-толғауларын санасына сіңіріп, Еділ-Жайық бойына кең тараған Махамбет, Шернияз мұраларынан терең сусындаған. Көнекөз жыраулар өнегесімен өлеңді табан астында шығарып, кезі келген жерде төгіп-төгіп айтып тастап жүре берген, сондықтан, туындыларының көпшілігі ұмытылған.
Қ.Сыдиықов өз еңбектерінде былай деп жазады: «Ақтанды көзі көрген, туысы Әмірше Мұттахиев «Ақтан аласа бойлы, сары өңді кісі еді. Екі үйіміз араласып тұратынбыз. Домбыраны қолына жай ғана ұстап, өлеңді қолма-қол құйылта беретін. Қанша айтса да мүдірген не шаршаған кезін көргенім жоқ», –деген еді». (Сыдиықов Қ. Ақын-жыраулар – Алматы. Ғылым, 1974 ж.146-б.)
Шежіре кеуде Қайшыбай қарияның сөзіне үңілсек, Ақтан хат таныр жандардың көрінгені өз толғауларын қағазға түсіргенін қаламаған. Қайшыбай қарт «жеті қайқының» бірі Кенже Әділ Өтеғұлұлы (Кенже – руы) туралы айта келіп, «Ақтанның жыр толғауларын Әділ жазып алғысы келеді. Ақтан: «Шырағым, жыр-толғау киелі өнер еді, дұрыстап, қадірлеп айта алсаң жақсы. Айта алмасаң киесі ұрады ғой», – деп жаздырмапты. Бірақ, Әділ Ақтан аузынан естігендерін өзі жадында ұстап, қалғандарын дастархан сияқты үлкен қағазға жазып, бүктеп-бүктеп алып жүретін…» дейді (Сыдиықов Қ. Таңдамалы. 2-т.-Алматы. Арыс. 2006 ж. 415-б.). Бұдан ақынның өнерге таза берілгендігін байыптаймыз. Алла берген талантты періштедей әлдилеген пәк жүректен шығатын сөз ғой бұл, әйтпесе Әділ де – талайды бас шұлғытқан жезтаңдай әнші, сазгер, әйгілі өнерпаз.
Ақтан Керейұлы (1850-1912) – Маңғыстау даласын қыстап, Ақтөбе (Жем, Сағыз, Ойыл, Қобда) өңірін жаз жайлаған көшпенді жұрттың перзенті.
Тегі Адайдың Жеменей Кенжесі, оның Қойсары аталығынан, Қойсарыдан Барғана, одан Абдолла, одан Керей, Керейден үш бала: Жамансары, Ақтан, Тұрғанбай.
Атасы Абдолла – ел аузында әңгімелері қалған айтулы сыншы көрінеді. Немересі жарық дүние есігін ашқанда азан шақырып, «Бұл бала ақтан ішкен ақын болар ма, атын Ақтан қойдым», – депті (А.Келімбердиев. Ерлер есімі – ел есінде. Ақтөбе. 2011ж. 25-26-бет).
Өз әкесі Керей еңбегімен күн көрген ортаңқол шаруа екен. Ағасы Жамансары ділмар-шешен, інісі Тұрғанбай ел сыйлар азамат болыпты.
Анасы – бес Жамбоздың (Бәйімбет) Айымы, Есенкөбек ауылының қызы.
Ал, ақынның кіндігінен өрген ұрпақтары жайлы дерек мардымсыз. Ұлы Бақтияр да ақын һәм діни сауатты жан екен. Түрікпенадай Есек Абдолла хазірет Жаналыұлымен сыйлас жүрген ақын баласы Бақтиярды сол Абдоллаға мүрит етеді. Өзі қыс-қыстауға Самға қарай көшкенде Сағыз бойындағы ағартушыға оқуға тастап кетіп, жаз шыға соғып ұлының жайын сұрағанда, хазірет, «балаң да өлеңге жақын, әркімді түрткіштеп өлең шығарып отырғызбайды, жаныңа ертіп өнерге баулысаң қайтеді?» десе керек. Бірақ, ақын баласының білім алғанын жөн санайды. Сөйтіп, Бақтияр Абдолла Жаналыұлының тәрбиесінде діндар боп өседі. Хазіреттің шәкірттерін қудалағанда ауа көшіп, Орынбор жақта, Тұзтөбе төңірегінен пана тапқан. Бақтиярдың қызы Әмина сол өңірде тірлік кешуде дегенді естіп, арнайы іздеп барып жолықтық. Тектінің тұяғы жасы 87-ге келсе де Ресейдегі, бетпақтағы селеудей селдіреген азғана қазақ шаңырағының ұйытқысы секілді. «Ақтанның ұрпақтарынан менің білетінім – Сүлеймен мен Бақтияр. Сүлеймен жайынан хабарсызбын. Бақтиярдан Сағидолла, Хамидолла, Ғұбайдолла және мен – Әмина. Басқа да балалары болған, мен ұмытып қалдым. Ағаларым соғыста өлген шығар, анығынан бейхабармын. Әкем Бақтиярды «молда» деп Әділғазы, «Кетенің жүйрігі» дейтін бір кісі (атын білмеді) үшеуін қыстың күні ұстап алып кеткен көрінеді. Содан оралмады. Өзім 24-ші, (1924ж.) тышқан жылғымын. Шешем–Зейнеп. Руы–Медет. Кәрі шешем–Тәжі. Тінейдің қызы… Ақтан атамның кемпірі осы Тәжі шығар… қайдан білейін. Көп қиындық көрдік қой, шырағым, есте не қалсын?..» – деп «уһілеген» кейуананың «қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына» күрсінері сезіледі.
Бақтиярды Абдолла хазіретке оқуға беруіне ақынның Әбубәкір Кердерімен жүздесуі септігін тигізсе керек. Байғанин ауданы тұсындағы Теректі ауылының тұрғыны, шежіре кеуде Досанов Орынбасардың айтуынша: Әбубәкір ұзын су Жем, Сағыздың бойындағы Дауыл-Жайылма аталатын жерлерге шоғырланған елдің тізгінін ұстаған Ожырай Қарашолақ болысқа хатшылық қызмет атқарып жүріп, Ақтанмен кездеседі. Әбубәкір оған: «Келешек оқығандікі. Балаңды оқуға беріп, сауатын аш», – депті.
Ақынның өзі де ескіше хат таныған. Бұл жөнінде: «Сағыз» стансасының тұрғыны Кемал ақсақал оның көп оқыған, дүниеқұлы адам екенін, Дүйсеке хазіретпен бірге сауат ашқанын баян етті. (Кемал – «Жеті қайқының» бірі Кенже Әділ Өтеғұлұлының баласы. 1928 жылы туған).
Ақтанның төңірегін қолдан келгенше түгендедік, енді өз басына келсек, өлшеулі өмірін өнерге арнаған дарабоз азулы айтқыштығымен даңқын асырып, халқының көңілінен ойып орын алып, әдебиет тарихының парағына өзіндік таңбасын қалдырды. Бақ маңдайына емес, таңдайына қонған дуалы сөз иесі заманында ақындарға тігілген бәйгенің көбін олжалаған. Аламаннан алды бос қайтқан кезі сирек екен. Көп жасағандар солай сөйлейді.
Мәнді де нәрлі толғауларымен қатарынан оза шапқан сөз зергерінің көбіне тілге тиек қылғаны – өмір өрнегі, замана қайшылықтары, философиялық ойлар, ақыл-нақылдық сөздерге толы жүйелі жырлар. Тірлікте, адам басында кездесетін әртүрлі жайларды өлеңмен өріп, шымыр жеткізе біледі.
«Кәріліктің белгісі,
Көңілдің хошы келмеген.
Жарлылықтың белгісі,
Жанын қинап, өлмеген.
Жалғыздықтың белгісі,
Өзіне-өзі сенбеген.
Батырлықтың белгісі,
Жасқантып жауын дендеген.
Ақындықтың белгісі,
Өнермен өрге өрлеген.
Сахилықтың белгісі,
Халықтың қамын көздеген».
Кәрілік, жарлылық, жалғыздық, сақилық, батырлық, жүйріктік ұғымдарына орай өмірден түйген тұжырымдар, тіршіліктің сан қилы мәселелері жайынан мағыналы пікірлер шертеді. Туындыларына салдыр-салақ қарамайды. Кесек сөз, көрікті теңеулерін келісті ұйқаспен шебер жымдастырады.
Шығармаларының ішіндегі шоқтығы-биігі – бұрын айтуға тыйым салынған «Болжау» сөзі. Болашағын, яғни бүгінгі таңдағы кейбір кемшіліктерді көзбен көргендей дәл айтып кеткен бұл толғауы, кешегі, қазақтың алдағы үш жүз жылдығын болжаған көреген Мөңке әулиенің мөрлеген сөздеріндей мағыналы. Жаны таза, өмірге періштедей пәк ішкі көзімен қараған ақын осы күнді көріп отырғандай сезінген. Үзінді келтірейік:
«…Татулық шамы сөнеді,
Шайтаны бар шараптар,
Елдің болар қорегі.
Жазылмас дерттер ұлғайып,
Шомылып ұрық себеді…
…Оттары жанбай сөнеді.
Тірі жетім көбейіп,
Мейірімсіз өсіп-өнеді.
Керексіз болып туылар,
Дүнияның тәтті бөбегі.
Ұят кетіп қызыңнан,
Жалаңаштар денені.
Жез тырнақты, жалбыр шаш,
Кейпіне жынның енеді».
Бұдан жүз жылдан астам бұрын айтылған толғау осылайша бүгіннің бетін ашық суреттеп кете береді. Тұп-тура келіп тұр. Таңданбасыңа шараң жоқ. Көріпкел демеске дәтің кәне.
Әр тасы күй төгіп, әр түп жусаны шежірелі жыр шертіп тұрған Каспий жағалауы мен Атырау өлкесінде көнеден қалған киелі өнердің тал бесігінде тербеліп өскен тегеурінді дарындар аз болмаған.
«Екі атысқан жау болса,
Арасында панамын», – деп ел татулығын көксеп өткен шалдырмас шайырдың бейнелі сөз, бедерлі толғауларымен қазақ әдебиетіне қосқан үлесі мол. Киелі өнерді бекзат болмысымен қастерлеп өткен ақын сақилықпен дәурен сүріп, 1912 жылы өмірден озып, өзі жайлаған Сағыз өзені бойындағы (Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы) Шибұлақ деген жерде, «Көкмешіт» аталатын Абдолла хазірет қорымына қойылған. Басына барып қайттық. Елдік пен ерліктің, береке мен бірліктің, ақиқат пен ар-намыстың жаршысы, бұлтсыз аспандай ашық жырлы алып ақын, фәниде қуатты жыр, қарымды шешендігімен елге сыйлы азамат, бақида да тегін емес, әулиелі жерден орын тауыпты.
Әңгімені түйіндесек, салиқалы сөз иесі Ақтан Керейұлы төңірегіне көңіл бөлетін кез жетті. Шаң басқан мұралары мен әр кезде, әр жинаққа енген толғауларын топтап кітап қылып шығару, зерттеп, ғылыми айналымға қосу – басты назарға алынатын істер. Асыл сүйегі жатқан Көкмешітке, басына, кесене орнатып, тым болмаса кішігірім белгі қойып дегдар жанды дәріптейтін мезгіл межесінен асты. 2015 жылы шайырдың туғанына 165 жыл толады. «Өлі риза болмай, тірі байымас» дейтін. Болмысы бөлек ақынның аруағы алдында тірілігімізді білдіріп, қызмет қылсақ, байымасақ та кеміп қалмас едік. «Сондықтан да, ұрпағым, түзелер деп қисайып – сендерге бабаң сенеді». Бабамыз бізге қапысыз сенген. Сенімін ақтай аламыз ба?

Есентүгел ӘЗИ,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетіндегі «Түркі фольклорының философиясы» ғылыми-зерттеу орталығы директорының міндетін атқарушы, философия магистрі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз