АБЫЗ АҚЫННЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ МҰРАСЫ

Әбу Сәрсенбаев – әдебиет әлемінде «қазақ Айвазовскийі» деген атпен әйгілі болған жазушы. Оның «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» романдары өзі туып-өскен Атырау өлкесі, Каспий теңізінің төсінде тулаған толқынмен алысқан балықшылар өмірі айшықты көрініс тапқаны анық. Оның романдары атақты орыс суретшісі И.К.Айвазовскийдің дүние жүзіне аты шыққан «Тоғызыншы балл» картинасымен өзектес. Өзінің әдебиеттегі жолын ақындықтан бастаған кейіпкеріміз  «Екі кеме құйрығын ұста, жетсе бұйрығың» деген тәмсілді жиі есімізге салатыны да рас. Ол кезінде мемлекет басшысының қолынан Халық жазушысы атағын алған алғашқы жазушылардың бірі еді.

Міне, ол кісі бізбен мәңгілікке қоштасқанына да жиырма жылдың жүзі болып қалыпты. Өмір неткен жүйрік! Бүгін біз абыз ақынның «Жазушы» баспасынан 1995 жылы шыққан «Ғасыр мен ғасыр беттессе» деп аталатын жыр жинағы туралы толғанысымызды қағаз бетіне түсірген болатынбыз.

Көпті көрген көнекөз ақын сексеннің сеңгірінде де сергек толғап, жиырмасыншы ғасырдың ұлы оқиғаларын ой елегінен өткізеді. Сол сапырылысқан жылдардың халқымызға әкелген жақсылығы мен жамандығын ақыл таразысына тартады. Өзі кітаптың беташарында айтып өткендей, 1982-83 жылдары жарық көрген «Қасиетті махаббат», «Ұстаздар мен тұстастар» атты жинақтарынан кейін он жылдан астам уақыт бойы оқырманға жаңа кітап ұсынған жоқ. Себебі, 1982 жылдың күзінде аяулы жары, жан серігі, қамқоршысы, кеңесшісі, адал досы болған Ләзиза Серғазинадан айырылады. Бұл қайғы ақынға өте ауыр тиді. «Жұт жет ағайынды» дегендей, енді басын көтере бастағанда аяғынан тұралап, белінен шойырылғаны, екі көзіне бірдей ота жасатуы – жасы сексеннің сеңгірінен асқан қария үшін жеңіл болмағаны кәміл. Алайда, ақын соншама қиындықтың бәрін иығынан сілкіп тастап, дүбірді естісе тұра алмайтын тұлпарларша қайтадан жыр бәйгесіне қосылады.

Қолымыздағы жинақ ақынның жан дүниесі қиналған тұста тартқан азаптарға мойымай, туған халқының тағдырын жеке басынан жоғары қойған ұлылылығының куәсіндей. «Қатыгез ғасыр құрдасым» деген толғаныспен ашылған жыр кітабы одан әрі тереңге қарай тарта жөнеледі.

«Уа, беймаза ғасырым,

Тетелес аға-сырласым,

Арамыз бес-ақ жас екен,

Бәлі, ендеше құрдаспыз.

Тағы да он бір жылдан соң

Сен архивке көшесің.

Мықыннан белбеу байланып,

Мен бертінде-ақ өшемін.

Кейіннен келер ұрпақтың-

Ризығына айналып», – деп басталған толғаныста жиырмасыншы ғасырмен емін-еркін сырласады. Құрдас ретінде батырып айтатын тұстары да бар.

«Бес жасыңа оқ атқан қара жүрек,

Ақ патшаға көтердің жұдырықты.

Қаһарыңнан соқтырып қатты дауыл,

Аруағыңнан сескеніп қашты жауың.

Он жетіңде «түрмелі Ресейде»

Ленин боп орнаттың жаңа қауым»,- дей отырып, өткен ғасырда қазақтың басынан өткен алмағайып замандарды да шолып өтеді. Тоғыз тараудан тұратын толғауда ақын жанының дірілі, жүрегінің лүпілі тұр. Туған халқының болашағына алаңдаған көңілі тұр. Әсіресе, «Көне сөзден, салттан без…» және «Табиғат, мейлің, шырылда» деген тарауларда жастардың қарияларды сыйламайтыны, халқының тілін, салтын білмейтіні туралы тебіренсе, табиғаттың да жағдайының қиындағанын айтып егіледі.

Тартып алдық бойыңнан бермесіңді,

Табиғидан ада еттік, жер, бетіңді!

Өзіңнен де «өнерпаз» құдірет боп,

Қайта пішіп, өзгерттік келбетіңді, – бұл жолдар абыз ақынның келер ұрпаққа жасаған ескертуіндей боп естіледі. Тек соны естір құлақ пен сезінетін жүрек, сараптайтын сана болса, кәнекей!

 Құт мекеннің қарудың сынақ алаңына айналғаны да оның нәзік көңіліне тікен болып қадалып, сыздатып тұрып алады. Сөйте отырып, алдан жақсылық күтеді, ертеңге үмітпен иек артады. Кітаптың екінші бөлімі – «Ұлттық ұлы тұлғалар». Тақырыбынан-ақ айтылар ой атой салып тұр.

«Абылай жайлы толғаныста» ақын:

Кешір, баба,

Кездерім бар сеніменен

Мақталған да жәбірлене датталған,

Сауыт киген хас батыр боп

Түспепсің сен аспаннан.

Сабалақ шаш сәби шақта

«Елім-айлап» өзің де,

Қаһарлы тау бөктерінде

Табаныңды тілдіріпсің тастарға,- деп Абылай ханның рухымен сырласады, сол арқылы кейінгі ұрпаққа ата-бабалар ерлігін паш етеді. Елі үшін еңіреген ерлердің есімдерін ертеңге алып бару –ақындарға артылған ұлы міндет екенін ескертеді. Абылайдың жастайынан жетім қалып, үйсін Төле бидің түйесін бағып жүрген кездері туралы ой қозғай отырып, әр қазақтың баласы көкірегіне намыс отын сақтай білсе, өшіріп алмаса, олардан да ұлы ерлік күтуге болатынын жырға қосады.

Жабындыны жауға жорып жасқанған,

Көкірегінде дауылы ұйтқып намыстың,

Құлағыңда тұрды дабыл: «Аттандап!»

Қазақ даңқы түйір шоқтай қоламтада сақталған, –

Сөніп барып, Сенің кекті көкірегіңнен тұтанып,

Шамшырақша қайта маздай бастаған,- нағыз рухты оятатын, жігерді жасындай жанитын отты леп арқылы бабалардың ерлігіне тағзым етеді ақын. Психологиялық параллелизм арқылы философиялық тұжырым жасайды. Дауыл мен намысты параллель алу арқылы соңғысының сарқылмас күшін, адамға беретін алапат сезімін әйгілейді. Оны алақұйын дауылмен қатар өреді. «Кекті көкіректен тұтанған шамшырақ» – күрделі эпитет арқылы жасалған психологиялық егіздеу. «Түйір шоқтай қоламтада сақталған қазақ даңқы» – күрделі эпитет, теңеу, метафора арқылы психологизмге құлаш ұрады.

   Ұлы Отан соғысы жылдарында ар туындай Абылай атын биік көтерген батырларды да жырына қосады ол. Ақын-жыраулар рухына да мінәжат етіп, Шортанбай ақын, Тәуке хан, Бұхар жырау сынды халықпен біте-қайнасып кеткен тұлғаларды еске алып, терең тануға ұмтылады, заман желіне ілескен жастық шағына өкініш айтады. Ұлы Абай рухымен тілдесіп, қазақтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновты ел жадына кері оралтады.

Бөгеу үшін ұлтқа төнген:

Мынау апат-сұмдықты,

Алдыменен сылу керек, сылу керек,

Санадағы құлдықты,- деп ұран тастайды. Ақын халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды, оның көрген қиындығына қабырғасы қайысады, сөйте отырып, жолбарысша сілкінеді, арғымақша алғы күндерге қарай жыр-тұлпарымен құйғытады. Міржақып, Мағжан, Мұхтар, Сәбит пен Қаныш туралы да ұрпаққа ұлағатты сөзбен өсиет жазады абыз.

«Алданған ұрпақ азабы» деп аталған үшінші бөлім қарт коммунистің толғанысынан басталыпты. Жиырмасыншы ғасырдың сексен үш жылын түгендеп сөйлеген қария даусы дәуірлерге дабыл қаққызғандай. Өзін ғасырдың «бес жас кіші інішегі, жо, жоқ, тіпті қазақша айтсақ, құрдаспыз» деп санаған ол өзінің өміріне сын көзімен қарайды. «Сынатпайтын, келсе-дағы сынағың» деп ащы шындықты күлбілтелемей, төтесінен қойып қалған абыз болашақ алдында есеп беруге кіріскен. Қателігін, жеңілісі мен жеңісін, өкпесін, өкініші мен қуанышын төкпелетіп төккен. «Революционер-Филипп қанішерді» ар сотына шақырады. Сәкен, Бейімбет, Нұғыманды жау еткен сол бір қанды қасап саясатқа лағнет айтады.

Трубкалы қара миық,

Суретіңе сезіктене, сескене де қараймын!

Жоқ, сен рас өлсең керек.

Әлде өзің де сорладың?!

Өңешіңді үзді мүмкін

«Ер Ежовтың» болат тікен қолғабы, – дегенді қайсарлана, тістене айта отырып, өткен күндердің елесімен айтысады. Бәлкім, өзінің де қуғындалып, әрең аман қалғаны есіне түскен де шығар-ау…

«Жиырма бірінші ғасыр перзентінің жан дауысы» – бүгінгі ұрпақ атынан айтылған көкейкесті сөз.

Мен қазақпын…Жиырма бірінші ғасырдың перзентімін,

Есебінде болмасам жер бетінің –

Кемтар әке белінде шырылдаймын,

Қасірет-дертін сезініп жер-жетімнің, – иә, қаптаған атомдық сынақтар, ракеталар ұшыру, солардың ылаңынан шошынған қазақ даласы, қазақ баласы! Анау Арал түбінен ұшып жатқан тұздың сол аймақ тұрғындарына, тіптен жер шарына тигізер залалы көрінеді, атомдық сынақ нәтижесінде атом сәулесіне уланған ата-анадан туған кемтар ұрпақтың даусы естіледі.

Мен қазақпын, қазақ қой дала жаным,

Жазықсызды келеді азалағым.

Жиырмасыншы ғасырмен соттасамын,

Құнын даулап кешегі бабалардың,- кәрі қыранның тегеуріні мықты! Ұрпақ қайғысына алаңдай отырып, ата қыран ұрпаққа жөн беріп, жол сілтейді. Кешегі бабаларды ұмытпау керек екенін, тарихты санада тоқу керектігін жыр жолына өрнектейді.

Бесінші бөлім  – «Табиғат ана, тәңірім». «Көктем құбылыстарымен» басталған бұл бөлімде арнасы ақ нұрға шүпілдеген дариға-дүниенің дидары өлең жолымен нақышталған.

Қыс ауырып, сұлық жатыр төсекте,

Ажал-көрге сүйрегендей етектен.

Күйе-жана қызулаған күртікті-

Тер-тамшылар еріктен тыс жетектеп-

Қырқалардан құлатады төменге,- ақын көріктеу құралдарының ішінен кейіптеуді таңдап алыпты. Қысты бейне бір қызулап, ауырып қалған адамның бейнесінде суреттейді. Еріп жатқан қар – аққан тер болып өрнектелген. Еріксіз өзіне тартады, иірімінде үйіреді.

Уланып өлген қаязды көріп жағада,

Еңіреп көктен сорғалайды шағала.

Дерттеніп туған сәбиін қысып кеудеге,

Барады ілбіп өзі де дертті жас ана,- қандай трагедия! Қазақ топырағындағы осынау нала барша әлем жұртына да ортақ екенін жырмен ұқтырады. «Жайық бойындағы тебіреніс», «Қаралы қара аруана» балладасы да өзінің жаһандық мәселені өзектес қылған мұңымен баурайды.

«Ғасыр мен ғасыр беттесе» атты жыр-жинағындағы Әбу Сәрсенбаевтың өлеңдері  негізінен философиялық толғанысқа құрылған. Тоқсан жастың есігін ашқан Абыз ақынның ғасырмен тілдесуі, туған жері, өскен елі, қара ормандай халқы, соңынан басқан ізі-ұрпағына айтқан өсиет болып өріледі. Осы арқылы «Қазақ Айвазовскийінің» өлмес мұрасының жаңа қырын танып, жаңаша ізденісіне куә боларымыз хақ. Тау қашанда асқақтығымен, теңіз тереңдігімен таң қалдыратыны рас екен-ау.

 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз